Халық сайлаған әкім ел жанашыры болуы керек
Қобда ауданының әкімін сайлауға тұғындар белсенділік танытып жатыр. Аудан бойынша барлығы 31 сайлау учаскесі қызмет етуде. Сайлау барысын 83 бақылаушы бақылап отыр. Сайлаушылардың саны — 10 564. Түске дейін олардың 40 пайызы өз таңдауын жасады. Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 39 азаматтың 11-і учаскеге келіп дауыс бермек.
Аудандағы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ақшолпан Оразованың айтуынша, әсіресе Бесқұдық, Ақырап, Бестау, Жарсай, Білтабанов ауылдарының халқы белсенділік танытып жатыр.
Ал аудан орталығында төрт сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Қобыланды батыр атындағы орта мектепте орналасқан №414 сайлау учаскесіне келушілердің қатары көп. Түске дейінгі төрт сағаттың ішінде 371 адам дауыс берген. Жалпы учаскеге 966 сайлаушы тіркелген.
—Халықтың белсенділігі өте жақсы. Зейнеткерлерден бастап жастарға дейін өз таңдауларын жасап жатыр. Түстен кейін келушілер көбейе түседі деп ойлаймын. Алғашқы келгендерге сыйлықтар бердік. Үйден 11 адам дауыс береді, — деді сайлау учаскесінің төрағасы Разия Жолдыбаева.
Аудан тұрғыны Ақерке Амантайқызы да маңызды шарадан қалыс қалмауды жөн көріпті.
—Соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асып, халықтың саяси өмірге тікелей араласуына мол мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бүгінгі аудан әкімдерін сайлау да осының көрінісі деуге болады. Сондықтан елдің азаматы ретінде мен де өз таңдауымды жасадым. Қазір шүкір, аудан орталығында барлығы бар. Халық бұрынғыдай нан-су үшін қалаға жүгірмейді. Бәрін орталықтан, тиімді бағада алып отыр. Аудан үлкейіп жатыр. Жас кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Ең бастысы ауызбіршілік болса, барлығы ретімен жасалады деп сенемін, —деді Ақерке.
Учаскеге отбасымен келіп те дауыс берушілер бар. Солардың бірі — Сатиевтер отбасы. Жанболат екі баласы мен келіншегін ертіп келіпті. Өзі Қобдадағы балалар өнер мектебінде сабақ береді.
— Халық сайлаған әкім халықтың шешілмеген түйінді мәселелерін шешу үшін жұмыс істейтін болады деп сенемін. Өзім өнер адамы болғанан кейін әкім осы салаға көңіл бөлсе деп ойлаймын. Өнер мектебіне үлкен ғимарат керек. Себебі бір мекемеде үш орталық отыр. Бұл дарынды балаларға тарлық етеді. Бізге жақсы кабинет керек. Бөлек ғимарат салынса, балалардың да жаңа тынысы ашылар еді. Себебі үлкен сахна жоқ. Жалпы жаңа әкімнен көп үміт күтеміз. Жастарға жаңадан жұмыс орындары ашылса, осы мақсатта жұмыстар жүрсе деген тілегіміз бар, — деді Жанболат Сатиев.
Кәмшат Қопаева,
Қобда ауданы.