Әлеумет

Мемлекеттік тіл және көрнекі ақпарат

Қазақтың әп-әдемі, үш тіл білетін қызы өз ісін қолға алыпты. Қабырғаға Қадыр Мырза Әлінің, Мұхтар Әуезовтің сөздерін іліп қойғанынан оның өз тілін өгей санамайтыны да көрінеді.

Алайда тұтынушыларға ұсынатын түрлі ақпараттар тек орыс тілінде жазылған. Бұл ісінен жас кәсіпкердің орыс тілінде білім алғаны, ол тілді барша халыққа ұғынықты санап, басымдық беретіні, мемлекеттік тіл туралы заң талаптарынан бейхабар екені байқалды. Дегенмен мамандардың түсіндіруімен заң талабымен танысқаннан кейін, өз қатесін түзеуге әзір екенін білдірді. Кәсіпкер қатесін түзетіп, қазақ тілді тұтынушыларға қиындық тудырмайтындай, өз тілінде ақпарат ала алатындай жағдай жасаған күнде, біздіңше, бұл жерде еш дау-дамайға, артық сөзге, кінәласуға орын жоқ.

Бұл — Ақтөбеде көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру мақсатында қолға алынған әлеуметтік жоба аясындағы рейд барысында болған жайт.

Жобаны Ақтөбе қаласының әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырып отыр. Оның аясында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының иелеріне заңнама талаптарын түсіндіру, заңға сәйкес келмейтін жарнамаларды анықтап, ретке келтіру, осы мақсатта рейдтер ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ кәсіпкерлердің тапсырысы бойынша орыс тіліндегі мәтіндерді тегін аудару да қарастырылған. Бұл үшін арнайы жедел желі қызметі іске қосылыпты.

Жоба аясындағы рейдтер 25 тамыз бен 25 қыркүйек арасында өткізіліп, Ақтөбе қаласында, кемі, 1000 шақты нысанды аралап шығу жоспарланған. Ол үшін арнайы топ құрылды. Топ құрамында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері, түрлі қоғамдық ұйымдар мүшелері, тіл жанашырлары, журналистер бар. Алғашқы рейд қаланың орталық даңғылы — Әбілқайыр хан даңғылының бір бөлігінен басталды. Расы керек, бұл маңайдағы түрлі нысандардың көпшілігі — тамақтану орындары, дүкендер, тіл оқыту және білім беру курстары, дәріханалар, стоматологиялық кабинеттер, туристік агенттік, ломбард, т.б. — мемлекеттік тілде ақпарат беруді тек екі тілдегі маңдайшамен шектеген. Ал жұмыс кестесі, түрлі жарнамалар, хабарландырулар, баға туралы ақпараттарға келгенде, «баршаға түсінікті» деген бұрынғы ұғымды негізге алып, орыс тілін ғана қолданған. Өз кезегінде бұл — Тіл туралы Заңның 21-бабына қайшы келетін іс. Алайда мамандардың, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің түсіндіруінен, яғни заң талабы алға тартылғаннан кейін кәсіпкерлердің барлығы да сөзге келместен өз қатесін түзеуге уәде берісті.

Орыс тілінің «баршаға түсініктілігін» бұрынғы ұғым дейтініміз — қазір қазақ мектебін бітіріп, қазақтілді ортада ғана өмір сүріп келе жатқан азаматтар немесе Қытай, Моңғолия сияқты шетелдерден қоныс аударған қандастарымыз көп. Олар орыс тілін түсіне бермейді.

Ұйымдастырушылар осы жоба қорытындысында қызмет көрсету саласының еңбеккерлеріне, кәсіпкерлерге арналған семинар-кеңес өткізуді де жоспарлап отыр.И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button