Әлеумет

Салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейді

1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекстің қолданысқа енгені белгілі. «БЖЗҚ-мен бір күн» жобасы аясында заңнамадағы өзгерістер және зейнетақы қорының жұмысы туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Жанар Шайхимовамен тілдескен едік…

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2013 жылы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы (МЖЗҚ) қорының негізінде ашылды. Зейнетақы қорының Ақтөбе облыстық филиалында екі бөлім жұмыс жасайды. Сондай-ақ Хромтау, Қандыағаш қалаларында қызмет көрсету орталықтары, Мәртөк, Шалқар, Алға, Темір, Қобда, Байғанин, Әйтеке би аудандарында қашықтан қызмет көрсететін жұмыс орындары бар. Қор қызметінің негізгі мақсаты —  зейнетақы жинақтарын сенімді есепке алу және әрбір салымшыға қолжетімді, сапалы зейнетақы қызметтерін көрсету. Халыққа көрсетілетін қызметтің 93 пайызы электронды форматқа ауысқанымен, әлі күнге қор мамандарына көзбе-көз жүгінуді жөн санайтын салымшылар да бар.

Биыл жеке шотының жай-күйін анықтау мақсатында 13500 салымшы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін пайдаланды. Филиал кеңселері мен қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар күн сайын орта есеппен 150 шақты адамға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар өтініш берушілердің арасында шетелге қоныс аударуына байланысты жеке шотындағы қаражатты алу және мұрагерлік мәселелері бойынша жүгінетіндер де баршылық. Зейнетақы қорының салымшылары кез келген уақытта өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін білуге құқылы, — дейді Жанар Шайхимова.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғындарға барып қызмет көрсету түрлерін де ұсынады. Ол үшін филиалда Операциялық бөлімнен басқа, Барып қызмет көрсету бөлімі де жұмыс жасайды.

— Бұл бөлім әлеуметтік осал топтардан бөлек, шалғай елді мекендерге де қызмет көрсетеді. Арнайы заманауи құрылғылармен жабдықталған автобуста «Мобильді кеңсе» жобасы жұмыс жасайды. Жобаның іске асырылғанына 5 жыл болды. «Мобильді кеңсе» дегеніміз —  салымшыларға қызмет көрсетуге арналған барлық қажетті қондырғымен, оның ішінде жерсеріктік байланыс құралдарымен жабдықталған заманауи жоғары технологиялық шағын автобус. Биыл «Мобильді кеңсе» 24 рет іссапарға шығып, 652-ге жуық операцияны жүзеге асырды. Егер салымшы қандай да бір себеппен бірінші кезекте денсаулығына байланысты зейнетақы қорының кеңсесіне келе алмайтын болса, онда филиал қызметкерлері әлеуметтік осал топ өкіліне өздері барып қызмет көрсетеді.

Ол үшін enpf.kz сайтының Электронды сервистер бөліміне немесе 1418 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған қызметін белгілеп, өтінім беру керек.

Бұдан бөлек, филиал қызметкерлері тоқсан сайын тұрғындарға, студенттерге және аймақтың түрлі ұйымдарына Ашық есік күнін өткізіп тұрады. Ондағы мақсат —  қордың жұмысымен және көрсететін қызметтерімен жақынырақ таныстыру, еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарын аударудың маңыздылығын түсіндіру, — дейді Барып қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы Ажаргүл Төлеуова.

 Ұялы қосымшаның көмегі

 Зейнетақы қорының маманы Лаура Ізмағанбетованың айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасын алуға құқылы. Ол қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне төленеді, көлемі — 94 еселенген АЕК — 324 300 теңге.  Сондай-ақ 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы қорының міндеттеріне қосымша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу қызметі де жүктелді. Яғни 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туған азаматтар үшін жұмыс беруші өз қаражаты есебінен зейнетақы жарналарын аударады. Ол ай сайынғы табысының 1,5 пайызы мөлшерінде белгіленіп, 2028 жылы 5 пайызға жеткенге дейін жыл сайын 1 пайызға ұлғайып отырады.

Одан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Операциялық залында салымшыларға ыңғайлы болу үшін өз-өзіне қызмет көрсету аймағы қарастырылған.  

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары зейнетақы шотының бар-жоғы туралы анықтама, келісімшарттағы өзгерістер туралы барлық мәліметті жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), құпиясөз немесе электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен өз бетінше орындай алады. Ол үшін салымшы жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), құпиясөз немесе электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кез келген уақытта www. enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетке кіріп, тиісті операцияларды орындауға тиіс. ЖСН, құпиясөз және ЭЦҚ ұялы телефонға жүктелген болса, зейнетақы жарналарын үйден шықпай-ақ тексеруге болады. Ол үшін қосымшаны Android және iOS базасында жұмыс істейтін кез келген смартфон немесе планшетке жүктеп алуыңыз керек. Ұялы қосымша пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Сандық қызмет түрлерін жеке куәліксіз де алуға болады. Ол үшін жеке куәліктің сандық нұсқасы болса жеткілікті, — дейді Лаура Ізмағанбетова.

 Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Жанар Шайхимова зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге де тоқталды. Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру кезінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі бұдан былай ескерілмейді.

Әлеуметтік кодекс күшіне енгелі бері салымшы аталған зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беруге құқылы. Сондай-ақ ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар аталған зейнетақы жинақтарын 100 пайызға дейін инвестициялық сенімгерлік басқаруға бере алады.Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына қайтару мерзімі 1 жылға қысқарды, — дейді ол. — Зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 100 пайызға дейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалана алады. Зейнеткерлердің мұндай санатына әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері жатады. Қалған зейнеткерлер, егер олардың зейнетақы төлемдерінің мөлшері 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі табысты алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе, жоғарыда аталған мақсаттарға міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған өздерінің зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалану құқығын сақтайды. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар тұлғалардың толық тізімі ҚР Әлеуметтік кодексінің 212-бабында көрсетілген, — дейді филиал директоры.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Жанар Шайхимованың айтуынша, Enpf-otbasy.kz платформасы жұмысын бастаған уақыттан бері 938 814 қазақстандық біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдаланып үлгерді. Облыста үй алу мақсатында — 2 миллиард, емделуге 902 миллионнан астам қаражат жұмсалды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button