Жаңалықтар

Газдан уланғандардың жағдайы жақсы

Анық-қанық

Дүйсенбі күні әлеуметтік желілерде Темір ауданындағы Кеңқияқ ауылында бірнеше адам газдан уланып, ауруханаға түсті деген ақпарат тараған болатын. Оқиғаның мән-жайын журналистерге хабарлау үшін 5 кыркүйекте өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг ұйымдастырылып, тұрғындардың денсаулығына қатысты ресми мәлімет берілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Оразбаев 4 қыркүйек күні кешкі сағат 22.00 шамасында жедел жәрдемге шақырту түсіп, Кеңқияқтағы ауруханаға 8 адам жеткізілгенін айтты. Айтуынша, науқастар ауруханаға жеткізілген сәтте оларға «газдан улану» болжам диагнозы қойылған.

— Ауруханаға жеткізілген азаматтар — Кеңкияқ пен Шұбаршидің тұрғындары. Басы айналып, жүрегі айнығанын айтып шағымданғандардың төртеуі — 5 пен 11 жас аралығындағы бала. Дәрігерлер тексергеннен кейін 4 адамды үйіне жібердік, ал қалған төртеуі мамандардың қадағалауында қалды. Ертеңіне қайта тексеру кезінде өзгеріс байқалмаған соң оларды да үйіне шығардық, — деді Бекболат Оразбаев.

Белгілі болғандай, 4 қыркүйекте Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл, Қопа, Құмсай ауылдарында бір мезгілде «Интергаз» ЖШС-ның жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты газ беру тоқтатылған. Кешке қарай құбырды іске қосқан кезде иіс сезіле бастапты. Аталған ауылдарға газ тасымалдап отырған мекеме басшысы мұндай жағдай одарант қоспасының шамадан тыс көп қосылып кетуінен болуы мүмкін екендігін айтты.

— Қазір ауылдарға газ берілді. Күнделікті тұтынып отырған метанның өткір иісі жоқ, құбыр бойындағы ақауды анықтау үшін  одарант қосады. Шамасы, сол шамадан артық қосылған болуы мүмкін, — деген «Техногаз» ЖШС директоры Руслан Әміртаев өзі басқарып отырған компания тек көгілдір отынды қабылдап, тасымалдау жұмыстарымен ғана айналысатынын айтты.

Брифингке қатысқан мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов газ иісінің шығу себептерін анықтайтындарын мәлімдеп, сондай-ақ газ тарату мекемелерімен кездесу ұйымдастыратындарын айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button