Спорт

Көк туды желбіреткендер

Тәуелсіздік жылдарында ақтөбелік спортшылар талай белесті бағындырды. Түрлі әлемдік додаларда, Олимпиада ойындарында көк Туымызды  желбіретіп, сан мәрте Әнұранымыз шырқалды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары спорт жетістіктері және спорт резерві бөлімінің басшысы Айбат Ермекбаев ақтөбеліктердің спортта жеткен жетістіктері туралы айтып берген еді.

Өңір спортының даму қарқыны зор. Ақтөбе дегенде алдымен футболшы мен палуандар ауызға ілігеді. Әсіресе ақтөбеліктер тарапынан күрестің грек-рим, еркін және дзюдо түрі бойынша жетістіктер баршылық. Облыстағы әр ауданда палуандарды даярлайтын мектептер бар. Грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов, Нұрислам Санаев, Юсуп Батырмырзаевтардың спорттағы жетістіктері жас буынға үлгі болып отыр. Дзюдодан әлем чемпионатының күміс медаль иегері Рустам Ибраев сынды боз кілем шеберлері бозбалаларды осы спорт түріне баулып келеді.

Сонымен қатар бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров, самбодан үш дүркін әлем чемпионы Асхат Шахаров, ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Харки Фархад, каратэден Азия ойындарының жеңімпаздары Ринат Сағандықов, Андрей Актауовты, гір спортынан он үш дүркін әлем чемпионы Евгений Гончаров, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Бақтыбай Қисықов, самбодан әлем чемпионы Райса Байлиева, Есет Қуанов, каратэдодан әлем чемпионы Әшім Қали, дойбыдан әлем чемпионы Мират Жекеев Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктердің жемісі.

Айбат Ермекбаевтың айтуынша, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облысымызда ат спорты мектебі, теннис орталығы, «Достық» бассейні, «Жекпе-жек» спорт сарайы, Мұз сарайы және  Қобда, Мәртөк, Қарауылкелді, Шұбарқұдық ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері  салынды. Ақтөбе қаласында заман талабына сай екі Мұз сарайы бар.

—  Ақтөбе қаласының дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Олимп» балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және Батыс-2 шағын ауданындағы Мұз сарайында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей секциясының жұмысы жолға қойылған. Соның ішінде «Олимп» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде мәнерлеп сырғанау секциясының жұмысы ақысыз негізде жүргізіледі. Осы спорт түрімен мұндағы 11 топта 200-ге жуық бала шұғылданып жүр. Жаттығуларды 2 бапкер, 1 хореограф маман жүргізеді. Ұл-қыздар 4 жастан бастап қабылданады. Қазір мұндағы ересек топтағы балалардың орташа жасы — 15-16 жас, — дейді Айбат Ермекбаев.

Тәуелсіздік жылдары ішінде 18 ақтөбелік спортшы 6 Олимпиада ойындарына қатысып, 1 алтын (Ермахан Ибрайымов 2000 жыл, бокс), 2 қола (Харки Фархад  2016 жыл, ауыр атлетика, Нұрислам Санаев 2021 жыл, еркін күрес)  медальді жеңіп алды.  Сондай-ақ «Ақтөбе» футбол клубы 5 дүркін ел чемпионы болып, Қазақстан Кубогын, Супер Кубогын жеңіп алды.

—   1997 жылы шілде айында Ақтөбе қаласында тұңғыш рет самбодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған жылдар ішінде «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар» кезең-кезеңімен іске асырылды. Көптеген спорт нысандары іске қосылды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері ашылып, дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны өсті, — дейді ол.

Айбат Ермекбаевтың айтуынша, биыл 30-дан астам құрылыс нысанының құрылысы басталған.

— Ендігі мақсатымыз — 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алу. Биыл спортшыларымыз Олимпиадалық ойын түрлері бойынша 47 алтын, 48 күміс, 85 қола медальді жеңіп алды. Атап айтсақ, Азамат Құрман грек-рим күресінен, Нұрқанат Әжіқанов каратэ спортынан чемпион атанса, жастар арасында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Жанарыс Рахметқали қола жүлдегер атанды.

Сондай-ақ өңірімізде кикбоксинг спортына қызығушылар саны артып келеді. Әсіресе балалардың қызығушылығы жоғары. Спортшыларымыздың жеткен жетістіктері де баршылық. Мәселен, өткен жылы Италияның Лидо ди Езоло  қаласында кикбоксингтен өткен әлем чемпионатында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері жүлдемен оралды. 71 келі салмақта 1-орынды жеңіп алған Саят Күншашев ел намысын асқақтатты. Бұл додада 91 келі салмақта Әділет Алдабергенов пен 54 келі салмақта Алмат Теңізбаев 2-орынды қанжығасына байлады. Ал 67 келі салмақта бақ сынасқан Тұрсын Рахым 3-орын алды.

Қазір облысымызда өтетін республикалық турнирге қарқынды дайындалып жатырмыз. Ел намысын асқақтататын спортшыларымыздың жеңісін көріп, біз де жігерлене түсеміз, — дейді ол.

Оның айтуынша, қазір Ақтөбе жұрты өз денсаулығына немқұрайды қарамайды. Спортқа ден қойғандар, әсіресе, жүгіретіндер мен спорттық жүрісті құп көретіндер көп. Осы ретте шаһар орталығында алғашқы триатлон алаңы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақта ұзындығы 2,5 шақырым велосипед және жүгіру жолы салынды.

Бүгінде облыс халқының 39,08 пайызы немесе 370 мыңдай ақтөбелік дене шынықтырумен, спортпен шұғылданады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button