Басты жаңалықтарСпорт

Спортшылар марапатталды

Ақтөбеде облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың, Ұлттық Олимпиада комитетінің департамент директоры Елсияр Қанағатовтың, спорт саласының ардагерлері мен спортшылардың қатысуымен  ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Қазақстанда олимпидалық қозғалысты дамыту және қорғау, олимпиадалық құндылықтарды тарату және жетілдіру мақсатында жұмыс істейтін комитет 1990 жылы құрылып, 1993 жылы 20 қыркүйекте Халықаралық олимпиада комитетінің қолдауын тапқан. Жиында Бұлбұл Елеусінова жиналғандарды мерекемен құттықтап, өңірде спорт саласында атқарылып жатқан істерді тілге тиек етті:

— Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардан бастап төл спортшыларымызды тәрбиелеп, төрткүл дүниеге танымал еткен, талай спортшымызды толағай табыстарға жетелеген — Ұлттық Олимпиада комитеті. 30 жылда талай қазақ спортшысы көк байрағымызды биікте желбіретті. Ақтөбе облысының өзінен әр жылдары Асхат Шахаров, Галиб Джафаров, Саламат Отарбаев, Мейрамбек Айнағұлов, Гүлнар Көшербаева, Нұрислам Санаев сынды дарабоздар шықты.

Мұның барлығы — еліміздің спорттағы әлеуетін көрсете білген, тартысты жерлерде спортшыларымыздың құқығын қорғап, өз тұғырнамасын қорғай білген комитеттің атқарған жемісті жұмыстарының нәтижесі.

Өңірде спорт пен денешынықтырудың дамуына, бұқаралық спорттың насихатталуына бағытталған іргелі істер атқарылып келеді. Жылдан-жылға спорт нысандарының саны артып, заманауи кешендер тұрғызылып жатыр, —  деді ол.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, осы отыз жылдың ішінде Қазақстан әлемдік спорт аренасында өзін лайықты қарсылас, спорттық держава ретінде көрсете алды.

—  Әр жеңістің артында бапкерлер мен спортшылардың өлшеусіз еңбегі жатыр.

Бұл — спортшыларымызды Олимп шыңына жетелеген Ұлттық Олимпиада комитетінің орасан зор еңбегі. Осы жылдар ішінде Олимпиада ойындарына 18 ақтөбелік қатысты. Токиода өткен Олимпиада ойындарында облысымыздың атынан барған 6 спортшы бақ сынап, ел қазынасына 1 қола медаль салды (Н.Санаев, еркін күрестен).

Өңірде спорт саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, 1991 жылы облыста 1263 спорт нысаны болса, қазіргі уақытта олардың саны 1975-ке жетті. Осы жылдар ішінде 712 спорт нысаны салынды. Биылдың өзінде 28 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде футбол академиясы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы бар, — деді ол.

Жиында Ұлттық Олимпиада комитетінің департамент директоры Елсияр Қанағатов, ҚР еңбек сіңірген бапкері Әлімбек Балмағамбетов, ҚР еңбек сіңірген бапкері Асылбек Құлмағамбетовтер сөз алып, Ұлттық Олимпиада комитетінің 30 жылдығымен құттықтап, спортшыларға жаңа жеңістер тіледі.

Іс-шара соңында Елсияр Қанағатов бір топ спортшыға, ардагерлерге «Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетіне 30 жыл» мерекелік медалі мен Алғыс хаттар тапсырды. Оның ішінде Асылбек Құлмағамбетов, Әлімбек Балмағамбетов, Наурызғали Сибағатов, Саламат Отарбаев, Галиб Джафаров, Евгений Гончаров сынды спортшылар мен сала ардагерлері арнайы медальмен марапатталды. Тағы бірқатар адамға Алғыс хаттар тапсырылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button