Жаңалықтар

Өнім сапасы жоғары болуға тиіс

Тұтынушылардың құқығын қорғау

Тұтынушылардың құқығын қорғау жолында депутаттар, қоғамдық ұйымдар, санитарлық дәрігерлердің, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жұмылып жұмыс жасап жатыр.
«Сапалы өнім» қоғамдық тұжырымдамасы аясында дүкендер мен супермаркеттер сөрелеріндегі тауарлардың сапасын бақылайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оны облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Вишняк басқарады.
— Сауда және интеграция министрлігі ұсынған «Сапалы өнім» қоғамдық тұжырымдамасы тұтынушылардың мүддесін қорғайды, сондай-ақ тұтынушылар мен қоғамдық институттарға сапалы және қауіпсіз өнімге байланысты құқығы туралы батыл айтуға мүмкіндік береді. Бұл өркениетті нарықтық қатынастарды құрудың тиімді жолдарының бірі, — деді Сергей Вишняк.
Жұмыс тобы ең алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қадағалауды жоспарлап отыр. Қоғам белсенділерінің жұмыс ауқымы бірте-бірте кеңейіп, бөлшек сауда нарығын да бақылауға алатын болады. Сөйтіп, жұмыс тобы сапасыз және арзан импорттан ішкі нарықты қорғау мәселесін жіті қадағаламақ. Бұл туралы қоғам белсенділерінен құралған жұмыс тобының бірінші отырысында айтылды.
— «Сапалы өнім» жобасының негізгі бағыты — нормативтердің бұзылуын, тұтынушылардың құқығын және жосықсыз бәсекелестікті бұзатын әрекеттерді анықтау, — деп тағы да атап өтті Сергей Вишняк.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жұмамұрат Алдашев атап өткендей, тұтынушылардың құқығын қорғаудың тиімділігін арттыру тек мемлекеттік органдардың қызметіне ғана емес, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік емес институттарға да тікелей байланысты. Оның айтуынша, осы жылдың он айында облысымыздағы қоғамдық бірлестіктер тұтынушылардың 1050 шағымын қараған. Оның 577-сі шешімін тауып, 364-іне түсініктемелер беріліп, құқықтық көмек көрсетілген. Нәтижесінде 28,8 миллион теңге тұтынушыларға қайтарылыпты.
Жұмыс тобының мүшелері мәселені жан-жақты талқылап, құқықтық жадынама әзірледі. Айта кету керек, «Сапалы өнім» тұжырымдамасы аясында тұтынушылар тауар сатылатын орындарға барған кезде барлық іс-әрекеттерін фото, аудио, бейнежазбаға түсіруге құқылы. Егер өнім талаптарға сәйкес келмесе, тамақ өнімдерінің сәйкестік декларациясының күші жойылады.

Марина НҰРАЛОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button