Спорт

Соңғы сайыс: үш пенальти, бір «қызыл қағаз»

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 2:2  

29 қазан күні биылғы чемпионаттың соңғы, 26-тур ойындары өтті.

Бұл турдың нәтижесі турнир кестесінің бастапқы жағында тұрғандар үшін емес, негізінен соңғы жақта келе жатқандар үшін маңызды болып еді. Әсіресе әр аймақтың жанкүйерлері Бірінші лигаға түсіп қалу қаупі төніп тұрған «Оқжетпес» пен «Мақтааралдың», «Жетісудың», «Шахтердің» ойындары қалай аяқталатынын жіті бақылап отырған.

Ақыры не болды?

Ақыры бүкіл мәселені «Оқжетпес» шешіп берді. Сырт алаңда «Мақтааралмен» тең ойнаған (1:1) көкшетаулықтар 27 ұпай жинады да, бұған дейін 28 ұпайы бар «Жетісу» да, «Шахтер» де, «Мақтааралдың» өзі де тең ойындардың нәтижесінде 29 ұпайға қол жеткізіп, Премьер-Лигада қала беретін болды.

*   *   *

Алғашқы үштік те көптен күткендегідей болып қалыптасты.

Бұған дейін екі рет (2017, 2019) қола жүлдегер болған «Ордабасы» алғаш рет ел чемпионы атанса, «Астана» күміс медальға ие болды, ал «Ақтөбе» қола медальмен қанағаттанды.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Жетісуды» қабылдады.

Ойын Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Бұл күні Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты стадионда жанкүйерлер болмады.

Расына келгенде, бұл ойын есебінің «Ақтөбе» командасы үшін еш маңызы жоқ болып еді деуге де болады. Жерлестеріміздің биыл қола медальға ие болатындығы бұдан бұрын-ақ мәлім болған.

Ал Бірінші лигаға түсіп қалу қаупі төніп тұрған «Жетісуға» ұпай ауадай қажет еді.

Бірінші таймның алғашқы бөлігінде талдықорғандықтар ұпайсыз қалуы мүмкін болып та көрінгендей еді. 2-минутта олардың тосын шабуылдан соң қақпамызға бағыттаған қауіпті соққысын Стас Покатилов кері серпіп үлгергені болмаса, қонақтар аса бір шеберлік көрсетіп жарытпады. Оның есесіне өз алаңымызға қанаттанып шыққан жерлестеріміз сауатты шабуылдар ұйымдастыра білді. Тіпті 6-минутта Рожерио Шина есеп ашып та үлгерді. Өзіне Андерсон Ньянгбо тастаған тамаша пасты асықпай ыңғайлап алған Арман Кеңесов сол аяқпен қақпаға әуелете соққы жасаған еді, әттең, қақпашыдан асып түскен доп сәл қисық ұшып, қақпаның сол жақ діңгегіне тиіп кері серпілді де, осы жерге келе қалған Шина шалт қимылдады, допты аяғының ұшымен жібек торға кіргізе салды — 1:0.

Еркін қимылдаған ақтөбеліктер бұдан соң да екі мүмкіндікке ие болды. Бірақ біріншісінде қақпаға төніп-ақ келген Максим Самородов қақпашы Сергей Ревякиннен айласын асыра алмаса, екіншісінде  Элдер Сантана діңгекті «көздеді». Осы шамада «Жетісу» қарсы шабуыл ұйымдастырып, біздің Әділхан Таңжарықов айып алаңымызда ойын тәртібін бұзды да, пенальти белгіленді. Он бір метрлік нүктеге Анес Рушевич келді де, пенальтиді сенімді орындады. С.Покатилов сол жаққа қарай құласа, доп оң бұрышқа зып етіп кіріп кетті — 1:1.

Арада көп уақыт өтпей өз айып алаңымызда енді Максим Самородов кінәлі боп қалды. Тағы да пенальти белгіленді. Нүктеге тағы да Анес Рушевич келді. Осының алдындағы көрініс тағы да сол күйі қайталанды да қойды — 1:2.

Алаң иелері, әрине, бұл есепке көнгісі келген жоқ. Шабуылды үдете түсті. Үзіліс алдында Сантана қарсыластар қақпасының алыс түкпіріне қарата тәп-тәуір соққы жасап еді, Ревякин қақшып түсті.

Ал екінші таймның басында алаң иелері зор мүмкіндікке ие болды. Енді пенальти соғуға «Ақтөбеге» құқық берілді. Мәди Хасейн екінші рет ескерту қағазын алды да, алаңды тастап шығуға мәжбүр болды. Ал пенальти орындауға Максим Самородов келді. Обалына не керек, талдықорғандық қақпашы соққының бағытын дәл аңғарып үлгерді, дегенмен доп қолына ілікпеді — 2:2.

