Жаңалықтар

Жатақханалар тексерілді

Рейд

13-17 қараша аралығында облыстық төтенше жағдайлар департаментімен полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп, «Жатақхана» рейдтік іс-шарасын өткізді. Мақсат — өрттің алдын алу және жатақхана тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

— Жатақхана — адамдар көп жиналатын орын, сондықтан мұнда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау өте маңызды. Тәжірибеде көрсеткендей, өрт көбінесе тұрғындардың салғырттығынан туындайды. Нәтижесінде олардың өздерімен қатар,бөлмелес көршілері де зардап шегеді.

Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде инспекторлар бірінші кезекте электр сымдарының техникалық нормаларға сәйкес келуіне және электр қалқандарында қолдан жасалған құрылғылардың болмауына назар аударды, — деген төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженері Запира Аманжолова рейд кезінде көптеген заңбұзушылық анықталғанын айтты.

Тексеріс кезінде жатақхананың эвакуациалық жолдарындағы еденге линолеум жабылғанын, ал кейбірі майлы бояумен боялғанын анықтадық. Ережеге сәйкес дәліздің еденіне линолеум жайылса, оның отқа төзімділігі жоғары болуы керек және ол арнайы сертификатпен расталуы қажет. Сондай-ақ жатақханалардың көбінде автоматты өрт дабылы, ескерту және эвакуацияны басқару жүйелері жоқ. Тіпті өрт сөндіретін алғашқы құралдар да  болмай шықты. Ал кейбірінде болғанымен, дұрыс жұмыс істемейді, — дейді аға инженер.

Сондай-ақ ол тұрғындарға электр желілерін жөндеу кезінде міндетті түрде маман кеңесіне жүгіну керектігін айтты.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері облыста 452 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 9 адам қайтыс болып, 11 адам түрлі жарақат алған.  Материалдық шығын 278 миллион теңгеден асады.

Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 102 телефон нөміріне қоңырау шалып, хабар беріңіз. Есіңізде болсын, эвакуациялау кезінде лифтті пайдалануға қатаң тыйым салынады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button