Басты жаңалықтарСпорт

Ілгері ұмсындырған ұтыс

Еуропа чемпионаты -2024

Қазақстан-Солтүстік Ирландия — 1:0

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тамашалауға келген ойында жеңіс голын ақтөбелік Максим Самородов соқты.

Жексенбі күні, 10 қыркүйекте Мемлекет басшысы ұлттық құрамамызды қолдау үшін «Астана Арена» стадионына барған болатын. Сонымен бірге жерлестерімізге жігер беру үшін атақты кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин АҚШ-тан арнайы ұшып келген еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Instagram-парақшасында Қазақстан ұлттық құрамасының жеңісі туралы жазба жариялады.

«Біздің ұлттық құраманың Солтүстік Ирландияның мықты командасымен алаңдағы кездесуін қызыға тамашаладым. Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Қазақ футболшылары қарсылас командаға төтеп беріп, 1:0 есебімен лайықты жеңіске қол жеткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы және олардың мыңдаған жанкүйерлері үшін қуаныштымын.

Әсіресе «Астана жастары» мен басқа да ұйымдар еріктілерінің, сондай-ақ жекелеген азаматтардың, белсенділердің үлгі аларлық ісін айрықша атап өткім келеді. Олар ойыннан соң стадионда қалып, трибунадағы қоқысты жинап шықты.

Футболшыларымызды және жастарымызды мақтан тұтамын», — деп жазды Мемлекет басшысы.

Қос құрама да әсіресе бұған дейін төрт рет жеңіліп, әбден намысқа шапқан солтүстікирландықтар, ойынды белсенділікпен бастады. Жерлестеріміз тізгінді қолға алуға тырысты. Дегенмен Ян Вороговский тастаған пасқа нақтылық жетіспесе, қарсыластардың айып алаңында жүрген Бақтияр Зайнутдинов допты «жоғалтып» алды. Ян бұдан соң да және бір пасты дәл бере алмаса, Бақтияр тепкен доп діңгектің сыртқы жағынан өте шықты. Қонақтар да қарсы шабуылдар ұйымдастыруға кірісті.

Ал голды 27-минутта Максим Самородов соқты. Абзал Бейсебеков тастаған пасты қағып алған Максим допты оң аяғына ыңғайлап алды да, алыс бұрышқа қарата қатты соққы жасады. Қақпашы Бейли Пикок-Фаррелл допқа ұмтыла созыла құлады. Бірақ кешігіп қалды.

Осыдан соң қонақтар да батыл қимылдарға кірісті, оларға жерлестеріміз лайықты жауап қайтара білді. Не керек, алаң қарымта шабуылдарға да, аңдысқан қимылдарға да толы болды. Бірінші таймның соңына таман біздің қақпаға еніп бара жатқан деуге болатын голдан қақпамызды Максим Самородов пен Нұралы Әліп құтқарып қалды.

Екінші таймда қонақтар шабуылды үдетті. 49-минутта Игорь Шацкий тамаша аңғарымпаздық көрсетіп, қитұрқылықпен келген қауіпті соққының бетін қайтарды. Біздің жігіттер де қарап қалмады. Тимур Досмағаметов жасаған соққы қақпадан қиыс кетті, Рамазан Оразов тастаған тәп-тәуір пас та әріптестерінің аяғына ілікпеді. Ал 80-минутта Асхат Тағыберген 27 метр жерден жасаған жойқын соққы голға айналуға сәл қалды, қақпашы ғана бөгет бола алды.

Осылайша жерлестеріміз бұл іріктеу турнирінде төртінші жеңіске жетті.

Егер нақты көрсеткіштерге келсек, жалпы қақпаға қарата соққы жасауда (7-13) жерлестеріміз кейін қалғанымен, допты қақпаға тура бағыттауда ілгері болды: 3-2. Ал ойынның 55 пайызында доп қонақтардың аяғында жүруі біздің құраманың әдіс-тәсілінің бір қыры шығар деп ойлаймыз.

Осы кездесуден соң ресейлік «Чемпионат» сайты: «Қазақстан Еуропаның іріктеу тобында алғаш рет 12 ұпай жинады, бұл — тарихи жетістік» деп жазды.

Қазақстан-Солтүстік Ирландия — 1:0

Гол авторы: Максим Самородов, 27-минут (1:0)

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Ян Вороговский (Тимур Досмағамбетов, 46-минут), Нұралы Әліп, Марат Быстров, ​Александр Марочкин, Еркін Тапалов (Сергей Малый, 71-минут), Асхат Тағыберген (капитан), Абзал Бейсебеков (Аслан Дарабаев, 71-минут), ​Рамазан Оразов, Бақтияр Зайнутдинов (Абат Айымбетов, 87-минут), Максим Самородов (Исламбек Қуат, 56-минут).

Бас бапкер — Магомед Адиев.

10 қыркүйек 2023 жыл. Астана қаласы, «Астана Арена» стадионы. 28 458 адам.

*   *   *

Беделді аналитикалық SofaScore сайты бұл кездесуге қатысты қазақстандықтар арасынан ең жоғары бағаны Максим Самородовқа берді — 8.3. Алғашқы үштікте сондай-ақ Александр Марочкин (7.6) және Марат Быстров (7.5) бар.

*   *   *

6-тур ойындарынан соң алғашқы екі орынға 13 ұпаймен Дания мен Словения шықты.

Үшінші, төртінші орындарда 12 ұпайдан жинаған Финляндия мен Қазақстан тұр.

Бесінші орындағы Солтүстік Ирландия 3 ұпай жинаса, тек ұтылумен келе жатқан Сан-Маринода еш ұпай жоқ.

Қазақстан үшін алдағы кездесулер қиын емтихан болмақ. Жерлестеріміз қазан айының ортасында сырт алаңда әуелі Даниямен (14 қазан), сосын Финляндиямен (17 қазан) кездеспекші. Ал қараша айында әуелі өз алаңымызда Сан-Мариноны қабылдасақ, одан соң сырт алаңда Словениямен күш сынасамыз.

 Е.АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button