60-минутта жетісулық қорғаушылармен жағаласа жүріп Сантана және бір гол енгізіп жіберген. Дегенмен Элдер қолмен ойнады деген желеумен бұл гол есепке алынбады.

Бұдан соң да қарсыластарымыздың қақпасына бірнеше қауіп төнді. Дегенмен біресе доп қақпа маңдайшасынан асып түсті, бірде қақпашы шеберлік көрсетті, әйтеуір, ойын тең есеппен аяқталды.

Жалпы, «Ақтөбе» ұтқан күнде де үшінші орында қала беретін еді, «Жетісу» ұтылған күнде де Бірінші лигаға сырғымайтын еді.

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 2:2.

Гол авторлары: Рожерио Шина, 6-минут (1:0); Анес Рушевич, пенальти, 32-минут (1:1); Анес Рушевич, пенальти, 38-минут (1:2); Максим Самородов, пенальти, 53-минут (2:2).

52-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Мәди Хасейн («Жетісу») алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан)​, Лука Гадрани, Дмитрий Яшин, Әділхан Таңжарықов, Леонел Струмия, Арман Кеңесов (Милош Раичкович, 66-минут), Андерсон Ньянгбо (Бауыржан Байтана, 46-минут), Рожерио Шина (Дмитрий Бессмертный, 77-минут)​, Элдер Сантана (Абылайхан Жұмабек, 82-минут), Максим Самородов (Андрия Филипович, 66-минут).

Бас бапкер — Андрей Карпович.

29 қазан 2023 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. Жанкүйерсіз өткізілді.

*   *   *

Соңғы турды басқа командалар былай аяқтады:

«Ақсу»-«Тобыл» — 0:3

«Каспий»-«Ордабасы» — 1:0

«Оқжетпес»-«Мақтаарал» — 1:1

«Шахтер»-«Астана» — 1:1

«Атырау»-«Қайрат» — 0:0

«Қызылжар»-«Қайсар» — 0:1

*   *   *

Чемпионатта барлығы 182 кездесу өтті. Қақпаларға 445 гол соғылды, әр ойында орта есеппен 2,45 доп өткізілді.

Чемпионаттың үздік сұрмергені — Жоао Пауло («Қайрат»). Ол 25 ойында 17 гол соғып, 4 рет нәтижелі пас берді.

 ЧЕМПИОНАТТЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ КЕСТЕСІ

  1. «Ордабасы» (Шымкент) — 58 ұпай;
  2. «Астана» (Астана) — 53 ұпай;
  3. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 50 ұпай;
  4. «Қайрат» (Алматы) — 44 ұпай;
  5. «Қызылжар» (Петропавл) — 39 ұпай;
  6. «Қайсар» (Қызылорда) — 36 ұпай;
  7. «Атырау» (Атырау) — 34 ұпай;
  8. «Тобыл» (Қостанай) — 34 ұпай;
  9. «Мақтаарал» (Атакент) — 34 ұпай;
  10. «Шахтер» (Қарағанды) — 29 ұпай;
  11. «Жетісу» (Талдықорған) — 29 ұпай;
  12. «Оқжетпес» (Көкшетау) — 27 ұпай;
  13. «Каспий» (Ақтау) — 20 ұпай;
  14. «Ақсу» (Павлодар) — 18 ұпай.

ОРЫН АУЫСТЫРАТЫН ҮШТІКТЕР

Сонымен, Премьер-Лиганы чемпионатта ең төмен нәтиже көрсеткен үш команда тастап шығатын болды:

«Оқжетпес», «Каспий», «Ақсу».

Ал бұлардың орнына Бірінші лигадан үш команда келмекші:

«Елімай» (Семей), «Тұран» (Түркістан), «Жеңіс» (Астана).

ТЕҢ ОЙЫНДАР ТЕЖЕДІ

Жерлестеріміз 26 кездесу өткізіп, 13 рет жеңді, 11 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 50. Доп айырмашылығы — 44:23.

Иә, «Ақтөбе» екі рет жеңілді. Бірінші айналымда «Астанадан» және «Қайраттан» жеңілді, бірақ екінші айналымда екеуін де ұтты. «Ордабасы» командасынан тіпті жеңілген де жоқ, бір рет ұтты.

