Спорт

Тағы да камбэк. Тағы да сенсация

Еуропа чемпионаты-2024

Финляндия-Қазақстан — 1:2

Өткен жолғы, 17 қазандағы материалымызды «Даттар есе қайтарды» деп айдарлап едік. Бүгін, міне, соны сәл өзгертіп, «Енді Қазақстан есе қайтарды» деп отырған жайымыз бар

14 қазан күнгі Копенгагендегі жеңіліс (1:3) Қазақстан құрамасының қазіргі хал-ахуалынан біршама хабар бергені мәлім. «Н» тобының фавориті болып есептелетін Дания құрамасынан ұтылу, әрине, күтпеген оқиға емес еді.

Дегенмен, әлде сырт алаңда ойнау әсер етті ме, немесе старттық құрамда Ян Вороговский мен Асхат Тағыбергеннің болмауы қателікке бастады ма, әйтпесе басқалай бір себептер болды ма, әйтеуір, біздің жігіттеріміз скандинавиялық ойыншылармен қарымта кездесуде бұрынғыша жарқырап көріне алмады.

Жарайды, өтті-кетті. Тек осы жеңіліс алда Финлияндия құрамасымен болатын ойында көңілге қауіп туғызбаса деген ойда болдық. Оның үстіне Астанада болған кездесуде финдер ойын аяғына таман, 78-минутта гол соғып кетіп, сан соқтырғаны ұмытыла қойған жоқ. Сондай-ақ финдермен өткен бұдан бұрынғы бес кездесуде де жерлестеріміз жеңілуден көз ашпаған.

Бұл жолы жігіттеріміз бірден қарсыластар қақпасына ұмтыла қоймады. Финдердің қимылдарын барлап алуды мақсат тұтты ма, өзара доп алмасып жүрді. Тек 10-минуттың шамасында ғана Максим Самородов алаң ортасынан ілгері шығып, екі рет әріптестеріне соққыға ыңғайлап пас беріп еді, бірақ нәтиже шықпады. Ілгері ұмтылған Ян Вороговский ойыннан тыс қалды. Осыдан соң ғана бұған дейін түртіп-қашып жүрген финдер қауіпті соққы жасады. 13-минутта бұрыштамадан тасталған допты Йоэль Похьянпало шалқалай бере қос аяқтай қайшылай теуіп еді, доп тура діңгек түбінің сыртынан зу етіп өте шықты. 17-минутта Каан Кайринен қақпаның алыс бұрышына шірене тепкен допты Игорь Щацкий қайтарып үлгерді. 23-минутта И.Щацкий тура кеп қалған фин футболшысымен бетпе-бет шығып, қақпаны тағы да сақтап қалды. Дегенмен үшінші рет Игорьдан да қайран болмай қалды. Айып алаңының сыртынан айып соққысын жасаған Роберт Тейлор мақсатына жетті. Зымырай дөңгелеген доп секіре ұмтылған қақпашымыздың қолына тигенімен, кері ұшпай, одан әрі жібек торға енді де кетті — 1:0.

Финляндия құрамасы осылай есеп ашты. Ал біздің жігіттер ше? Біздің жігіттер қарсыластар қақпасына шүйіліп те жарытпады. Тек 36-минутта ғана Абзал Бейсебеков қақпаны тіке нысанаға алды, онда да алыстан әлсіз екпінмен келген допты қақшып алу фин қақпашысы Лукаш Градецкиге онша қиындық туғыза қойған жоқ.

Жалпы бірінші таймда жерлестеріміздің тірлігі ішкі чемпионатымыздағы сылбыр ойындарды еске түсірді. Футболшылар бір-бірімен түсінісе алмады. Аяқтарына доп тисе әйтеуір алға қарата әуелете тебумен болды. Одан пайда түсіп те жарытпады. Бұрын байқала бермейтіндей әлдебір асығыстықтар орын алды. Соның кесірінен ойыншыларымыз доптан жиі айырылып қалып жатты. Әсіресе жанкүйер соншама үміт артып отырған Бақтияр Зайнутдинов тіпті де жарқырап көзге түсе алмады. Бұл таймда қай көрсеткіш жөнінен де жерлестеріміз кем түсті: қақпаға доп бағыттау — 10:3, қақпаға бағытталған тура соққылар — 4:1, бұрыштамалар —7:1. Алғашқы бұрыштаманы біздің құрама 43-минутта ғана орындады. Ойын уақытының 56 пайызында доп финдердің аяғында жүрді.

