Саралжындағы сайлау
Ойыл ауданы Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ пен Кемер ауылдарының халқы сайлауға белсенді түрде қатысып жатыр. Түске дейін екі ауыл халқының 70 пайызы өз таңдауын жасаған.
Бестамақ ауылындағы сайлау учаскесіне 115 адам тіркелген. Оның 73-і түске дейін өз таңдауын жасапты.
— Кешкі 8-ге дейін барлығы келіп болады деген ойдамыз. Тұрғындар шаруаларына қарай келіп жатыр. Үйден үш адам дауыс берді, — деді сайлау учаскесінің төрағасы Балтабай Бисенов.
Ал Кемер ауылындағы Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесіне 521 адам тіркелген. Сайлау учаскесінің төрағасы Уәлихан Төлеуғалиевтың айтуынша, түске дейін 350 адам келген.
Дауыс беруге келген ауыл ақсақалы Өтесін Қошқаров пікірін білдірді.
— Бұрынғыдай тағайындау емес, қазір халықтың сайлауы жүріп жатыр. Бұл — аймақтың дамуына үлес қосатын зор мүмкіндік. Ауыл халқы таңғы сағат 7-ден бастап учаскеге ағылды. Үмітіміз зор. Халық сайлаған әкім халықпен бірге болып, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмыс жасайды деп ойлаймыз, -деді ақсақал.
Кәмшат ҚОПАЕВА,
Ойыл ауданы.