Жаңалықтар

Жаңбырдың әлегі ме?

Ойтүрткі

Арайлым НҰРБАЕВА,

 «Ақтөбе»

«Бақыт болып жаушы, жаңбыр, менің әсем қалама…» деген өлеңді бала кезде барлығымыз жаттап өстік. Иә, жаңбыр жауса, табиғатқа жан бітеді, көңіліңді сергітеді, егіннің, шөптің бітік шығуына да жаңбыр суының әсері мол. Алайда қазір жаңбыр жауса, әсіресе нөсерлетсе, қалалықтар әбігерге түсетін болды. Көше жаңбыр суына толып, жаяу жүргінші түгілі, көлік қозғалысы үшін қиындық туындайды, жолдар жабылады. Жақында осындай көрініс интернетті шарлап кетті. Сәл ғана жауған жаңбыр суы қаланың Батыс-2 шағын ауданыныңкөшесіне лық толды. Соның салдарынан бір көліктің ішіне су кіріп, іштегілердің капотқа шығуына тура келіпті…

Нөсер жаңбыр — қала инфрақұрылымы үшін үлкен сынақ. Қазір мұндай жағдайда қолданыстағы нөсер кәріздерінің қуаты жетпей жатады.

Жақында бір танысым кезінде Ақтөбе қаласының негізгі көшелері мен бас даңғылдарында үлкен арықтардың болғанын, суағарлардың мерзімінде тазаланып, көктемгі, күзгі жауын-шашындарда еріген қар, жаңбыр суының сол арықтар бойымен ағып жататынын, ол кездері қазіргідей проблеманың ешбірі болмайтынын айтты.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір облыс орталығы аумағында еріген қар және жаңбыр суын өткізетін 61 шақырымдық арық жүйесі бар. Сонымен қатар 45 дренаждық-жинақтау құдығы мен 5 сорғы су айдау бекеті және бар. Осы нысандарды қоқыстан, балшықтан тазарту жұмыстарына қазір 12 бригада жұмылған. Өткенде шаһар басшысы Азамат Бекет қала аумағындағы нөсер кәріздері мен суағарлардың, арықтардың жай-күйін өз көзімен көріп қайтты. Оның айтуынша, Батыс-2 ауданында болған жағдайға тұрғындардың өздері кінәлі. Суағарға құрылыс материалдарын біреулер лақтырып кеткен. Соның салдарынан су жүрмей, жаңбыр суы лезде көшеге жайылған…

Қыста көшелерге себілген инертті материалдардың нөсер кәріздері үшін зиянды екенін де естіп жатамыз. Яғни олар кәріз көздерін бітеп, судың қалыпты ағуына кедергі келтіреді екен. Мәселен, көршілес Ресейде нөсер кәріздерінің 60-80 пайызы тозған. Сапалы тазарту жұмыстарының жүргізілмеуінің салдарынан кәріздерде су өткізу қабілеті жеткіліксіздігі туындап, қалаларды су басу жағдайлары жиі тіркеледі. Ал басқа елдерде бұл мәселе қалай шешілген? Бұрын АҚШ пен Еуропада кәдімгі нөсер кәрізі болған. Алайда мұндай нысандар су көлеміне төтеп бере алмаған. Сонымен қатар қала көшелерін жуған кезде зиянды заттар нөсер кәріздері арқылы теңіздер мен мұхиттарға құйылады деген желеумен эко-қозғалыс мүшелері қарсы шыққан. «Жасыл қала, таза сулар» бағдарламасы осылай пайда болған. Мәселен, Филадельфияда 2006 жылдан бастап 1500 шаршы метрден асатын жаңа құрылыс нысандарының жасыл аймақтарының болуы заңды түрде бекітілген. Бұл аймақтар 3 сантиметрге дейінгі жауын-шашынды сіңіре алады. Бұл — қалалық кәрізге жүктемені бірнеше есе азайту үшін жеткілікті.Дәл осындай жүйе Австралияда, Ұлыбританияда, Францияда, Норвегияда, Швецияда, Финляндияда және басқа елдерде жұмыс істейді.Қалаға зиян келтірмес үшін нөсер жаңбырмен күресудің тағы бір нұсқасы —био-батпақты жерлер.Бұл — арнайы жасалған жасанды рельеф-батпақтарға ұқсайтын, қамыс, қияқ және басқа да соған ұқсас өсімдіктері бар кішкентай жасыл аймақтар. Олар суды жақсы сіңіреді және көшеге таралуына жол бермейді.

Біз жасыл аймақтар мен био-батпақтар идеясын айтпай-ақ қояйық, қолданыстағы нөсер кәрізін күтіп ұстап, уақытында тазалап алсақ, сол олжа. Ол үшін «жаңбыр, жаумай қоя тұр» дейтін шығармыз…Кеше  қалада қар жауып бастады…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button