Білім

Мектепке әзірлік басталды

Жаңа оқу жылының басталуына да бір айдан аз уақыт қалды. Кейбір тұрғындар мектепке әзірлікті әлдеқашан бастап кетті.

Ақтөбедегі сауда орындарының сатушылары мектеп базарын қыздыру үшін шілде айының аяғынан бастап түрік, қырғыз, өзбек ағайындардың өнімдеріне тапсырыс бере бастаған. Ал оқу құралдарының дені Ресейден әкелінеді екен. Облыс орталығындағы оқушы киімдері мен оқу құралдарын сататын сауда орындарын аралап шыққан едік. Сонымен…

 Өзгеріссіз қалған талаптар

 Мектеп формасы — оқушының міндетті атрибуты. Жаңа оқу жылында да мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады. Осы ретте Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы №26 қолданыстағы бұйрығы басшылыққа алынып, оқушылар былтырғы немесе биыл сатып алған мектеп формасымен сабаққа бара алады. Бұл туралы бізге облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің бас маманы Гүлдана Бакиева айтты.

— Мектеп формасы классикалық үлгіде болуға тиіс. Оқушы киімі күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.

Ұлдардың мектеп формасы пиджак, жилет, шалбар, күнделікті жейдеден тұрса, қыздардың мектеп формасы пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейдеден тұрады. Ұлдардың мерекелік киіміне күнделікті формаға қосымша ақ жейде, қыздар үшін ақ түсті блузка қосылады. Айтпақшы, ұлдардың да, қыздардың да шалбары еркін тігілген, ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет. Мектеп формасына білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін орналастыруға рұқсат етіледі. Оқушы денешынықтыру сабағына спорттық киім мен кроссовка немесе кеды киіп баруға тиіс, — дейді Гүлдана Бакиева.

Бұйрықпен реттелген талаптарға сүйенсек, әдеттегідей мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға рұқсат етілмейді және жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киіп-тағуға тыйым салынады. Білім алушылар мен ата-аналар, өзге заңды өкілдер  білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті.

Белгіленген мектеп формасы туралы ақпарат орта білім беру ұйымдарының фойесінде, интернет-ресурстарында жарияланып тұр.

Оқушылар киімі

 Әдеттегідей сауда орындарын араладық. Базарлар мен дүкендерде Түркия, Қырғызстан, Қытай, Ресей елдерінің классикалық үлгідегі мектеп формасы мен ақ жейделері самсап тұр. Таңдау өз еркіңізде. Бағалары да әртүрлі.

— Ұлым бірінші сыныпқа барарда костюм-шалбарға түріктерге тапсырыс беріп, оқушы киімін сатуды солай бастадым. Түркияның матасы да, тігісі де сапалы. Мен, негізінен, балалардың, жеткіншектердің, ересектердің киімдерін сатамын. Өзімізге де сол жақтан әкелеміз. Киім бағасын ойдан шығармаймын, базардың орташа бағасын ұстанамыз. Базар болғасын, саудаласады. Өз басым екі-үш баланы киіндіретін ата-аналарға жеңілдік жасауға тырысамын, — дейді сатушы Зуһра Есенаманова.

Бұл жердегі Түркиядан әкелінген костюм-шалбар жакетімен — 20 мың теңге. Оған 5 мың теңгеден аспаса, кем болмайтын шетелдің ақ жейдесінің бағасын қосыңыз. Бірінші сыныпқа баратын оқушының киіміне осындай көлемдегі қаражат керек. Базардағы оқушы сөмкесінің бағасы сапасына, матасына, түр-түсіне қарай 2,5 мың теңгеден жоғарылай береді. Негізі жұрт бағасы 4,5-10 мың теңге шамасындағы сөмкелерді сатып алып жатыр.

Облыс мектептеріндегі оқушылар шетелден әкелгенді ғана емес, отандық мектеп формасын да киіп жүр. Алтыншы жыл қатарынан мектеп формасын тігіп, өңір оқушыларына ұсынып жүрген «Aqtobe oqushy» бутигін біз «Мега Шығысты» аралап жүргенде көрдік. Бұл жерде мектеп формасының сан түрі бар.

— Мамандығым — шетел тілі пәнінің мұғалімі. Бес баламыз бар. 2016 жылы егіздеріміз Жәңгір мен Айша мектеп табалдырығын аттады. Сол жылы екеуіне

мектеп формасын іздеп сабылдық. Киімдер көп болғанымен, бірінің түрі, тағы бірінің тігісі көңілге қонбады. Сөйтіп, мектеп формасын тігу туралы идея пайда болды. Бастапқыда екі-үш қыз болып, бірігіп бастадық. Қазір қарамағымда 20 тігінші бар, бір орынды жалға алып отырмыз. Оқушы киімдерін жаз бойы тігеміз. Сұраныс көп, себебі матасы — түріктікі. Матаның әр түрінен Түркия елінен арнайы тапсырыс беріп, алғызамыз. Дайын өнімдерді сататын екі орынымыз бар: бірі — Мега Шығыста, екіншісі — Батыс-2 шағын ауданында. Бұған дейін бес жылға жуық «Арай» базарында бутигіміз болды. Сол жылдары «Астана» сауда үйінің маңына төрт жыл қатарынан «Мектеп жәрмеңкесіне» шықтық. Тұрғындар жәрмеңкеде көріп, қызығып, кейін таба алмай қалатындарын айтатын. Осылайша алты жылдан бері балалар мен жасөспірімдерге мектеп формасын тігіп жүрміз, — дейді «Aqtobe oqushy» дүкенінің қожайыны Гүлмира Таубекова. Жеке кәсіпкер қала мектептері оқушы киімінің үлгісін жыл сайын өзгерте беретініне қынжылады. Бірде сондай жағдай болыпты, шотландиялық үлгідегі форманы көп тігіп қойып, онысы сол жылы мектептің киім үлгісі өзгеріп кетіп, жарамай қалған. Келесі жылы басқа мектеп сұрап, әйтеуір, жерде қалмапты.

