Денсаулық

«Отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің…»

Қазіргі таңда тіс емдеу емханаларына таңдау көп. Таңдау көп жерде ең бірінші сапаға мән беріледі. Тұрғындар қалаған стоматологиясына кез келген уақытта бара алады. Бірақ тіс емдетудің қалтаға салмақ түсіретіні белгілі. Осы орайда Ақтөбе қаласындағы тіс емдеу емханаларына барып, тәжірибелі стоматологтермен тілдескен едік…

Тегін ем кімге тиесілі?

Кейінгі жылдары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен белгілі бір санаттағы адамдарға стоматологиялық қыз­­меттер тегін көрсетіліп келеді. Алайда мұны әлі көп адам біле бермейтін сыңайлы. Себебі мамандар аталған жүйе аясында тісін емдетушілердің қатары енді-енді артып келе жатқанын айтады. Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасы бет-жақ хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрхан Тасбөгетұлы стоматологиялық қызметтерді қалай тегін алуға болатынын айтып берді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар адамдар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурулармен және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар тегін пайдалана алады. Жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Жоспарлы стамотологиялық көмекке тісті рентгенге түсіру және тіс жұлу кіреді. Ал қалған қызметтер ақылы тіс емханаларында жүргізіледі, — дейді ол.

Нұрхан Тасбөгетұлының айтуынша, жедел жәрдем ауруханасына келіп, тіс жұлдырушылар саны артқан. Алайда бұл қызмет түрлері белгілі бір санаттағы адамдарға ғана тиесілі болғандықтан, жоғарыдағы санатқа кірмейтін адамдар тісін тегін емдете алмайды.

Тіс дерті асқынса, ас қорытудан бастап жүрекке, бүйрек-бауырға, тіпті іріңдесе, миға да залал келтіреді. Тіс емдету құны арзан емес. Жедел жәрдем ауруханасының бет-жақ хирургия бөлімшесінде арнайы санаттағы емделушілер ғана тісін жұлдырта алады. Стоматологиялық кабинет кешкі сағат 20.00-ден бастап жұмыс істейді. Мамандарымыз жоғарыдағы санатқа кірмейтін адамдарға да көмек көрсеткісі келеді. Өкінішке қарай, бұл мәселенің шешімі табылмай тұр. Осы мақсатта жергілікті жекеменшік стоматологиялардың басшыларымен кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Халыққа тегін стоматологиялық қызмет көрсететін арнайы орталық болғаны дұрыс, — дейді ол.

Тіс емдеу құны неге қымбат?

Тісіңіз ауырып, стоматологиялық орталыққа барсаңыз, бір тісті емдету үшін 18 мың мен 50 мың теңге аралығында, ал жұлдыратын болсаңыз, 7 мың мен 20 мың теңге аралығында ақшаңызды шығындауға дайын болыңыз. Біз осы орайда тіс дәрігерімен сөйлесіп, олардың да пікірін білген едік…

Стоматолог маманның айтуынша, тіс емдеу оңай іс емес. Әсіресе емханаға келген науқастың аллергиясының бар-жоғы міндетті түрде тексерілуі қажет. Стоматолог Елтай Сайманұлы зейнеткерлер мен студенттерге де жеңілдік жасайтынын айтады.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы екі стоматология аштым. Күніне 40-тан астам емделуші келеді. Тіс емдету құны жылдан-жылға шарықтап барады. Оның басты себебі — құрал-жабдық пен материалдың шетелден әкелінуі. Біздің стоматологияда тіс емдетудің барлық түрі қарастырылған. Тіс емдету — 18 мың, тіс жұлу — 6 мың, брекет салдырту — 60 мыңнан 300 мың теңгеге дейін, керамика тісінің бағасы 18 мыңнан 65 мың теңгеге дейін жұмыстың күрделілігіне байланысты өседі. Мұнда екіжақты келісімшартқа сәйкес Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері 20 пайыз жеңілдікпен тісін емдете алады. Сонымен қатар көпбалалы аналарға, ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдан келгенше жеңілдік жасауға тырысамыз, — дейді стоматолог.

Қазір тісті алмастыратын импланттар сұранысқа ие екен. Елтай Сайманұлының айтуынша, импланттар Оңтүстік Корея, Израиль, АҚШ, Жапония сынды мемлекеттерден, пломбалық материалдар Германиядан әкелінеді. Тіпті жансыздандыратын екпенің өзі АҚШ пен Франциядан, Швециядан тасымалданады. Ал оның бір ампуласының орташа құны — 15-20 мың теңге. Мұның бәрі стоматологиялық қызмет құнының шарықтауына әкеліп отыр.

