Көптен күткен жеңіс

Сербияның Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында 19 жастағы қазақ балуаны Ризабек Айтмұхан алтын жүлде алды.
Жалпы, 1999 жылдан бері қазақ елінің балуандары спорттың бұл түрінен әлем чемпионатында алтын жүлдеге қол жеткізе алмай келген еді. Биылғы әлем біріншілігіндегі алтын23 жылға созылған сәтсіздіктен кейінгі зор қуаныш, өткен өкініштердің өтеуі сынды айрықша жеңіс болды. Сондай-ақ бұл — тәуелсіз Қазақстанның еркін күрестен алып тұрған ең алғашқы жүлдесі. Бұған дейін қазақстандық балуандар әлем чемпионаттарында 5 алтын жүлде алған, алайда олардың бәрі де грек-рим күресі шеберлерінің үлесінде екен.
Қажымұқанның ізбасары
Ризабек Айтмұхан биылға дейін еркін күрестен жастар арасындағы жарыстарда өнер көрсетіп келді. Ол былтыр Иорданияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Биылғы 7 ақпанда ересектер арасында Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алғаннан кейін ұлттық құрамасапына қабылданды. Белградтағы әлем чемпионатында ол 92 келі салмақ категориясында өнер көрсетіп, жарысқа екінші айналымнан бастап қосылды. Алғашқы қарсыласы — венгр балуаны Балаш Юхаш. Бұл белдесу 13:3 есебімен, әрине, біздің балуанның пайдасына шешілді. Екінші кездесуінде Ризабек мықты қарсыласқа — екі мәрте Еуропа чемпионы атағы бар түрік балуаны Фейзулла Актүрікке тап келгеніне қарамастан, оны 11:0 есебімен тізе бүктіріп, әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Жартылай финалда оны өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, осы салмақ бойынша әлемдік рейтингтің көшбасшысы, грузиялық Мириани Майсурадзе күтіп тұрды. Қазақ балуаны оны да ірі есеппен — 8:1 — жеңді. Сөйтіп, финалға дейін жетті. Ақтық сында ол Әзірбайжан елінің атынан шыққан дағыстандық (Ресей) күрес мектебінің түлегі Осман Нурмогомедовпен белдесті. Осман — бұған дейін екі әлем чемпионатының жүлдегері болып үлгерген балуан. Әрине, үшінші әлем чемпионатына ол өте тыңғылықты әзірлікпен, тек алтын аламын деген мақсатпен келгені сөзсіз.Белдесудің алғашқы кезеңі 1:0 есебімен Османның пайдасына шешілді. Екінші кезең де Ризабекке оңайға түскен жоқ, тек соңғы секундтарда ғана оңтайлы әдіс қолданып, қарсыласынан жеңісті жұлып ала алды. Есеп — 5:2. Сонымен, биылғы әлем чемпионатында еркін күрестен 92 келі салмақ дәрежесінде қазақ еліне алтын жүлде бұйырды!
Бұл біздің елдің көптен күткен қуанышы еді. Расы керек, грек-рим күресінен тәуелсіздік жылдары бұйырған 5 алтынның төртеуі — легионер спортшылардың жетістігі. Атап айтқанда, 1994 және 1997 жылдардағы әлем чемпионы Юрий Мельниченко — қырғыз күрес мектебінің түлегі. Әрине, ол әлемдік деңгейдегі бүкіл жетістіктеріне Қазақстанның атынан қол жеткізді, спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де елімізденкөшіп кеткен жоқ, бапкерлікпен айналысып, шәкірттер тәрбиеледі. Бүгінде бас бапкер ретінде грек-рим күресінен ұлттық құраманың тізгінін ұстап отыр. Алайда Юрий Мельниченконы бала күнінен спортқа баулыған жеке жаттықтырушысы, Қырғызстанның еңбек сіңірген бапкері Егор Мукштадттың кейіннен «Юраны қазақ бауырларымызға 1993 жылы біз сыйладық» деп, өкіне сұхбат бергенін жанкүйерлер жақсы біледі және бұл сөзді жоққа шығаруға да болмайды. Қырғыздың күрес мектебі — өзін мойындатқан мектеп. Қазақтың белгілі балуаны, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков та жанкүйерлердің өзінен әрдайым: «Қырғыздан соңғы кезде жылда бір чемпион шығып жүр ғой, бізден неге алтын алатын балуан шықпайды?» — деп сұрайтынын айтқан еді.
Сол сияқты, 1998 және 1999 жылдары әлем чемпионы атанған Мхитияр Манукян да біздің елге шақырылғанға дейін Армения ұлттық құрамасының мүшесі болған спортшы.
Тек 1998 жылы грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Бақтияр Байсейітов қана өз күрес мектебіміздің төл түлегі, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіровтердің ізбасары. Ал Ризабек — тәуелсіздік жылдарында Бақтиярдан кейін күрестен әлем чемпионы атағын жеңіп алған екінші қазақ баласы.
