Басты жаңалықтарСпорт

Биылғы ең елеулі ойын «Ақтөбе»-«Қайрат» — 4:2

5-6 тамыз күндері чемпионаттың 18-тур ойындары өтті. Бұл турда «Астана» мен «Ордабасы» ойнаған жоқ. «Тобыл» Қостанайда қызылордалық «Қайсардан» ұтылып қалды (0:2).

3 тамызда ғана Конференция лигасының іріктеу турнирінде Кутаисидің «Торпедо» (Грузия) командасымен ойнаған «Ақтөбе» 6 тамызда «Қайратты» қабылдады. Жанкүйерлерге лық толы стадион командамыздан тек жеңісті ғана күткен еді. Солай болды да. Рас, бұл аса бір қиындықпен келген ұтыс болды. Бірінші таймда қос команданың бір-бірінің қақпасына қос голдан соғуы — сол қиындықтың бір дәлелі.

Алғашқы голды «Ақтөбе» соқты. 20-минутта қарсыластар қақпасы алдында Бауыржан Байтана сол маңда жүрген Рожерио Шинаға қолайлы пас тастады да, Шина доппен сәл ілгері жүгіріп барып, кенеттен соққы жасады. Жербауырлай ұшқан доп қақпаның сол жақ бұрышына лып етіп енді де кетті — 1:0.

Алматылықтардың жауабы дайын екен. Айып добын орындағын Лев Курагин арқылы келген допты 29-минутта Дмитрий Сергеев голға айналдырды — 1:1.

Арада бес минут өтер-өтпесте «Ақтөбе» тағы да алға шықты. Оң қанатпен құлдилап келе жатқан Әділхан Таңжарықов Бауыржан Байтанаға әдемі пас тастады. Алматылық қақпашы өзіне қарсы жүгірген шақта Бауыржан оқыс қимыл жасап, допты өзінен де гөрі ыңғайлы позицияға келе қалған Элдер Сантанаға қарай асыра қойды. Сантана ашық қалған қақпаға допты сүңгітті де жіберді — 2:1.

Осы бірінші таймның соңғы минутында қақпашымыз Стас Покатилов қателесті. Әлденеге абдырап, оп-оңай ұстап алуға болатын допқа аяқпен тосқауыл қоймақ болды да, тосқауылға дұрыс ілікпеген доп қақпаға еніп кете жаздап барып, діңгектің дәл түбінен сыртқа аунап түсті. Бұрыштама доп белгіленді де, Артур Шушеначев әуелей келген допты қақпаға баспен дәл бағыттады — 2:2.

Екінші тайм ақтөбеліктердің тынымсыз шабуылдарымен басталды. Алматылық қақпашы Данил Устименконың мазасы май ішкендей болды. 52-минутта Данилдің де шарасы таусылды. Айып алаңының сыртынан белгіленген айып добын Әлібек Қасым шірене теуіп, қақпаның сол жақ төменгі бұрышына сіңірді де жіберді — 3:2.

56-минутта келесі гол соғылды. Андрия Филипович шалқалап барып қайшылай тепкен допты, обалына не керек, Устименко кері серпіп үлгерген. Дегенмен сол допты дереу қақшып түскен Дмитрий Шомко нысананы дәл көздеді — 4:2.

Ойын осы есеппен аяқталды.

Расын айтсақ, бұл кездесу осы турдағы ғана емес, жалпы биылғы чемпионат барысындағы ең елеулі ойын болды. Жанкүйерлер тамаша спектакль көргендей әсер алды. Ең бастысы, «Ақтөбе» командалық ойын қандай болуы керектігін іс жүзінде көрсетті, жеңіске қалай    жету қажет екендігін нақты ұқтырды. Турнир кестесінде өзінен ілгері келе жатқан «Астананың» өкшесін басып, «Ордабасы» командасына жақындай түсті. Дәл осы қарқынынан таймаса, жерлестеріміз биылғы чемпионатты абыройлы аяқтайтындығына баршаны сендіргендей болды.

«Ақтөбе»-«Қайрат» — 4:2

Гол авторлары: Рожерио Шина, 20-минут (1:0), Дмитрий Сергеев, 29-минут (1:1), Элдер Сантана, 35-минут (2:1), Артур Шушеначев, 45+1 минут (2:2), Әлібек Қасым, 53-минут (3:1), Дмитрий Шомко, 57-минут (4:2).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан), Дмитрий Яшин,​ Әлібек Қасым, Леонел Струмия, Милош Раичкович (Эхаб Гнаем, 78-минут), Әділхан Таңжарықов (Ескендір Қыбырай, 78-минут), Рожерио Шина (Дмитрий Бессмертный, 85-минут), Бауыржан Байтана (Абылайхан Жұмабек, 85-минут)​, Андрия Филипович (Арман Кеңесов, 73-минут), Элдер Сантана.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

6 тамыз 2023 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 12 354 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Элдер Сантана, шабуылшы — 4 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4 гол;

Лука Гадрани, қорғаушы — 3 гол;

Андрия Филипович, шабуылшы — 2 гол;

Ескендір Қыбырай, қорғаушы — 2 гол;

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол,

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 2 доп;

Абылайхан Жұмабек, шабуылшы — 1 гол;

Милош Раичкович, жартылай қорғаушы —1 доп,

Франк Ньянгбо, жартылай қорғаушы — 1 доп,

Дмитрий Шомко, қорғаушы — 1 доп.

*   *   *

Жерлестеріміз 18 кездесу өткізіп, 11 рет жеңді, 5 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.

Ұпай саны — 38. Доп айырмашылығы — 35:17.

*   *   *

Он сегізінші турдан соңғы алғашқы үштік — «Ордабасы» (42 ұпай), «Астана» (39 ұпай), «Ақтөбе» (38 ұпай).

4, 5, 6-орын иелері — 29 ұпайдан жинаған «Қайрат» пен «Қызылжар» және 26 ұпайы бар «Тобыл»

7,8,9-орындарда 24 ұпайдан жинаған үш команда тұр: «Қайсар», «Атырау», «Жетісу».

10-орынға 19 ұпайы бар «Шахтер» орнықты.

Соңғы төрттікте, яғни 11,12,13,14-орында қалғандар — «Оқжетпес» (14 ұпай), «Каспий» (14 ұпай), «Мақтаарал» (12 ұпай), «Ақсу» (11 ұпай).

*   *   *

Басқалардан «Тобылдың» 2 ойыны, ал «Ордабасы», «Қызылжар», «Оқжетпес», «Мақтаарал» командаларының 1 ойыны кем екендігін еске саламыз

*   *   *

19-тур ойындары 12-13 тамыз күндері өтеді:

12 тамыз, сенбі

«Атырау» — «Каспий»

«Оқжетпес» — «Жетісу»

13 тамыз, жексенбі

«Қайрат» — «Тобыл»

«Ақсу» — «Ақтөбе»

«Қызылжар» — «Шахтер»

«Қайсар» — «Ордабасы»

Бұл турдың бір ойыны 10 мамыр күні өтіп, «Астана» «Мақтааралды» 1:0 есебімен жеңген болатын.

Е.АХАТҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button