Әлеумет

Елдік көрініс пен ертеңгі бағдар

30 тамыз — Қазақстан Республикасы Конституциясы күні

Алдымен арғы тарихты еске түсірсек, өз мәдениетін қалыптастырған Дала өркениетінде де белгіленген Заң ережелері  болды. Олар «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты дау-дамайды бірауыз кесімді сөз, кесекті шешіммен реттеп отырған билер институттары еді. Есті сөзді кейінгі ұрпаққа  үлгілеу қазақтың дәстүрлі өмір салтының ажырамас бөлігі ғана емес, тұтас руханиятының көрінісі. Кейін олар ұлт  үшін демократиялық принциптегі конституциялық құрылымдарына негіз болғаны  тарихтан белгілі.

Дана халқымыз «Есті сөз — атадан балаға мирас» дейді. Бұған нақты мысал, ділмар шешендік Өскенбай биден аға сұлтан  Құнанбайға, Құнанбайдан Абайға ауысқан. Әкесі Құнанбай Абайды «өзімдей болсын, өзімнен де асып түссін»  деген ізгі ниетпен тәрбиелеген, жастайынан ел ісіне араластырған. Құнанбай өзге балаларынан гөрі Абайдың сергек, ойлы, ұғымтал екендігін аңғарып, 13 жасынан Семейде оқып жатқан медресесінен қайтарып, түрлі жауапты да күрмеуі қиын тапсырмаларға жұмсайды. Әке нұсқауымен үлкендермен сәлемдесу, жөн сұрасу, салт-ғұрыптың төркінін анықтаудан бастап,  Қаратай шешенмен сөз қағысу, Шорманның Мұсасымен мәжілістес болып, тапқырлық танытуы, қайынатасы Алшынбай сынды шешенмен ой жарыстыру — Абай өткен үлкен әрі ұлы мектеп.

Осындай Дала академиясынан көрнекті тұлғаларымыз — Майқы би,Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтекедей билер мен шежірелі шешендеріміз де өткен болатын. Олар жастайынан сөз саптауға төселіп, тапқырлық пен алғырлықтың, даналық пен даралықтың, ұлылық пен ұлағаттылықтың зердесін меңгерген сөз көсемдеріне айналды. Ел ішіндегі дауларды былай қойғанда, халықаралық қақтығыстарды да бір сөзбен, тобықтай түйінін келтіріп шешіп отырған. Бұл тәлімгерлік қасиеттерден біздің бүгінгі депутаттарымыз да, сот қызметкерлері де қисынына қызығатын асыл қазынамыз ретінде үлгі алып жатса, артық болмас еді.

Көнеден тамыр тартқан заң жүйелері «қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтып, соның нәтижесінде хандығымыз барынша күшейіп, дәуірлеген кезең болды» деген тарихи жазбалар бар. Осы заңдар мен «Алаш» партиясының бағдарламасынан бастау алатын заңдар жүйесі, бүгінгі Конституциямыздың тұтас болмысы іспеттес. Өйткені би алдында екі тараптың бірі жеңіп, бірі жеңілуімен ғана шектелмейді, екі жаққа да шындықты мойындатып, ризалықпен бітістірген. «Билік айтқан би — би емес, бітістірген — би» деген нақыл содан қалған. Күнделікті  өмірде, әлеуметтік желілерден көріп, естіп жүргеніміздей, бүгінгінің билерінің қисынсыз, әділетсіз немесе екі жақтың да көзін жеткізе алмайтын шешімдері көп болып жатады. Олар кей жағдайларда атам қазақтан келе жатқан «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ескертпе-тәмсілді де естен шығарып алады. Ал бұлардың бәрі Ел Конституциясында анық жазылған адам құқықтарына нұқсан келтірері хақ.

