Басты жаңалықтарӘлеумет

«Әр қазақстандық әуелі мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тиіс»

Қазақ тіліне судай Ақтөбедегі өзге ұлт өкілдері осылай дейді.

«Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әр азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады.
Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
халыққа арнаған Жолдауынан.

Қазір мемлекеттік тіл — қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін көп кездестіруге болады. Олардың арасында өз тілін білмесе де, қазақшаға судай, тіпті атакәсіп — мал шаруашылығымен айналысып, басқаларға қазақ тілінен сабақ беріп жүргендер де аз емес. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз тағдырын қазақтармен байланыстырып, үй мен түзде тек мемлекеттік тілде сөйлесуге дағдыланған.
Жалпы, өңірде мемлекеттік тілдің жай-күйі қалай? Ақысыз негіздегі тілді оқыту орталығына кімдер келеді? Біз құзырлы орган өкілдерімен тілдесіп, қазақ тілінің Ақтөбедегі даму қарқынын білген едік…  

 «Ұлтым — неміс, жаным — қазақ»

 Алға ауданының Тоқмансай ауылының тұрғыны Владимир Кремердің ұлты неміс демесеңіз, қазақтың тілі мен салт-дәстүрін жақсы біледі. Мал сойғанда нағыз қасапшы дерсің, тиісінше аптасына бір рет ет асып жемесе, көңілі көншімейді. Сүйікті мерекесі — Наурыз мейрамы. Қазақ қызымен отау тігіп, балаларына қазақша есім берген жігіт тек бір-ақ тілді жетік біледі. Ол — қазақ тілі.

— Әке-шешемнің ұлты — неміс, бірақ осында туып-өскен. Олар да тек қазақ тілінде сөйлейді. Өзім мектеп пен колледжді қазақ тілінде оқығандықтан, басқа тілге шорқақпын. Неміс тілін мүлде білмеймін.

Отбасымызда 6 ағайындымыз, үйдің кенжесімін. Зухра деген қазақ қызына үйлендім, үш балапанымыз бар. Балаларым да қазіргі уақытта қазақ мектебінде оқып жүр. Менің ойымша, осы елде тұратын кез келген адам қазақ тілін білуге міндетті, бұл тіптен талқыланбауы керек. Мысалы, АҚШ-қа барсаңыз тек ағылшын тілінде сөйлейсіз ғой, сол сияқты тұрғылықты жердің мемлекеттік тіліне құрметпен қарауымыз тиіс, — деген 34 жастағы Владимир ауылдағы шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істейді. Оған қосымша ретінде мал шаруашылығымен айналысып, жылма-жыл бау-бақшасын да кеңейтіп келеді. «Малдың санын айтсам, көз тиюі мүмкін. Тек қорамнан төрт түліктің баршасы табылатынын айтсам жетер», — деп күлді кейіпкеріміз.

«Аттың құлағында ойнайтын» неміс жігіті ортасы кілең қазақтардан тұратынын, оларсыз өмірін елестете алмайтынын айтады. Қай жерге барса да, орысша сөйлегендерге қазақша жауап беретінін атап өткен Володя әсіресе дүкенде тілге байланысты қызықты оқиғаларға тап болады екен. «Мені орыс деп ойлап, басқа тілде шүлдірлегендерге қазақша үн қатқанымда, көпшілігі аңтарылып қалады», — дейді ол.

Неміс ұлты өкілінің айтуынша, қазақ тілін меңгеру соншалықты қиын емес. Шынымен талаптанса, жақсылап үйреніп алуға бірнеше ай жетіп жатыр. Өйткені айналадағы қазақтармен әңгімелескеннің өзі — тегін шеберлік сағаты.