«Ақтөбені» чемпиондыққа жеткізбеген — тең ойындар. Мысалы, осы чемпионатта «Ордабасы», «Тобыл» командаларын былай қойғанда, ең соңғы орындарда қалған «Оқжетпес», «Каспий» (екі рет), «Ақсумен», турнир кестесінің екінші бөлігінде жүрген «Жетісу», «Мақтаарал» тәрізді командалармен тең есеппен ойнауымыз алтын медальға апарар жолды кесіп тастады.

Төменде ойын нәтижелерін толық ұсынып отырмыз.

Бірінші айналым

  1. «Жетісу»-«Ақтөбе» — 0:1
  2. «Ақтөбе»-«Оқжетпес» — 5:1
  3. «Астана»-«Ақтөбе» — 4:1
  4. «Ақтөбе»-«Қызылжар» — 1:3
  5. «Ордабасы»-«Ақтөбе» — 1:1
  6. «Ақтөбе»-«Атырау» — 4:0
  7. «Тобыл»-«Ақтөбе» — 2:2
  8. «Ақтөбе»-«Ақсу» — 2:1
  9. «Қайрат»-«Ақтөбе» — 2:1
  10. «Ақтөбе»-«Каспий» — 0:0
  11. «Қайсар»-«Ақтөбе» — 0:1
  12. «Ақтөбе»-«Шахтер» — 2:0
  13. «Ақтөбе»-«Мақтаарал» — 1:1

Екінші айналым

  1. «Мақтаарал»-«Ақтөбе» — 1:2
  2. «Шахтер»-«Ақтөбе» — 0:1
  3. «Ақтөбе»-«Қайсар» — 1:0
  4. «Каспий»-«Ақтөбе» — 2:2
  5. «Ақтөбе»-«Қайрат» — 4:2
  6. «Ақсу»-«Ақтөбе» — 1:1
  7. «Ақтөбе»-«Тобыл» — 1:1
  8. «Атырау»-«Ақтөбе» — 0:0
  9. «Ақтөбе»-«Ордабасы» — 2:1
  10. «Қызылжар»-«Ақтөбе» — 0:0
  11. «Ақтөбе»-«Астана» — 2:0
  12. «Оқжетпес»-«Ақтөбе» — 1:1
  13. «Ақтөбе»-«Жетісу» — 2:2

КОМАНДА ЖЕТІСТІКТЕРІ

5 мәрте ел чемпионы: 2005, 2007, 2008, 2009, 2013.

4 мәрте күміс жүлдегер: 2006, 2010, 2014, 2022.

4 мәрте қола жүлдегер: 2011, 2012, 2015, 2023.

2008 жылы Қазақстан Кубогы иегері болса, екі рет (1994, 2014) осы кубоктық бәсекенің финалында ойнады.

Үш рет Суперкубокты жеңіп алды: 2008, 2010, 2014.

2 рет Бірінші лиганың жеңімпазы болғанын да ескерте кеткен мақұл: 2000, 2020.

Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионның сыйымдылығы — 12 800 адам.

«АҚТӨБЕНІҢ» БИЫЛҒЫ МЕРГЕНДЕРІ:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 5 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 5 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 4 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 4 гол;

Андерсон Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 3 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 гол,

Дмитрий Шомко, қорғаушы — 1 гол.

«АҚТӨБЕ» БИЫЛ МЫНА ҚҰРАМДА ОЙНАДЫ:

Қақпашылар: Стас Покатилов (1992), Мирослав Лобанцев (1995), Әлішер Мәмбетжанов (2002).

Қорғаушылар: Лука Гадрани (1997), Әділхан Таңжарықов (1996), Әлібек Қасым (1998), Дмитрий Шомко (1990), Дмитрий Яшин (1993), Ескендір Қыбырай (1997), Тимур Рудосельский (1994).

Жартылай қорғаушылар: Максим Самородов (2002), Милош Раичкович (1993), Леонел Струмия (1992), Арман Кеңесов (2000), Бауыржан Байтана (1992), Ихаб Ганаем (1992), Дмитрий Бессмертный (1997), Нұрдәулет Ізбасаров (2002), Ислам Аманғали (2003).

Шабуылшылар: Элдер Сантана (1993), Андрия Филипович (1997), Франк Андерсон Ньянгбо (1999), Абылайхан Жұмабек (2001), Рожерио Алвеш Шина-Дос Сантос (1996), Роман Изотов (1996).

Командадан әртүрлі себептермен кетіп қалғандар: қорғаушы Даниил Пенчиков (1998), жартылай қорғаушы Артурас Жулпа (1990), шабуылшы Ыдырыс Умаев (1999), шабуылшы Уго Видемон (1993).

Бас бапкер: Андрей Карпович (1981).

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button