Билердің басты мақсаты әлеуметтік ортадағы тыныштықты, татулықты орнықтыруға жетелеу, әркімді алдымен ар-намысына  жүгіндіріп,  әл-ахуалды ашумен ушықтырмай, ақылмен саралауға тәрбиелеу болған. Өйткені ары таза, көңілі ақ адам өз іс-әрекетінен қанағат алып, тыныш өмір сүреді, өзгелермен де жарасымды қарым-қатынас жасай алады. Халқымызда бітімгершілік уәжге құлақ аспау — көргенсіздік, тексіздік ретінде бағаланған. «Бітімшілікке тоқтамағаннан береке іздеме» деген сөз осыдан шыққан. Соның сабақтастығы — қазіргі «медиация» заңы. Қазақ халқы жөн сөзге құлақ асып, мәнін түсіне, қастерлей білген. Демек,  қазақ қоғамындағы құқықтық сана өте жоғары болған. Сондықтан да бүгінгі заман  судьясына өтетін адамға қойылатын басты талап — мемлекеттік тілде еркін сөйлеу, сауатты жаза білу, яғни жан-жақты, ой-толғауы зор, өзіндік пікірі бар маман болуы қажет. Қазақтың тілін, тарихын, әдет-ғұрпын, әдебиетін, мәдениетін білетін, имандылық сабақтарын оқыған, жауапкершілігі мол судьялар көп болған  сайын біз әділетті қоғамға жақындай түсеміз.

Бергі тарихқа көз жүгіртсек,  Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда РКСФР-дің 1925 жылғы Конституциясын басшылыққа ала отырып қабылданды. Өйткені ол кезде біз Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялық республика едік. Ал 1936 жылғы 26 наурызда  Қазақ КСР-нің кезекті Конституциясы қабылданды. 125 бапты қамтыған бұл құжатта КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс ҚазКСР өзінің егемен құқықтарын толық сақтай отырып,  мемлекеттік билікті дербес жүзеге  асыратыны мәлімделген. Экономикалық, саяси, қорғаныс желілері бойынша өзара көмекті жүзеге асыру мақсатында өзге де тең құқылы республикалармен ерікті біріккені, ҚазКСР-нің аумағы оның келісімінсіз өзгермейтіндігі, сот процесінің қазақ тілінде жүргізілетіні, тағы басқа көптеген маңызды мемлекеттік-құқықтық қағидалар бекіген. Бұл Конституция жеңіске жеткен социализмнің негізгі Заңы ретінде ұзақ уақыт қолданыста болған бірден-бір Заң болды. Алайда жылдар өте келе біздің идеологиялық тұрғыдан қойған мақсаттарымыздың (Коммунистік қоғам құру) орындалмайтындығы, оның елес екені белгілі бола бастады. Міне, осыны ескерген Коммунистік партия басшылығындағы Кеңес Үкіметі осы тұста идеология саласында ДАМЫҒАН, КЕМЕЛДЕНГЕН СОЦИАЛИЗМ ұғымын енгізді. Содан соң осы идеяны негіздей отырып 1978 жылғы 20 сәуірде  сол кездегі республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VІІ сессиясында 19 тараудан 173 баптан тұратын жаңа Конституция қабылданды. Бұл Конституция кешегі Кеңес  өкіметі құлағанша қолданыста болды.

Ал 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі ІХ сессиясында Тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясы қабылданды. Осы Конституциялық Заңды әзірлеудің, қабылдаудың басы-қасында заңгер-ғалымдар С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, С.Сартаев, М.Баймаханов, басқа да қоғам қайраткерлері болды. Сонда өзге ұлттың кейбір өкілдері қазақтың мүддесін қолдап жатқанда, өзімізден шыққан базбіреулер, бұрынғы құлдық сана деңгейінде, бөтен мінез көрсетті. Дегенмен аталған Декларацияда қазақ халқының тағдырына жауапкершілікті сезіну, оның өзіндік мәдениеті мен тілін қайта жаңғырту мен дамытуға мемлекеттік қамқорлық көрсету қажеттілігі республиканың міндеті ретінде көрсетілді. Ұлттық мемлекеттілікті сақтау, қорғау және нығайту мәселелері алға қойылды.  Елдің тәуелсіздігін, нарықтық экономика мен демократиялық мемлекеттілікті қалыптастыруға қажетті заңи негіздерді бекіткен, қазақ парламентаризмінің жарқын беттерін жазған бұл Конституцияның орны ерекше.