 Абайды сүйіп оқитын кәріс қызы

 М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің III курс студенті Ангелина Ким қазақтың көркем әдебиетін оқығанды жаны сүйеді. Кәріс қызының сүйікті авторлары — Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, Әзілхан Нұршайықов. Болашақ дәрігер қазақ тіліндегі газет-журналдарды да назарынан тыс қалдырмайды. Оның ойынша, Қазақстанның әр азаматының қазақ тілінде ойын еркін жеткізіп, грамматикасын білуі, ең алдымен, өзіне жақсы. Бойжеткен мемлекеттік тілді білгенінің арқасында талай байқаулардан олжалы оралған.

— Әкем — кәріс, анам — қазақ. Екеуі 2001 жылы танысқан. Анамның отбасы бұны білгенде, алғашында үзілді-кесілді қарсы болып, атам әкемді алғаш көргенде тіпті мылтық ала жүгірген (күліп). Шешемді үйден шығармай, екі әулеттің арасында кішірігім «соғыс» болыпты. Дей тұрғанмен әкем айтқанынан қайтпай, өз ата-анасын бауырларымен бірге қазақы салтпен құда түсуге жібереді. Ұзақ уақыт ақылдасқан соң қыз жақ ақырында келісімін беріпті. Бірақ, анамның айтуынша, тойда бәрі жылап-сықтаған. Нағашы әжем бата бергенде «Жұрт бір рет ойланса, сен жеті рет ойлан. Енді саған артқа жол жоқ» деп қатты күйзеліпті. Шүкір, қазір көпұлтты отбасында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Соңымнан ерген Мансұр, Айкүнім атты бауырларым бар. Бір қызығы, бүгінде нағашыларым әкемді анамнан артық жақсы көреді, — дейді университеттің қазақ бөлімінде оқитын студент.

Одан білгеніміздей, қазақ пен кәріс ұлтының ұқсастықтары көп. Екі халық та қонақжай, бауырмал, әуелгі кезекте балаларының қамын ойлайды… Сондай-ақ оларда да тұсау кесу рәсімі бар екен, өз арасында пой сұрасу және ұшырасады.

— Қазақ халқында ру болса, бізде пой деген бар. Сол арқылы корейлер бір-бірінің ата-бабасын, шыққан тегін біледі. Тәрбие жағынан да ортақ тұстарымыз кездеседі. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, қонақ күту, тіпті тұсаукесер салтымыз да ұқсас. Бізде де бала 1 жасқа толғанда тұсауын кесіп, алдына ақша, ұлттық аспап, калькулятор, күріш наны, микрофон, соя бұршағы, медициналық құрылғы сияқты заттарды қояды. Мәселен, бала күріш нанын таңдаса, нағыз еңбек адамы болады, ал соя бұршағын алса, қара жұмыс істейді деген ырым бар… Өзім кезінде ақшаны таңдасам, сіңлім домбыра, ал інім қолына қарандаш алды. Жалпы, кәрістер баланың 1 жасы мен үлкендердің 60 жас мерейтойын ерекше думандатып тойлайды. Біріншісін ата-ана жасаса, кейінгісін балалары қарымта ретінде ұйымдастыруы қажет, — дейді әңгімелесушіміз.

Шілде айында Оңтүстік Корея мемлекетіне алғаш рет қыдырып қайтқан Ангелина сапардан алған әсерімен бөлісті. Сол жақта бір ай болған ақтөбелік қыз климаттың өте ылғалды екенін, шілде айы бойы жаңбыр жауғанын айта келе, Сеул қаласының көлік инфрақұрылымына қайран қалғанын жасырмады. Қоғамдық көліктер әр 2-7 минут сайын жүреді, әрқайсысында интернет пен кондиционер бар көрінеді. Ұзын-сонар кептеліс де жоқ. Ең бастысы, қауіпсіздікке баса мән берілген. Әр бұрышта бейнекамера «менмұндалап» тұр. «Әйткенмен, өзіме туған жерім — Ақтөбем бәрібір ыстық. Ешқайда көшкім келмейді. Корей тілін де білмеймін», — деп ағынан жарылады ол.

— Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында ата-аналарға жүктелер міндет көп. Балаға кішкентайынан қазақ тілін үйретсе деймін. Сол кезде тіл жағынан ешқандай қиындық тумайды, — деген А.Кимнің Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық және қалалық атқарушы билік, өзі оқитын университеттің мұрындық болуымен өзге ұлттардың арасында өткен көптеген байқаулардың жүлдегері екенін айта кеткен абзал.

Қазақ тілінің көсегесін көгерту үшін…

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасованың айтуынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында өңірде ақысыз негізде тілдік курстар Ақтөбе қаласы мен Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында ұйымдастырылады. Биылғы 7 айда тілдерді оқыту орталығы арқылы қазақ тілін үйренуге 1497 адам келген (соның 43 пайызы —  өзге ұлт өкілдері). Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Шатлык» татар-башқұрт, «Оксана» украин, «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестіктері жанындағы жексенбілік мектептерде мемлекеттік тілді оқыту жүзеге асырылып жатыр.

— Облыста жастардың бастамасымен құрылған «Söile&Say» мен «Жастар рухы» жастар қанатының «Сөйле» тілдесу клубтары жұмыс істейді. Қазақша сөйлеу тәжірибесін қалыптастыру бағытында ашылған екі клубқа осы кезге дейін 200-ге жуық тыңдаушы қатысқан. Оған көбіне әзірбайжан, орыс, украин, кәріс, татар-башқұрт, поляк, грузин ұлттарының өкілдері келеді. Мұнымен бірге «Қазақ тілі» қоғамының облыстық, қалалық және 12 аудандық филиалы да қазақ тілінің дамуына атсалысады.

Жыл басынан бері еріктілермен бірге, облысымызда орналасқан кәсіпкерлік нысандарда «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңның 21-бабының сақталуына 27 сауда үйі, 19 жабық базар, 19 салон, 14 спорт кешені, 39 мейрамхана, 23 дәмхана, 21 дәріхана, 33 көлік жуу, жөндеу орталықтары, 41 азық-түлік, киім дүкендері иелеріне көрнекі ақпарат мәтіндерінің тілдік нормаларға сай, сауатты жазылуына байланысты әдістемелік көмек көрсетілді. Бұдан бөлек түрлі семинар-тренинг, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп келеміз, — дейді М.Жанасова.


 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Облыстық тілдерді дамыту басқармасының дерегіне сүйенсек, Ақтөбедегі 3697 көше атауының 96 пайызы — мемлекеттік тілде.

 


20 мыңнан астам тыңдаушы

Өңірде 2007 жылы ашылған тілдерді оқыту орталығында барлығы 24175 адам оқыту курстарымен қамтылыпты. Онлайн және офлайн режимдерде өтетін оқу үдерісіне өзге ұлт өкілдері ғана қызығушылық танытпайды…

— Биылғы тыңдаушылардың 32 пайызы — мемлекеттік қызметшілер, 53 пайызы — халыққа қызмет көрсету саласының қызметшілері. Олардың 42 пайызы — өзге ұлт өкілдері. Бізге келетіндердің арасында зейнеткерлер де бар.   

Қазақ тілін оқыту әдістемесі 5 деңгейден, барлығы 100 сағаттан тұрады. Тыңдаушылар үшін орталықтың ютуб-платформасында «Til Aqtobe»  каналы бар.

Ұжымымыздың ұйытқы болуымен бүгінге дейін тілдерді оқытуға арналған 83 еңбек жарық көрді. Сондай-ақ тілдерді оқытудағы жаңашылдықты, озық іс-тәжірибені көпшілікке насихаттау үшін 2014 жылдан бері «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық-әдістемелік журнал шығарамыз. Авторлардың басым көпшілігі — облыс педагогтері, — дейді Ақтөбе қаласындағы тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина.

Осы орайда қазақ тілін ақысыз негізде үйренемін деушілерге аталған орталықтың мекенжайын ұсынамыз: Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 20 «А». Байланыс телефоны: 8(7132)55-83-45.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button