Білім

«Күншуақ» — шуақты мекен

Ақтөбеде елімізде баламасы жоқ «Күншуақ» сауықтыру лагері бар. Жыл бойы жұмыс жасайтын демалыс орны ерекше қажеттілігі бар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын қамтумен де ерекшеленеді. Биыл лагердің құрылғанына 5 жыл толды.

Біз лагерьдің тыныс-тірлігі туралы облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанмен сөйлескен едік. 

Жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь

2018 жылы «Күншуақ» лагері «Бақытты бала» жобасы аясында ашылды. Ол Алға ауданындағы Бестамақ ауылынан үш шақырым қашықтықтағы Қазақстанның киелі жерлер географиясына енген Есет батыр кесенесі жанында орналасқан. Лагерь бұрынғы Алға балалар үйіне қарасты демалыс орнының ізі. Мұндағы ғимараттардың бәріне күрделі жөндеу жүргізілді.Лагерьдің инженерлік инфрақұрылымы (су құбыры, жылу, кәріз жүйелері) толық жаңартылып, жабдықталды. Сөйтіп, балалардың игілігі үшін жұмыс жасап жатыр. Бастапқы кезде мұнда даун, аутизм секілді диагнозы бар ерекше балалар қабылданды. Кейін жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тобын аштық. Қазір әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары да демалып жатыр, — дейді Жайық Сұлтан.

Жыл бойы жұмыс істейтін лагерь 7-15 жастағы балаларға арналған. Мұнда тоғыз бір қабатты тұрғын үй бар. Оның 4-еуі жыл бойы, ал қалған 5 ғимарат жаз айларында пайдаланылады. Әдетте маусым, шілде, тамыз айларында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы және аз қамтылған отбасының балалары қабылданады. Жаз мезгілінен басқа маусымдарда бір ауысымда 54 баладан демалады екен. Ал жаз мезгілінде әр ауысымда 134 баладан қабылданады. Ауысымның ұзақтығы — 14 күн.

Лагерьдің қала сыртында орналасуы әрбір балаға тамаша табиғат аясында тыныстауға мол мүмкіндік береді. Лагерьдің таза ауасы, мөлдір суы баланың денсаулығын нығайтып, көңіл күйіне қуаныш сыйлайды.

Лагерьде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтыру шараларын ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Демалыс кешенінде заман талабына сай жабдықталған клуб, асхана, медпункт жұмыс істейді. Сенсорлы үйшік, емдік-денешынықтыру және ойын бөлмесі бар.  Сонымен бірге балалардың арнайы ойын алаңдары, ойын кешендері (карусельдер, әткеншектер, төбешіктер) бар. Интернет желісі де қолжетімді. Кәсіби аспаздар әзірлеген тағамның дәмі тіл үйіреді. Демалушыларға тәулігіне бес реет тамақ беріледі, — дейді басқарма басшысы.

Лагерьде балаларға иппотерапия әдісі бойынша оңалту курстары ұйымдастырылған. Ерекше балаларға психолог, дефектолог, логопед мамандары тарапынан үздіксіз психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі.

Арттерапия  — баланы дамытудың тиімді әдісі

Баланың саусақ қимылдарын дамыту, ақыл-ойын жетілдіру, эмоциялық ерік-жігерін дамыту, шығармашылық өнерге қызығушылығын арттыру мақсатында қолөнер және музыка үйірмелері жұмыс жасайды.

Лагерьде қолөнер, музыка үйірмелері және спорт секцияларының жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған. Сыйымдылығы 100 орындық клубта мерекелік кештер, концерттік бағдарламалар жиі ұйымдастырылады. Клуб қажетті құрал-жабдықтармен, соның ішінде дыбыс-бейне аппаратурасымен де қамтылған. Мекеме жанынан құрылған «АДД» вокалдық-аспаптық ансамблі бар. Оның мүшелері — лагерь қызметкерлері. Ансамбльдің топтық және жеке дайындық сабақтары жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Дайындық музыкалық сауаттылыққа, оқушылардың вокалдық қабілеттерін шыңдауға, түрлі аспаптарда ойнауға, әншіні музыкалық сүйемелдеуге үйретуге бағытталған, —  дейді Жайық Исаұлы.

Оның айтуынша, демалыс орнында еңбек терапиясы қызметі де жүйелі жолға қойылған.

