Жаңалықтар

Халықаралық мектептің құрылысы басталады

Инвестиция

Келер жылы Ақтөбе қаласында бой көтеретін мектеп ғимаратын Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары салады.

Кеше облыс әкімі Асхат Шахаров «International Community Schools» мектебінің құрылтайшысы, Басқарушы директоры Мұхаммед Шаммамен кездесіп, жеке мектептің құрылыс жұмыстарына қатысты мәселелерді талқылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторларды тартуға және инвестициялық жобаларды қолдаудың маңыздылығына аса мән беріп келеді. — Қазақстан —инвесторлар үшін тартымды ел. Ақтөбеде халықаралық деңгейдегі мектеп салу туралы бастамаңызға өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз. Алдағы уақытта басқа да жобаларыңызды жүзеге асырамын десеңіз, біз қолдауға әзірміз, — деді облыс әкімі.

Инвестор бұл мектепке 6,6 млрд теңге қаржы салады. 2025 жылы пайдалануға беру жоспары бар. Бүгінгі күні облыс орталығынан 3 га жер бөлінген. Жобалық құжаттамасы дайын болған соң, мемлекеттік сараптамаға жіберілмек. Инвестор өз кезегінде жоба бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Сізбен кездескенге дейін салалық басқарма басшыларымен жолығып, бұл жоба туралы жан-жақты сөйлесіп, өзекті мәселелерді талқыладық. Оқу-ағарту министрлігімен де ынтымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені осы елдің білім жүйесіндегі стандарттарды, бағдарламаларды, сондай-ақ оқу ақыларын білуіміз керек. Біз бұл мектептің әрбір ақтөбелік үшін қолжетімді болғанын қалаймыз, — деп Мұхаммед Шамма өз сөзін түйіндеді.

Жоба бойынша білім ордасы 720 орынға лайықталған. Жобаның ерекшелігі — оқушылар математика, физика, ағылшын тілін тереңдетіп оқиды. 7-15 жас аралығындағы балалар 3-8 адамнан құралатын шағын топтарда білім алады. Оқу бағдарламасы аясында оқушылардың орта арнайы мамандықтар бойынша сертификат алуға мүмкіндігі бар.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button