Мереке

Олар — Республика құрдастары

Егемен еліміздің мерейін арттырып, оның тұрақтылығы мен әрі қарайғы дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүргендер қатарында Республикамыздың түйдей құрдастары да бар. Қазақстанның тәуелсіздік алуына бірінші қадам жасалған жылы дүниеге келген қыз-жігіттер тұсауы тәуелсіз елдің жерінде кесілгеніне қатты қуанады.

Республика күні қарсаңында елдің болашағы, үміт артар ұл-қыздарымен сөйлескен едік.

«Мақсатым — ел мақтаныштарын тәрбиелеу»

Бауыржан Атшыбаев — республиканың Ақтөбеде тұратын құрдастарының бірі. Бүгінде қаламыздағы №19 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Педагог-модератор.

Спорт десе ішер асын жерге қоятын Бауыржанның спортшылар тәрбиелейтін мұғалім немесе белгілі бір спорт түрін бағындыратын спортшы болатынын үйіндегілер оның кішкентай кезінен байқаған. Өйткені ол отбасындағы басқа балаларға қарағанда спортты ерекше жақсы көріп өскен.

— Біздің балалық шағымыз еліміз енді егемендік алған жылдармен тұспа-тұс келді. Қалада тұрғанымызбен, ол уақытта  қазіргідей үлкен мүмкіндіктер болмады. Бірақ  жастайымнан спортты жаныма серік етіп өстім. Мектеп бітірген соң еш ойланбастан осы мамандықты таңдадым. Жұмыста да, бос уақытымда да спортпен шұғылданамын. Футбол ойнағанды жақсы көремін, — дейді ол.

Бүгінде Бауыржанның оқушылары облыстық, республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Әрбір оқушының жетістігі ол үшін үлкен мерей.

— Тәуелсіз мемлекет болған жылдар ішінде еліміздің спортшылары әлемдік додаларда көк Туымызды сан мәрте желбіретіп, рухымыз асқақтай түсті. Жеңіс тұғырында тұрып, Әнұранымызды шырқаудың қандай бақыт екенін алдыма келген шәкірттеріме түсіндіруге тырысамын. Еліміздің спорт саласындағы мақтаныштарының есімін оқушыларым жатқа біледі. Олардың әрқайсысының алдына «сол тізімде сендер де болуларың керек» деген талап қойдым, — дейді кейіпкеріміз.

Әңгіме барысында ол спорт — тәуелсіздік жылдарында түлеген саланың бірі екенін айтты.

— Бүгінде қай салада да қолдау бар. Әрі қарай дамимын деген адамға барлық жағдай жасалған. Мемлекеттің  балалар үшін де, жастар үшін де жасап жатқан қолдауы көп. Тек уақытымызды босқа өткізбей, соны тиімді пайдалануымыз қажет. Білім саласында болсын, спорт саласында болсын, қандай да бір жетістікке жетіп жатсақ, іштей қуанып отырамын.

Сәт сайын қарыштап дамып келе жатқан республиканың құрдасы ретінде үнемі өзіме есеп беремін. Тындырғанымнан енді тындырар арман-мақсатым көп. Сол үшін аянбай еңбек ете береміз, — деді Бауыржан.

«Туған өлкемнің дамуы жолында аянып қалмаймын»

Өндірісті өлке Хромтау — облыстың әлеуеті жоғары аудандарының бірі. Қойнауы кенге бай өлкенің перзенттерінің көбі шахтада жұмыс істеуді таңдайды. Республиканың құрдасы — Гүлжан Жұмағалидың еңбек жолы да осындағы Дөң тау-кен байыту комбинатында басталыпты.

Бүгінде ол комбинаттағы өндірістік жүйе қызметінде талдаушы болып жұмыс істейді.

— Өндірісті өлкеде еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданған жылы дүниеге келгенімді мақтан етемін. Хромтауда тұрып, комбинатта еңбек етпеу — берілген мүмкіндікті пайдаланбаумен тең. Марқұм әкем Жұмағали да кезінде осы жерде еңбек етіп, бізді жетілдірді. Бүгінде отбасымыздағы аға-жеңгем де комбинатта жұмыс жасайды.

Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, мен де ойланбастан Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжіне оқуға түстім. Үшінші курста тәжірибеден өтіп жүрген кезімде, үздіктер қатарына көрініп, дипломымды алмастан бұрын жұмысқа қабылдандым. Хромтаудың қызы екенімді мақтан етемін. Біздің Дөң тау-кен байыту комбинаты расталған қорлары бойынша әлемде 2-орын алады. Ал мұндағы өнімнің сапасына тең келетін әлемде кен орны жоқ. Неге мақтанбасқа? — дейді Гүлжан.

Жастайынан сөзіне де, ісіне де тиянақты Хромтаудың қызы — бүгінде аудан орталығындағы қолы алтын бет әрлеушілердің бірі. Кәсіпкерлікті күнделікті комбинаттағы жұмысымен қатар алып жүр.

— Бүгінде еңбек етемін дегендерге қай салада да жол ашық, мүмкіндік көп. Мектепте оқып жүрген кезімнен қыздардың шашын сәндеп, бояндырғанды жақсы көретінмін. Кейін мамандардан сабақ алып, білгенімді кәсіби түрде шыңдап алдым. Қазір қолында құжаты бар, тәжірибелі стилист, визажиспін. Бұл комбинаттағы жұмысыма кедергі келтірмейді. Керісінше, соның арқасында қазір тұрақты клиенттерім бар.