Ақыры 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда бүгінгі қолданыстағы Конституция  қабылданды. Оған төрт рет — 1998, 2007 және 2011, 2023 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жалпы, әлемдік практикада Конституцияға жиі өзгерістер енгізу көп кездесе бермейді. Әрине, өтпелі кезеңдегі қоғамымыз үшін жоғарыдағы өзгерістерді енгізудің объективті себептері болған шығар, дегенмен субъективті тұстар да аз болмады. Мәселен, олардың бірқатары біздің мемлекеттің тұңғыш Президентінің жеке басына, мәртебесіне т.б. қатысты енгізілген өзгерістер. 2023 жылғы өзгерістер мен толықтыруларда осы орын алған олқылықтар мүмкіндігінше жойылып, қалпына келтірілді.

Қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыздың  шамамен үштен біріне (30-дан астам бабына, 7 Конституциялық Заңға және 15-тен аса Заңға) өзгертулер енгізілді. Олардың ішінде: суперпрезиденттік басқару формасынан «мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде орындау; Президенттің  өзінің президенттік өкілеттілігін атқару кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтата тұруы; Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салу; Парламенттің рөлін күшейту, Мәжілісті 70% партиялық тізіммен, 30% бір мандатты округтер бойынша аралас жүйемен қалыптастыру; саяси партияларды тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету; сайлау процесін жаңғырту; азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау; азаматтық қоғам институттары мен БАҚ рөлін күшейту, тағы басқа.

Көріп отырғанымыздай, Қазақстан тарихындағы әрбір Конституцияның өз миссиясы мен атқарған қызметі болды. Әрқайсысының өз орны, өзіндік бояуы бар. Ішкі-сыртқы алуан түрлі қысымдарға қарамастан, еліміздің абзал ұлдары қазақ мүддесіне қатысты іргелі деген мәселелерде тастүйін ұйымдаса білді. «Ұлтыма болсын» деген ойларының өзегін бүгінге жеткізе алды.  Әйтпесе 1926 жылы Одақтас мәртебесін иелену, 1978 жылы өзіндік ерекшеліктерді шамамызға қарай сақтап қалу, дамыту, ал 1993 жылы коммунистік тоталитаризм түнегін жарып шығу оңай болмады.

Біздің қолданыстағы Конституциямыздың Кіріспесіне және 1-бабына Қазақстанның әлемдік құндылықтарды ұстанатыны — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның ең қымбат қазынасы болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны туралы идея енгізілген. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу Республика  қызметінің түбегейлі принциптері деп жарияланды.

Конституциямыз бойынша әлеуметтік мемлекет қағидатына негізделген әлеуметтік саясат — азаматтардың әлеуметтік құқық­та­рына кепілдік беретін және қорғайтын мем­­лекеттің конституциялық міндеті. Осы ар­қылы азаматтардың әділеттілік негізін­дегі құқықтары сақталып, материал­дық құн­дылықтары қамтамасыз етіледі. Мемле­кет үшін адамға деген қамқорлықтан, оның материалдық әл-ауқатын арттырудан басқа маңызды ештеңе жоқ, сондықтан да мемлекет адамдардың лайықты өмір сүруі үшін бәрін жасауға міндетті. Қазіргі уақытта елімізде жүргізіліп жатқан «Ауыл аманаты» әлеуметтік бағдарламасының да көздегені — осы мақсат. Өңірімізде жұмыссыздықты азайтатын және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетін бұл бағдарлама біздің облысымызда облыс басшысының жалпы бақылауымен және  жетекшілігімен басқа өңірлерге қарағанда сәтті, нәтижелі жүзеге асуда. Бұл іске басқа да саналы азаматтар, бұқаралық ақпарат құралдары жұмылдырылып, бағдарламаның халыққа тиімділігі бойынша ауыл халқы арасында түсіндірме-танымдық жұмыстар жүргізілуде, бұл іс-шара өз жалғастығын алда да табатын болады.