Бірінші таймды осылай өткізген соң бас бапкер Магомед Адиев үзілісте алмастырулар жасап, екінші таймды жаңа күштермен бастайтын шығар деп ойлағанбыз. Олай болмады. Алаңға сол құрам қайтадан сол күйі шықты. Сірә, бас бапкер өзінің әуелгі тактикасын соңына дейін ұстанғысы келген болуы мүмкін.

Екінші таймда жерлестеріміз Лукаш Градецки қорғаған қақпаға қауіп төндірумен болды. Бағдат Қайыров діңгек тұсына әуелете тасталған допты пайдалануда сәл қателік жіберді. Ал Асхат Тағыбергеннің 40 метрдей қашықтықтан шірене соққан добы маңдайшаға тиіп кері серпілді. Финдер сәл басым есепті сақтап қалудың барлық қамын жасады. Дегенмен қонақтар ойынды жанкештілікпен жалғастыра берді. Енді алаң иелері сасқалақтай бастады. Сөйтіп жүргенде Роберт Йенсен айып алаңында қолмен ойнауға мәжбүр болды да, пенальти белгіленді. Пенальтиді Бақтияр Зайнутдинов мүлтіксіз орындады — 1:1.

Бұдан соң Қазақстан құрамасы дүр сілкінді. Аласапыран арпалыс барысында, негізгі уақыттың соңғы минутында Рамазан Оразов сол қанаттан бұрыштама доп орындады. Қақпа алдында жүрген Бақтияр Зайнутдинов әуелей жеткен допқа секіре ұмтылып, Глен Камара мен Йоэль Похьянпалоның арасынан қуыс тауып, баспен соқты да, допты қақпаға сіңіріп жіберді — 2:1.

Ойынның нгізгі уақытына қосылған жеті минутта біздің жігіттер мығым қорғана білді. Сөйтіп ұтылып жатып ұтып, үш ұпайға ие болды, Дания құрамасымен наурызда өткен кездесудегідей тағы да камбэк жасады. Турнир кестесінде үшінші орынға жоғарылады.

Финляндия-Қазақстан — 1:2

Гол авторлары: Роберт Тейлор, 28-минут (1:0); Бақтияр Зайнутдинов, пенальти, 77-минут (1:1); Бақтияр Зайнутдинов, 89-минут (1:2).

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Марат Быстров (Темірлан Ерланов, 88-минут), Бағдат Қайыров (Еркін Тапалов, 81-минут), Абзал Бейсебеков (Исламбек Қуат, 55-минут), Асхат Тағыберген, капитан (Лев Скворцов, 87-минут), ​Бақтияр Зайнутдинов, Максим Самородов (Абат Айымбетов, 86-минут), Рамазан Оразов.

Бас бапкер — Магомед Адиев.

17 қазан 2023 жыл. Финляндия, Хельсинки. «Олимпиястадион».

*   *   *

Беделді SofaScore аналитикалық сайты біздің футболшылардың шеберлігін былай бағалады.

Қос голдың авторы Бақтияр Зайнутдинов 7,9 балға ие болды. 3 рет сейв жасаған, 3 рет допты жұдырығымен кері қайтарған Игорь Щацкийге берілген баға — 7,2. Үшінші үздік ойыншы Асхат Тағыберген — 7,1 балл.

*   *   *

Бұл турда Словения Солтүстік Ирландияны (1:0), Дания Сан-Мариноны (2:1) жеңді.

Сонымен 8 турдан соң «Н» тобында алғашқы екі орында 19 ұпайдан жинаған Словения мен Дания тұр.

Үшінші орындағы Қазақстанның 15 ұпайы бар.

Төртінші, бесінші орындарға 12 ұпайы бар Финляндия мен 6 ұпайы бар Солтүстік Ирландия жайғасты.

Сан-Маринода еш ұпай жоқ.

Қазақстан енді 17 қарашада өз алаңымызда Сан-Мариноны қабылдаса, 20 қарашада сырт алаңда Словениямен ойнайды.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button