Қазір медицинада тіске имплант орнату кеңінен қолданылады. Имплант сүйекке бекітілетін бөлігі мен үстіне бұралатын тіс сауытынан тұрады. Шамамен, бір тістің бағасы 150 мың теңгеден басталады. Имплантолог мамандығын игеру үшін Астана, Алматы, Атырау қалаларында арнайы курс оқыдым. Биыл мамыр айынан бері 100-ге жуық адамға имплант тістерін салдым. Кез келген адамға имплант тістерін салуға болмайды. Себебі оның жанама әсері бар. Сондықтан міндетте түрде емделушінің медициналық картасы қаралады.

Имплант салар алдында, ең алдымен, компьютерлік томография жасаймыз. Бұл жақ сүйектің қалыңдығын, жалпақтығын қарау үшін қажет. Соған байланысты импланттың өлшемін аламыз. Сүйектің астында нерв жүйесі болады. Имплант оған жетпей орналастырылуы керек. Сондай-ақ қанның ұюын бақылау және вирустық, бактериалдық аурулары бар-жоғын анықтау үшін қан тапсырады. Әрине, ең алдымен, ауыз қуысының микрофлорасы таза болуы керек. Имплант тістерін салу үшін кемінде 3 айдан астам уақыт кетеді, — дейді ол.

Қазір жастар тісін түзеймін деп брекет салуға үйір. Алайда брекеттің де пайдасына қоса зияны да бар дейді мамандар. Металл брекеттердің бағасы 60 мыңнан басталады. Сапфирден жасалған мөлдір брекеттердің бағасы тіптен жоғары.

— Стоматологиялық қызмет түрлері кеңейген сайын адамдардың да сұранысы арта түсті. Мәселен, жастардың дені тістеріне Skyce және брекет салдыруға әуес. Skyce — эстетикалық стоматологияда кең қолданылатын әдіс.  Ол тіс эмалінің үстіне сәндік бұйым ретінде салынады. Оның құны — 8 мың теңгеден басталады.

Брекеттің бірнеше түрі бар. Көп қолданылатыны — темірден жасалған түрі, ал металға аллергиясы бар адамдар алтыннан жасайды. Керамикадан, ақ түсті сапфирден жасалған брекеттер көзге көп байқалмайды. Сондай-ақ тістің ішкі жағына қойылатын брекеттер де бар. Салыстырып қарасақ, темірден жасалған брекет арқылы аз уақытта жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Брекет тістің эмалінің бүлінуіне және босауына әсер етуі мүмкін. Егер науқастың иммуннологиялық, онкологиялық, психоневрологиялық аурулары болса, қант диабетімен ауырса, брекет қондыруға болмайды, — дейді стоматолог.

Балалардың тісін емдету — тегін

Балалардың тісін емдетудің мүмкіндігі кеңейді. Дәлірек айтсақ, қалалық балалар стоматологиялық емханасында МӘМС жүйесі арқылы балалар тісін тегін емдете алады. Балалар стоматологі Гүлсім Тасимованың айтуынша, қазір балалардың тісін емдейтін екі бөлімше қызмет көрсетеді.

Биыл 87319 баланың тісін емдеп, стоматологиялық қызмет көрсеттік. Тіс емханасында екі хирургиялық және 6 емдеу кабинеті жұмыс жасайды. Балалардың тілін тауып, олармен жұмыс істеу үшін икемді болу керек. Ата-аналар балалардың тісі ауырып, асқынып кеткенінше күтпей, жылына екі рет тексерістен өткізіп тұруы керек.

Балаларда әр тістің өзінің түсетін, орнына тұрақты тіс шығатын уақыты болады. Мысалы, қазір 6 жаста түсетін тісті 2-3 жаста жұлдырып жатады. Ерте жастан жұлынса, тұрақты тістің шығуы кешеуілдейді. Олардың шығу уақыты бұзылғаннан кейін өзінің орнынан емес, басқа жерден қисайып шығады. Ал қисық өскен тіс салдарынан тамақ шайнау қалыпты болмайды да, тіс жегі пайда болады.

Тісті күніне екі мезгіл тазалап, тұзды сумен де шайып тұру артық етпейді. Бес минут сағыз шайнаудың да өзіндік пайдасы бар екен. Ол ауыз қуысындағы тіске жабысқан қалдықтардың сағыз арқылы шығуына көмектеседі. Тістің кальцийін арттыру үшін айран, сүзбе, тағы басқа қазақтың ұлттық тағамдарын тұтыну өте пайдалы. Әрине, тәттіқұмарлар тәттіні мөлшерімен пайдаланбаса, тіс жегісіне әкеледі, — дейді балалар стоматологі.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button