Экономика

Өнеркәсіп көлемі — 2,1 триллион теңге

Биыл он айда өңір экономикасына 804,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өсім — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайыз. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұртуған Уралбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін аймаққа 1,1 триллион теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Брифингте ол биыл өңірде іске асырылған маңызды әрі ірі жобаларды атап өтті. Олардың қатарында Дөң тау-кен байыту комбинатында шламдарды қайта өңдеу бойынша байыту фабрикасы, ішкі нарықты қажетті мұнай жабдықтарымен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстандық мұнай жабдығы зауыты» ЖШС мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіретін зауыт сияқты жобалар бар.

— Облыс экономикасында жалпы өңірлік өнімнің 40 пайыздан астамы өнеркәсіптің үлесінде.Бүгінгі таңда біз ай сайын 70-ке жуық ірі және орта кәсіпорынға мониторинг жүргіземіз. Облыстағы барлық өнеркәсіптің 90 пайызын орта және ірі кәсіпорындар қамтиды, — деді Н.Уралбаев.

Мәлім болғандай, биыл он айда аймақта өнеркәсіптің жалпы көлемі 2,1 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібі — 1,1 триллион теңге, өңдеу өнеркәсібінің көлемі —838,5 миллиард теңге.

Өнеркәсіп көлемін арттыру бағытында биыл мамырда Ақтөбе рельс арқалығы зауытының қолданыстағы желісін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар «Газ процессинг компани» серіктестігі Қожасай кен орнында бастапқы газдың резервтік агрегатын орната отырып, мұндағы газды кешенді дайындау қондырғысын кеңейту бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ меморандум аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №1 және №2 балқыту цехтарының газ тазарту жүйелерін жаңалау жұмыстары да қолға алынды. Мұндай шаралар жоспарды артығымен орындауға ықпал етпек, — деді Н.Уралбаев.

Брифинг барысында спикер аймақта жер қойнауын пайдаланушылардың,

облыс үшін ең маңызды міндеттеме — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға негізделген аударымдар, келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелердің орындалуына қатысты жүргізілген талдау нәтижелері бойынша ақпараттандырып, журналистер сауалына сауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button