Ауыл

Қайрат қойшының бір күні

Ғабит Мүсіреповтің 1964 жылы жазған «Айгүл қойшының бір күні» атты шығармасы бар еді.Жиырма жылдай қой бағумен айналысқан, «даланың меңіреу үнсіздігіне бала жасынан үйренген» Айгүлдің бір күні ғана әңгімеленген шығарманың ар жағында малшы қауым тіршілігіндегі қиындықтар әдемі суреттелген еді ғой…

Қобда ауданындағы «Нұран» шаруа қожалығының қойшысы Қайрат Бекдәулетовпен сөйлескенде сол шығарма еріксіз ойға оралды.

Терісаққан ауылының тұрғыны қойшы Қайрат та Ғабит Мүсірепов шығармасының кейіпкері секілді даланың меңіреу үнсіздігіне бала жасынан үйреніп, етек-жеңді түре, қойын-қолтықты қуалай соғатын күз бен көктемнің азынау желіне де, қыбыр-қыбыр қозғалған момын малдың өнімсіз қозғалысына да көндіккен.

Сондықтан болар, сұхбат барысында «менің жұмысым қиын» деген бір сөз айтқан жоқ.

Таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай жүретін шопанның басты тілегі — алдындағы малын ит-құсқа жем қылып алмау.

— Марқұм әкем Санай отыз жыл «40 лет октября» ұжымшарының қойын бақты. Ол кезде баламыз. Жаз шығып, сабақ аяқталысымен біз де жайлауға қарай тартатынбыз.Жайлауға мал бағуға емес, асыр салып ойнау үшін баратын едік. Ойнап жүрсек те, әкемнің әрбір әрекеті әлі күнге дейін көз алдымызда. Бұл ауылдың ішінен гөрі сыртын, яғни далалықты жақсы көремін. Үнсіз далада өзімді еркін сезінемін, — деді мал шаруашылығының қыр-сырын жақсы білетін кейіпкеріміз.

Бала кезінде өскесін малшы болуды ойламағанмен уақыт өте келе тағдыр Қайратты әкесі жүрген «жолға» түсірді. Шамамен осыдан жеті жыл бұрын ауылда төрт түлікті теңдей өсіріп отырған «Нұран» шаруа қожалығына малшы болып жұмысқа орналасады.

— Қазір алдымда 300-ден астам қой бар.Жағдайым жақсы. Балаларым мектеп жасында болғандықтан әжесімен бірге Терісаққанда тұрады. Өмірлік серігім, балаларымның анасы менің қасымда. Жұмыстан келгенде ас-суымды дайындап қояды. Шаруа қожалықтың басшысы — жақсы жігіт. Еңбекақымды уақытында төлеп тұрады, шаруам болса демалыс аламын. Барлық жағдайымды жасап отырғаннан кейін алдымдағы малды дұрыстап бағамын, — деді ол.

Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді… Қайраттың қойларына қасқыр шапқан кезде болған. Бірақ кәсіби қойшының арқасында шығын болмапты.

Әлгі шығармадағы қойшы Айгүл «Қасқырсай» деген шұңқырлы жер өзен толғанда, өткел бермейтінін жақсы білетіні секілді, бұл аумақта да жас төлге қауіп тудыратын өзендер бар. Қайрат қойды Терісаққанның бойына иіретінін айтты.Бұл жерден қозыларды аман алып өту үшін де қойшының ептілігі қажет.

— Қойды да, қолымыз тисе, ірі қараны да қарай береміз. Жаз айларында жемшөп жинау жұмыстарына араласамыз. Әр түлікті бағудың өз ерекшеліктері болады. Қой бағу мен үшін аса қиын емес.

Қойдың қоздайтын кезеңі — шопандар үшін үлкен науқан. Жауын-шашын бар, қоздаған уақытында қозысын алмайтын жас саулықтар болады, біз үшін сол кездің әбігері көп. Ал қыста жемшөбі жақсы болса, қой күйлі шығады.

Бұл аумақты бес саусағымдай жақсы білемін. Сондықтан қыс пен жаздың мен үшін үлкен айырмашылығы жоқ, — деді шопан.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button