Осы кәсібімнің арқасында 2019 жылы Димаш Құдайбергеннің  «Бақытты бала» жобасына қатысып, шетелден келген өнерпаздарды бояндырып, сахнаға шығардық, — дейді кейіпкеріміз.

Әңгіме барысында Гүлжан өзінің туған өлкесінің тәуелсіздік жылдарында адам танымастай өзгергенін жеткізді. Бұрынғы шағын шахтерлер қалашығы қазір үлкен ауданның орталығына айналған.

— Хромтау — қала мәртебесі бар аудан орталықтарының бірі. Қателеспесем, бірнеше үйірмесі мен бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру орталығы аудандардың ішінде ең бірінші болып біздің қалада ашылды. Хромтаулықтар жаңашылдыққа құмар. Жастары да жалындап тұр. Күн санап үлкейіп келеді. Туған жерімнің көз алдымда гүлденіп келе жатқанына қуанамын. Әрі соған өзім де барынша үлес қосуға тырысамын, — деген Гүлжанның аталған бағытта да үлкен іс тындырып жүргенін білдік.

Ол 2020 жылы Хромтау қаласы бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысып, екі жобасын ұсынған. Жобалары қолдау тауып, №4 мектеп жанынан автотұрақ салынып, қалада орталық жастар аллеясы ашылды.  

— Еліміздің алдында үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Жас мемлекетіміздің құрдасы ретінде мен де үнемі алдыма мақсат қойып, соған жету жолында аянбай еңбек етіп келемін. Ал көздеген мақсатыңа жету үшін қайрат, талап, жігер қажет. Бұл қасиеттер республикамыздың әрбір азаматының бойында болса, еліміздің әрі қарайғы дамуына еш кедергі жоқ.

Өмірдегі ең басты ұстанымым — адамдық қасиетімді жоғалтып алмай, адал адам  болып қалу. Өйткені мен — республиканың құрдасы, тәуелсіз елдің перзентімін! — дейді Гүлжан.

Әңгімелесіп отырып Гүлжанның бір минут бос уақыты жоқ екенін байқадық. Аудан аумағында қандай ауқымды іс-шара ұйымдастырылса, бел ортасында Гүлжан жүреді. Қолы қалт ете қалса, бассейнге барады. Волейбол, баскетбол ойнағанды жақсы көреді.

«Біз арқалаған жауапкершіліктің жүгі ауыр»

Республика құрдастарының бірі Айгүл Сәрсенова — елімізде жыл емес, ай емес, күн сайын дамып келе жатқан медицина саласында еңбек етіп жүрген білікті маман.

Балалық шағы Қазақстанның тәуелсіздік алып, аяғынан енді тұрып келе жатқан кезімен тұспа-тұс келген Айгүл еліміздің қазіргі жағдайын тоқсаныншы жылдармен салыстыруға мүлде келмейтінін айтады.

— Бала болсақ та енді тәуелсіздік алған еліміздің жағдайын көріп-біліп өстік. Ол заман қазір біздің балаларымызға ертегі сияқты болып естілуі мүмкін. Бірақ біз ата-анамызбен бірге сол уақыттың қиындықтарын көріп, бүгінгі күнге жеттік.

Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап еліміздің «алтын дәуірі» басталды. Алғашқы жылдардың оңай болмағанын ел біледі. Бірақ біздің тұсауымыз тәуелсіз, егемен елдің жерінде кесілді. Мені сол қуантады. Қазір бізде барлығы бар.

Балалық шағым Мәртөк ауданындағы Веренка ауылында өтті. Ауылымыздың аты тәуелсіздік жылдарында қазақыланып,  «Достық» атауы берілді. Ол кезде ауылда қазақ мектебі болмағандықтан, біз «Әліппені» орыс тілінде оқуға мәжбүр болдық. Ал қазір біздің балаларымыздың өз ана тілінде сауат ашуға мүмкіндігі бар. Түсінгенге мұның өзі  — зор бақыт, — дейді ол.

Еңбек жолын 2017 жылы №4 қалалық емханасында педиатр болып бастаған Айгүл бүгінде сол емханадағы педиатрия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

Тағдырына еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданған жылы дүние есігін ашу бұйырған дәрігер Айгүлді әріптестері ерекше құрметтейді. Жұмысына тиянақты, кез келген мәселені байыппен, ақылмен шеше білетін жас педиатрды ата-аналар қауымы да жақсы көреді.

— Бала — біздің болашағымыз. Алдыма келген әр сәбиге өз балаларыма қарағандай қараймын. Өзім де екі баланың анасымын. Сондықтан аналардың жағдайын жақсы түсінемін, — деген Айгүл отыз жылдан астам уақыт ішінде еліміздегі денсаулық сақтау саласының жеткен жетістіктері зор екенін алға тартты.

— Мен дүниеге келген 1990 жылы қазанның 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егемен Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Ал мен 1 жасқа толған жылы еліміз көптен күткен тәуелсіздігіне қол жеткізді. Бала кезімізде біздің сыныптың оқушыларын мұғалімдеріміз «құтты ұрпақ» санайтын. Сондықтан болар жыл сайын іштей өзіме есеп беремін. Елімізде осы жылдар ішінде атқарылған қыруар шаруаларды көріп, менің жасап жатқаным түк емес екен деген ой да келеді. Бірақ жарқын болашаққа деген сенім мені ылғи алға жетелейді. Менің жұмысым — еліміздің болашағымен тікелей байланысты.

Әр отбасында сәбидің үні естілсін. Балалар ауырмасын! Бұл — менің ғана емес, барша тәуелсіз елдің ұрпақтарының тілегі, — деп қорытты сөзін Айгүл.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button