— Біздің бутикте бірінші сыныпқа баратын ұлға арналған костюм-шалбар жакетімен, галстугымен 14800 теңгеге сатылады. Ал қыздарға арналған юбка мен жакет галстугымен — 11 мың теңге. Былтырғы бағаны көтермей ұстап отырмын. Дәл қазір бастауыш сынып оқушыларына — 700, жасөспірімдерге 600 мектеп формасы тігіліп жатыр.Тұрақты клиенттеріміз бар. Юбка керек пе, шалбар керек пе біздің тігіншілер бәрін тігеді. Біз тек ақ жейделерді тікпейміз, оны шетелден аламыз. Алдағы уақытта «Aqtobe oqushy» атауымен жеке дүкен ашқым келеді, — дейді Гүлмира Таубекова.

 Қалам, дәптер, күнделік

Оқушыны мектепке дайындағасын, міндетті түрде оқу құралдары да түгел болуға тиіс. Облыс орталығындағы кеңсе тауарларын сататын бір дүкенде мектеп жәрмеңкесі басталып кеткен сыңайлы. Ата-аналар мен балалар толып жүр. Бұл жерде тауар түрлерін таңдауға мүмкіндік болғанымен, алайда заттардың бағасы базардағыдан сәл қымбат екенін байқадық. Мысалы, дүкендегі қаламның бағасы 75-250 теңгеге дейін жетсе, базарда қаламды 40 теңгеге сатып алуға болады. 12 беттік дәптердің бағасы 30-45 теңге болса, ал парағы күңгірттеу түсті дәптерді 18 теңгеге бағалапты. Ұштағыштың бағасы — 60 теңгеден, сызғыштар 150 теңгеден басталады. Түрлі түсті қарындаштардың бағасы түсі көптігіне байланысты 350 теңгеден 950 теңгеге дейін жоғарылай береді. Алғашқы беттерінде еліміздің мемлекеттік Гимні жазулы тұрған отандық күнделіктің мұқабасы қаттысы — 650 теңге, ал жұқасы — 270 теңге.

Ақтөбедегі кеңсе тауарларын сататын орындарда күнделіктердің сан түрі самсап тұр. Безендірілуі керемет. Қызығып, ішін ашып көрсем, дені — Ресейдікі. Бола берсін дейсіз ғой, бірақ оқушы күнделігінің алғашқы бетінде Ресей Федерациясының Гимні жазулы тұрғаны көңілге қаяу түсірді. Енді бірінде Ресейдің мемлекеттік мерекелері көрсетілген. Сонда біз қай елде тұрып жатырмыз? Басқа елге арналған күнделіктері біздің елге қай мақсатта әкелген?

Бұрын жартылай жалаңаш жұлдыздар бейнеленген дәптерлерді ұстауға тыйым салынып, оған кезіндегі депутаттардың мұрындық болғаны бар. Әлде бұған да тыйым салынар ма екен?

 «Мектепке жол» жалғасады

 Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 1 тамызда «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталғанын хабарлады.

Оқушылардың мектепке толық қатысуын қамтамасыз етуге арналған «Мектепке жол» акциясы биыл 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында «Жақсылықты жаса» ұранымен өтеді.

Акцияның мақсаты — аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылардың, жетім балалардың, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың әлеуметтік себептерге байланысты мектепке бармауының алдын алып, оларға материалдық қолдау көрсету.

Науқанға кез келген адам қатысып, мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе керісінше көмек сұрай алады. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» жұмысы үздіксіз ұйымдастырылған.

Әрбір ниет білдіруші «Мектепке жол»  қайырымдылық акциясына қатыса алады. Жақсылық жасауға атсалысайық! Балаларға материалдық көмек бере отырып, сіз оларға қуаныш пен үміт сыйлайсыз. Көмекке мұқтаж балалар туралы ақпаратты облыстық білім басқармасынан 87132 56-85-24 телефон нөмірі бойынша алуға болады.

Р.S. Облыстық білім басқармасының 1 тамыздағы мәліметі бойынша биыл 1-сыныпқа 18459 бала қабылданды. Олардың әрқайсысына мектеп формасы мен оқу құралдарын ата-анасы не қамқоршысы алып береді. Орташа бағадағы киімдер мен заттарды есептесек, бір баланы мектепке дайындауға шамамен 40-50 мың теңге керек. Мысалы, қыздардың бір бантигінің өзі — мың-мың жарым теңге. Ал аяқкиім жас ерекшелігіне қарай —  7-15 мың теңге. Бұл — біздің есеп. Сіздің есеп қалай шығар екен?..

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button