Басты жаңалықтарӘлеумет

Ақтөбелік партиялықтар балаларды мектепке дайындауға көмектесті

Бүгін облыстық мәслихаттағы Amanat фракциясының мүшелері «Баланы мектепке дайындайық» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясына үлес қосты. Депутаттар 20 балаға оқу құралдарын алып, қаржылай көмек көрсетті. Жаңа оқу жылына дейін аманаттықтар облыстағы 2 мыңнан астам оқушыны мектепке дайындауға қол ұшын бермек.

    
Көмекті өңірде көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар алды. Бір жанұяда 7 бала болса, енді бірі ата-анасыз қалған балаларды қамқорлыққа алған. Барлығы да балаларына мейірім мен қамқорлық сыйлап, қолдау көрсеткен аманаттық депутаттарға дән риза. Сондай-ақ іс-шараны ұйымдастырған Amanat партиясына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

— Қызымның екі ұлын қамқорлығыма алдым. Үлкені Алматыда университетте оқиды, екіншісі 7 сыныпқа көшті. Жалғызбасты анаға екі баланы жетілдіру оңай емес. Оның үстіне 4-5 жылдан бері осы балаларға арнап үй салып жатырмын. Оның қақпасын тұрғызуға да депутаттар көмектесті. Қайырымдылық ісі үшін Amanat партиясына және депутаттарға ризашылығым мол, — деді 63 жастағы Ағила Дилмағамбетова.

Ал Қарашаш Диярованың 7 баласы бар. Жолдасы екінші топ мүгедегі, өзі бала күтімімен отыр. Оның 4 баласы мектепте оқиды. Сондықтан көпбалалы ана депутаттардың көмегі үлкен демеу екенін айтты.

«Бақытты отбасы » партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған акцияға барлық деңгейдегі депутаттар атсалысып жатыр. Қазірдің өзінде облыстық мәслихат депутаттары Талғат Салфиков, Сергей Прокопьевтың әрқайсысы 300-ден астам оқушыға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер сыйлады. Акция аясында облыстағы 2 мыңнан астам оқушыны қамту көзделіп отыр.

М.ТАБЫН

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button