Мереке

Мереке қалай тойланады?

Облыс көлемінде Республика күнін мерекелеуге арналған 350 шара өткізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Қонақбаевтың айтуынша, аймақта ұлттық мерекені атап өтуге байланысты облыстық іс-шаралар жоспары жасақталған.
— Облыс көлемінде мерекеге арналған шаралар 16 қазанда «Republic day» акциясымен басталды. Бұған дейін бір мезгілде мемлекеттік Гимнді шырқаған «Қыран елім — Қазақстан!» акциясы да ұйымдастырылған болатын. Қазіргі күні мереке қарсаңында «Жанашыр жүрек» қайырымдылық шарасы өткізіліп жатыр, — деді С.Қонақбаев.
24 қазанда Өнер орталығында 1200 адамның қатысуымен «Менің Қазақстаным» тақырыбында салтанатты жиын өтпек. Ал 25 қазанда таңғы сағат 10.00-де Тұңғыш Президент атындағы саябақтың тутұғыр орналасқан алаңында Мемлекеттік Туды көтерудің салтанатты рәсімі өткізілмек. «Ту көтеру рәсімі құқық қорғау органдары басшыларының және әскери құрылымдардың қатысуымен өткізіледі. Сондай-ақ мереке күні Ақтөбе қаласының 8 алаңында концерттік бағдарламалар және сауда жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Осындай шаралар облыстың барлық ауданында өткізіледі», — деді ішкі саясат басқармасының өкілі.
Брифингте Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева облыс орталығында өткізілетін мерекелік шаралар туралы ақпараттандырды. «Айтулы күннің құрметіне қаламыздың тұрғындарына, балалар мен оқушыларға арналған арнайы тақырыпта әлеуметтік желілерде челлендждер, еліміздің өткен тарихы туралы танымдық сағаттар, концерттер, қойылымдар, спорттық біріншіліктер, Ту көтеру рәсімі және басқа да шаралар өткізіледі. Республика мерекесі тұжырымдамасы негізінде бекітілген қалалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, сексеннен астам іс-шара өткізу жоспарда бар. Олардың бірсыпырасы бүгінге дейін өткізілді», — деді ол.
Мереке күні Есет батыр тұрғын үй алабындағы 9 қабатты үйден бірқатар ақтөбелікке пәтер кілттері табысталмақ. Сонымен қатар «Анвар» және «Дина» дүкендер желісіндегі тауарлар «Республика күні» логотипімен саудаға шығарылады. «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» экологиялық акциясы да мереке құрметіне ұйымдастырылады.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласында жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен сауда жәрмеңкелері және 7 алаңда (Орталық стадион, Тұңғыш Президент атындағы саябақ, Есет батыр ескерткіші алаңы, Әдебиет аллеясы, Қалалық мәдениет үйі алаңы, облыстық тарихи-өлкетану музейі алды, Ретро саябағы) концерттік бағдарламалар өткізіледі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button