Еңбектерапиясы балалардың шамасы келмейтін қимыл-қозғалыс дағдыларын жақсартуға септігін тигізеді. Сондай-ақ емнің бұл түрі — олардың еңбекке қабілеттілігін жеке еңбек түрін пайдалану жолымен қайта қалпына келтірудің белсенді әдісі. Ем-шара барысында ерекше қажеттілігі бар балалар  тоқуды, іс тігуді үйренеді,ермексазбен, моншақпен жұмыс жасайды. Баланы дамытудың ең тиімді тәсілдерінің бірі — арттерапия. Арттерапия дегеніміз — сурет салу арқылы бала жанын емдеу.  Терапияның бұл түрі баланың шығармашылық қабілетін дамытумен бірге, оның бойындағы барлық ресурсты ашуға мүмкіндік береді. Арттерапияны көбіне бала эмоционалды күйзеліске түскенде, адамдармен қарым-қатынаста қиналғанда қолданған тиімді. Аталған емдік әдіс өз-өзіне сенімсіз, ұялшақ балаларды жігерлендіреді.    

Демалыс орнында салауатты өмір салтын қалыптасыру мақсатында жүйелі түрде денешынықтыру сабағы өтеді. Лагерь аумағында арнайы спорт алаңдары бар. Жалпы, «Күншуақ» таңы музыкалық сүйемелдеумен таңғы жаттығуларды жасаумен басталады. Ауысым кезінде балалар баскетбол, волейбол, үстел теннисі, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын үйренеді. 

Мұндағы балалар қыста да спорттан қол үзбейді. Қар қалың жауысымен қысқы спорт түрлерімен айналысады. Олар көп функционалды мұзайдынында, мұз сырғанағында, шаңғы трассаларында шынығады.

Айта кету керек, әрсенбі — спорт күні. Осы күні лагерьде турнирлер, спорттық сайыстар мен ойындар, спорт мерекелері өткізіледі.

Балдырғандарды жазда лагерь қызметкерлері Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионында өтетін  футбол ойындарын тамашалауға апарады. Балалар тартысқа толы матчтарды көріп, футбол жанкүйерлерінің буырқанған сезімдерінің куәгері болады. Әр ауысым сайын балалар отандық мұражайларды қашықтан тамашалайды. Сондай-ақ «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Қасиетті Қазақстан» картасына енген Алға ауданының тарихи ескерткіші Бестамақ ауылында орналасқан  Есет батыр Көкіұлының кесенесіне саяхат ұйымдастырылады.Осылайша лагерь балалар денсаулығын нығайтып, дене тәрбиесін шыңдап, күш жинауға, білімін толықтыруға, жаңа әсер алуына сеп болады, — дейді Жайық Сұлтан.

Лагерь қызметкерлері ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейді екен. WhatsApp әлеуметтік желісінде лагерь педагогтері мен ата-аналар арасында топ құрылған. Осы топта балалардың  қалай демалып жатқаны туралы   фото-есеп    беріліп отырады. Ұл-қыздарының қиялына ерік беріп, олардың жаңа қырынан танылуына септігін тигізетін осындай демалыс орнының барына ата-аналар да дән риза.Музыкалық, спорттық, шығармашылық сайыстарға белсене қатысатын өрендердің қай-қайсысымен әңгімелессең де, лагерьде демалу мезгілін жыл сайын асыға күтетінін, лагерьге келу арқылы көп дос табатынын, түрлі іс-шараларға қатысатынын айтады.

Бүгінде  «Күншуақ» лагерінде 59 қызметкер еңбек етеді. Облыстық білім басқармасы бекіткен жоспар-кестесі негізінде демалыс орнында жыл басынан бері 837 бала  демалыпты.

АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ

Әлия КҮЛЕМБАЕВА, ата-ана, Ақтөбе қаласы:

Меніңекі балам — Алдияр мен Данияр «Күншуақта» демалып келді. Балаларыма лагерь қатты ұнапты. Олар үйге көтеріңкі көңіл күйде келді.Лагерьден алған әсерлерін сөзбен айтып жеткізе алар емес. Мұнда балалардың әр күні қызықты өткен. Емдік шаралармен бірге түрлі ойындар, сайыстар ұйымдастырылған. Үйірмелерге қатысып, жаң аойын түрлерін үйренген. Мүмкіндікті пайдаланып, лагерь ұжымына ризашылығымды білдіремін.

Кәмшат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, ата-ана, Шалқар ауданы:

Менің қызым Айханым «Күншуақта» демалып жатыр. Бұрын үйден ұзап шығып көрмеген соң, «лагерьге үйренісе алмайма екен?» деп алаңдап едім. Сөйтсем,бекер уайымдаппын. Бүгін хабарласып едім: «Анашым, демалысым қызықты өтіп жатыр. Біраз уақыт осында бола тұрайыншы», — деді. Осы бірауыз сөзден көп нәрсені ұғуға болады. Балама шат көңіл сыйлап, жайлы жағдай жасағаны үшін лагерь ұжымына алғыс білдіремін.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button