БілімӘлеумет

Мектептер оқу жылына дайын ба?

Шілде айында Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар олқылықтар анықталған.

Қазіргі таңда біздің облыстағы 410 мемлекеттік мектептің 270-інде косметикалық жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалған мектептерде жалғасып жатқан әктеу-сырлау жұмыстары 27 тамызда аяқталуға тиіс. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Білім беру ұйымдарының жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындығы» тақырыбында өткен брифингте Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева баяндады.

Бекітілген жоспар бойынша күрделі жөндеу жұмысын 13 мектепте 1 қыркүйекке дейін, 12 мектепте 1 қыркүйектен кейін аяқтау жоспарланған. Егер Ақтөбе қаласы Сазды орта мектебі, Мақсұт Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты, Қобда ауданындағы Жиренқопа орта мектебі, Исатай Тайманов атындағы мектеп-гимназия, Шалқар ауданындағы Ідіріс Үргенішпаев және Әліби Жангелдин атындағы орта мектептер, Әйтеке би ауданы Еңбекту негізгі мектебінде жөндеу қыркүйекте аяқталмаса, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін уақытша орналасу орындары белгіленді. Біз мердігерлермен кездесіп, қыркүйекке дейін аяқтау үшін жұмысшы санын көбейту керегін айттық. Аталған жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуы министрлік және жергілікті атқарушы орган тарапынан тұрақты бақылауға қойылған, — деді Гүлнар Сәрсенғалиева.

Сондай-ақ департамент басшысының айтуынша, өңірдегі білім ұяларының 77-сінде спорт залы жоқ, 37 мектепте асхана қарастырылмаған.

Мектептердің 29,8 пайызының жылу қазандығы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Облыс мектептері толық жылы дәретханамен қамтылған, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алайда Мәртөк ауданы Егізата негізгі мектебі, Дмитриевская негізгі мектебі, Қобда ауданы Ақсай бастауыш мектебі биотуалет қолданады. Кейбір мектептерде даладағы дәретхананы пайдаланатыны анықталған.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button