Ризабек Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туған. Оның алғашқы жаттықтырушысы — өзінің әкесі Қанат Жолдасбай. Біздің чемпионымыз үш ұл, үш қызы бар көпбалалы отбасынан шыққан, оның ішіндеі ұлдың үлкені екен. Оның өзіне тете інісі Әлішер де күреспен айналысады. Кадеттер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, 4-орын алыпты. Өзі жаттықтырушы болып еңбек ететін Қанат балаларын 8-9 жасынан таңғы 6.30-да тұрғызып, спортқа баулыпты. Сол еңбектің нәтижесі, міне, осындай үлкен жетістік болып қайтып отыр.
Ризабектің салмағы Олимпиада бағдарламасына енбеген. Алайда ол алдағы айларда 97 келі салмақ дәрежесіне ауысып, Олимпиада жолдамасы үшін күреске түспек. Қазір бұл салмақта ел атынан жарысқа шығып жүрген Әлішер Ерғали құрлық біріншілігі болмаса, әлем біріншіліктерінде жүлдеге қол жеткізе алмай келеді. Белградта ол ширек финалда жарыс жолынан шығып қалды.
Төртінші орындағы құрама
Белградтағы әлем чемпионаты 24 қыркүйекке дейін созылады. Алайда бүгінгі күні еркін күрестен жарыстар толықтай аяқталып, барлық құрамалар елдеріне қайтты. Ал қыздар мен грек-рим күресі шеберлері арасындағы жарыстар жалғасып жатыр.
Е
ркін күрестен еліміздің ұлттық құрамасы бұл жарыста сәтті өнер көрсетті. Жүлделер саны — екеу. Ризабек Айтмұханның алтынынан бөлек, 86 келі салмақ дәрежесінде Азамат Дәулетбеков қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ бұл — Олимпиада бағдарламасында енген салмақ. Жарыс ұйымдастырушысы — грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша халықаралық федерация (UWW) әлем чемпионатында барлық жүлдегерге және қосымша белдесу арқылы тағы бір балуанға, яғни әр салмақ бойынша 5 балуанға Олимпиада жолдамасы берілетінін айтқан еді. Азамат жүлдегерлер қатарында болғандықтан, өз салмағы бойынша Олимпиада жолдамасына да ие болды.
Ризабек пен Азаматтың жүлделері арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте жарыс иесі Сербиямен бірге 4-орынды бөлісті. Бастапқы үш үздік — АҚШ, Иран және Жапония. Сондай-ақ ұпай жинақтау (мысалы, алтын жүлдеге 25 ұпай беріледі және жүлдегерлерден бөлек, 4-7 орын алған спортшыларға да ұпай жазылады)бойынша есептегенде де, Қазақстан құрамасы жалпы саны 74 ұпай алып, АҚШ, Иран және Грузиядан кейінгі 4-орынды иеленді.
Айта кетейік, бұл жарысқа Ресей мен Белоруссия елдері қатыстырылған жоқ, алайда олардың балуандарына нейтрал спортшымәртебесімен қатысуға рұқсат берілді.
Мейрамбек жолдама ала алмады
Еркін күрестен ұлттық құрама сапында ақтөбелік Мейрамбек Қартбай да (57 келі) Белградқа аттанған болатын. Алғашқы белдесуінде ол пуэрторикалық Дариан Крузды жеңді. Одан соң египеттік Гамал Мохамедті 10-0 есебімен жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда германиялық Никлас Стешелді 4:1 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.
Алайда жартылай финалда жапон балуаны Рей Хигучиден жеңіліс тапты. Бұдан әрі ол күресті қола жүлде үшін жалғастыру мүмкіндігіне ие болған еді. Бірақ бұл мүмкіндік Мейрамбекке сәттілік әкелмеді: ол армян балуаны Арсен Харутюняннан ойсырай жеңілді.
Бұл жеңілістен кейін де Мейрамбек үшін Белградтағы жарыс аяқталған жоқ. Енді оған қосымша белдесу арқылы Олимпиада жолдамасына ие болу мүмкіндігі берілді. Бұл жолғы қарсыласы — Олимпиада және екі мәрте әлем чемпионы, ресейлік (яғни бұл жерде нейтрал спортшы) Завур Угуев. Өкінішке қарай, Мейрамбек атақты қарсыласын жеңе алмай, Олимпиада жолдамасынан да құр қалды…
Ұлттық құрама бапкерлері енді Мейрамбекті Олимпиада жолдамасы жолындағы жарыстарға қоса ма, жоқ па — ол жағы әзірге белгісіз. Қытайда өтетін Азиада ойындарына еркін күрестен бұл салмақ бойынша Рахат Қалжан аттанды.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