Сөйтіп, Конституциямыз берген кепілдіктің арқасында қоғамда жаңа құндылық матрицасын қалыптастыру үшін мемлекет еңбек идеологиясы мен ынтымақтастықты, білім беру культін, табиғатқа ұқыпты қарауды мақсатты түрде бастады.

Білім алу құқығы қазіргі  заманғы қоғамның аса маңызды игіліктерінің бірегейі болып табылады. Білім сапасы әрбір қазақстандық азаматтың рухани-адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени және  дене дамуының, кәсіби біліктілігінің деңгейін  қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар тудыруға тиіс. Абай өзінің 18-қарасөзінде «Тегінде адам баласы адам баласынан  ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен  озбақ» деп байлам жасаған. Білім мен ғылым — болашаққа салынған үлкен капитал. Біз осыны ұмытпағанымыз абзал.

Кез келген мемлекеттің ең басты парызы және міндеті — Конституциялық ережелердің неғұрлым іске асырылуын қамтамасыз ету, конституциялық құндылықтар мен талаптарға кепілдік беру, оларды іске асыру. Мемлекетте демократиялық және имандылық-құқықтық әлеует неғұрлым кең пайдаланылса, ол елдің Конституцияның құндылығы да соғұрлым жоғары болады. Негізгі Заңымызды бұлжытпай сақтау — Қазақстанның өркендеуіне, еліміздегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың нығаюына кепілдік береді. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті, көзқарастарды, құндылықтарды, құқықтық сананы, тәрбиені қалыптастыру Конституциядан бастау алады.

ХХІ ғасырдағы табысты қоғам — бұл заң тұрғысынан сауатты адамдар қоғамы. Ал заң тұрғысынан сауаттылықтың бастауы, бірінші кезекте — Конституцияны білу. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырмай, әрбір азаматтың бойында Ата Заңға деген терең құрмет сезімін тәрбиелемей, оның нормативтік ережелерін күнделікті тұрмысымызға сіңдіруге тікелей және белсенді араласуға дайындықты қалыптастырмай экономикалық, саяси және әлеуметтік міндеттерді шешуге болмайтынын уақыт көрсетті. Өйткені  құқықтық мәдениет жоқ жерде құқықтық жүйе де қауқарсыз. Ал Заңы мықты елдің экономикасы да мықты болмақ.

Мемлекеттің тұрақты қызметінде қоғамдық  сананың рөлі зор. Ал қоғамдық сана өз кезегінде құқықтық мәдениеттің бір элементі болып табылатын құқықтық сананы да қамтиды. Сондықтан қоғамдық сананы ойдағыдай жаңғырту барлық субъектілердің, мемлекеттік институттардың да, азаматтық қоғам институттарының да, азаматтардың да құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған шараларды және нақты жобаларды әзірлеуді қажет етеді. Бұл тұрғыда Жаңа Қазақстанда кең ауқымды дүниетанымдық және идеологиялық жұмыс жасалуға тиіс.

Жалпы, дамыған елдерде Ата Заң негізгі үстел кітапшаларының бірі болып есептеледі. Себебі бұл құжат адам өмірінің барлық іс-әрекеттерімен байланысты. Онсыз тіршілік ету қауіп-қатерге толы болары анық. Өйткені елдегі тыныштық пен тұрақтылық әрдайым тәртіппен реттеледі.

Ендеше, Елдің елдігі, мемлекеттіліктің темірқазық бағдары айқындалған Ата Заңымызды ардақтау — әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Қазақстан Конституциясы уақыт сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді.

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button