Экономика

Ақтөбеде үш өнеркәсіптік кластер құрылады

«…Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда».

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Биыл облыста негізгі капиталға салынатын инвестициялардың көлемі — 1,1 триллион теңге. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 683 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл — жылдық жоспарды орындаудың 59,6 пайызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында былтыр елімізге тартылған шетел инвестициясының рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өткен еді. «Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды — экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз», — деді Президент.

Бүгінде облыстың инвестициялық әлеуеті қандай? Жолдауда жүктелген міндеттерге байланысты бұл бағытта аймақта қандай шаралар атқарылып жатыр? Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұртуған Оралбаевты сөзге тартқан едік…

Жеке инвесторлар үлесі

Сарапшылардың мәліметінше, Президент Жолдауының басым бағыты экономикаға бағытталған. Дегенмен барлық экономикалық іс-шаралардың нәтижесі халықтың тұрмыс жағдайына тікелей әсер ететіні белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшудің нақты және тиімді тетіктері айқындалды. Оның айтуынша, бүгінде жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. «Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат — қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», — деді Президентіміз. Жолдауда аталған еліміздің экономикалық өзгерістеріне қатысты осындай тапсырмалар бойынша қазіргі күні облыста нақты іс-шаралар атқарылып жатыр, — деді Нұртуған Оралбаев.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы облыста негізгі капиталға салынатын инвестициялардың көлемін 1,1 триллион теңгеге жеткізу жоспарланған. Биыл өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 683 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім — 107,8 пайыз (2022 жылдың 8 айы — 602,8 млрд теңге). Оның ішінде негізгі үлесті (90 пайыз) жеке инвестициялар қамтиды.

Тоғыз айға арналған жоспар Ұлттық экономика министрлігінің бекіткен декомпозициясына сәйкес 43 миллиард теңгеге асыра орындалды. Жалпы, ағымдағы жылдың соңына дейін негізгі капиталға тартылатын инвестициялар жөніндегі жоспарлардың орындалуы күтілуде, — деді ол.

Экономикалық өсім және жаңа бастамалар

Жолдауда Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделетіні айтылады. Сондықтан да жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды.

Президет жүктеген тапсырмалардың бірі — еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру. Жолдауда: «Қазіргі ең басты міндет — еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда», — делінген. Сондықтан да Жолдауда айтылған бұл міндеттер 3 жылда орындалуы қажет. Осы орайда еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру үшін облыс дейгейінде нақты іс-шаралар қолға алынды. Соның бірі — өнеркәсіптік кластер құру. Өңірдің экономикалық спецификасына сәйкес алдағы уақытта 3 өнеркәсіптік кластер құру бойынша жұмыстар атқарылады. Олар — теміржол кластері, медициналық кластер және құрылыс индустриясының кластері, — деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұртуған Оралбаев.

Медициналық туризм дами ма?

Басқарма өкілі өңірде өнеркәсіптік кластер құру ісіне қатысты нақты атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Нұртуған Оралбаевтың айтуынша, аймақта құрылатын теміржол кластері бойынша болашақта «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының теміржол құрылысындағы қажеттіліктерін толығымен қамтуға мүмкіндік беретін құны 190 миллиард теңгеге Ақтөбе рельс-арқалық зауытының базасында 800 метрлік жіксіз рельстер және теміржол дөңгелектерін шығаратын алғашқы зауыттар іске қосылмақ. Ал медициналық кластер бойынша ол:

Облыста шетелдік және қазақстандық инвесторлармен бірге ядролық медицина орталығы бар Орхун Медикал көпсалалы клиника, сондай-ақ ТМД елдерінде диализаторлар шығаратын бірінші зауыт жобалары іске асырылады. Нәтижесінде аталған жобаларға өңірімізде бар медициналық университетті, салалық медициналық орталықтарды, «Актюбрентген» зауытын және пайдалануға берілетін кешенді диагностикалық «CHECK-UP» орталығын қосқанда медициналық кластермен қоса, медициналық туризмді дамытуға мүмкіндігіміз зор, — деді Н.Оралбаев.

Ақтөбе облысы құрылыс индустриясын дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Себебі бүгінде елімізде шығарылатын құрылыс материалдарының 40 пайызға жуығын  жергілікті компаниялар өндіре алады. Сондықтан да аймақта құрылыс индустриясы кластерін құруға негіз бар.

Құрылыс материалдарын өндіру үшін өңірде  бос тұрған 86 кен орнын қолдану және «Казцемент Индастри» мен «Батыс Битум» компанияларының цемент пен битум зауыттарын уақтылы іске асыру арқылы облысымызда толықтай құрылыс кластерін дамытуға мүмкіндік бар, — деді Нұртуған Оралбаев.

Газ өңдеу зауыты жаңғыртылады

Басқарма өкілінің айтуынша, Мемлекет басшысының «экспортты ұлғайтуға бағытталған» тапсырмасына сәйкес жоғарыда аталған инвестициялық жобалар іске асырылған жағдайда өңірдің экспорттық әлеуетін дамытатын жаңа тауарлық позицияларды шетелдерге экспорттауға болады. Бұл орайда Президент: «Елді газбен қамтамасыз ету де — өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту — Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет», — деді.

Газ өңдеу зауыттарының құрылысы мен жаңғырту мәселесі — Жолдауда жүктелген негізгі тапсырмалардың бірі. Мұнай-газ секторы — өңір экономикасы өсуінің маңызды драйверлерінің бірі. Бүгінде облысымызда 3 газ өңдеу зауыты жұмыс жасайды. Сонымен бірге, өздеріңіз білетіндей, Урихтау газ кен орнында «ҚазМұнайГаз» кәсіпорнының еншілес компанияларымен газ өңдеу зауыттарын салу бойынша келісімдер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «Gas Processing» компаниясы «QazaqGas» кәсіпорнымен бірлесіп қазіргі зауытын жаңғыртуды жоспарлап отыр, — деді ол.

P.S. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдің энергетикалық құрылымының өзгеретінін де айтты. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 2060 жылға қарай елімізде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 80 пайыздан асуға тиіс. Бұл орайда облыста 2024-2026 жылдарға дейін 481 миллиард теңгеге жалпы қуаты 785 МВт баламалы электр энергиясын өндіретін 5 жоба іске асыру жоспарлануда. Баламалы энергетика саласындағы жобаларды іске асыру облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, атап айтқанда, солтүстік көздерден, оның ішінде 374 МВт электр энергиясының тапшылығын толықтай жабуға мүмкіндік береді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button