Спорт

Тоғызқұмалақ турнирі өтті

Білім беру ісінің үздігі, біліктілігі жоғары санаттағы дене тәрбиесі пәні мұғалімі, тоғызқұмалақтан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары дәрежедегі ұлттық төреші, ҚР спорт шебері Қабидолла Нұршинді еске алуға арналған тоғызқұмалақтан ашық облыстық турнирі биыл үшінші рет өткізіліп отыр.

Қабидолла Аманбайұлы Ойыл ауданының Қайыңды ауылында дүниеге келген. Ташкент қаласындағы мемлекеттік денешынықтыру институтын 1971 жылы бітірген. Жас кезінен классикалық күреспен шұғылданып, спорт шеберлігіне кандидат болды.

1991 жылдан бастап мектептегі мұғалімдік қызметімен қатар, тоғызқұмалақ ойынын дамытуды қолға алып, облыста жаттықтырушы болып жұмыс жасады.

Қалалық, облыстық деңгейде жарыстар, чемпионаттар өткізіп, қалалық мектеп оқушыларының спартакиадасы құрамына, кәсіподақтар спорт жарыстарына тоғызқұмалақ ойынын енгізді.

2002 жылы спорттың санаткерлік түрлері жөніндегі облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылған күннен тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болды. Ол табанды еңбегінің нәтижесінде әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпиондары мен жүлдегерлерін, соның ішінде 5 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 12 Қазақстан Республикасының спорт шеберін, қырықтан астам спорт шеберлігіне кандидат спортшыларды дайындап шығарды.

Олардың арасында Нұрбек Қабиев пен Диана Кенина — әлем,Азия чемпионы. Медет Хұсайынов — Азия, Қазақстан Республикасының чемпионы.

Алмагүл Тақышева, Гүлзат Бақтарбаева, Мұратбек Нұржанов, Аслан Әділханов, Әсел Нұршина, Ботагөз Сағынаева, Мәрзия Бержанова, Динара Күсепова, Бауыржан Төлегенов, Құралай Төлеуова және басқалары республикада топ жарып жүр. Шәкірттердің көпшілігі тоғызқұмалақ жаттықтырушысы болып қызмет атқарады.

Дәстүрге айналған еске алу турнирі биыл да жылдағыдай жоғары деңгейде өтті.

— Жарысқа қатысушылар үш топқа бөлінді: он бір жасқа дейінгілер, он бес жасқа дейінгілер және ересектер. Өз топтарында Нұриддин Әбілқайыр, Ақкенже Қуанышқызы, Темірлан Ғалымжан, Айша Бегалиева, Азамат Қайдаров, Қарашаш Сәтмолдина жеңімпаз атанды. Қабидолла ағамыздың қызы Әсел Нұршина жарыстың демеушісі болды. Ұлттық дәрежедегі төреші Нұрбек Қабиев сайыстың әділ өтуі тізгінін өз қолында ұстады, — дейді облыстық зияткерлік тоғызқұмалақ қауымдастығының вице-президенті Бауыржан Төлегенов.

Тоғызқұмалақтан ашық турнир жеңімпаздарына облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының дипломдары мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button