ЖаңалықтарМәселе

Қоқыс ауаны ластайды

Сондықтан оны уақтылы тасып әкету керек. Мамандардың айтуынша, қоқыс уақтылы шығарылмаған жағдайда жұқпалы ауру тарататын микробтар ғана емес, ауаға күкіртсутегі, аммиак бөлінуі де мүмкін.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақтөбе қаласының санитарлық тазалығына, ауаның жай-күйіне арналған жиын өтіп, оған облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Досжанов, коммуналдық нысандарды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Нұрлыгүл Мешітбаева қатысты.

Аталмыш департамент қызметкерлері биылғы бастапқы 6 айда Ақтөбе қаласында ауаның жай-күйін тексеру үшін 876 сынама алған, оның 3,4 пайызы, яғни 30 сынама бойынша ауаның құрамы қалыпты мөлшерге сай келмеген. Мысалы,

теміржол вокзалы маңындағы бақылау нүктесінде — көміртегі тотығы, ал Т.Рысқұлов көшесі мен Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы нүктелерден күкіртсутегі мөлшерінің тиісті деңгейден артық екені анықталған, т.б.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының облыстық филиалының деректеріне сәйкес Ақтөбе қаласында ісік, тыныс алу жолдарының аурулары және аллергиялық аурулар орташа облыстық көрсеткіштен жоғары.  2022 жылыдың деректері бойынша қатерлі ісік дерті бойынша облыстық орташа көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 182,1 болса, Ақтөбе қаласында — 197,3, т.б.

Мамандардың айтуынша, нөлден төмен температурада тұрмыстық қалдықтар — үш тәулік ішінде, ал оң температурада бір тәулік ішінде әкетілуі керек.

Сондай-ақ қала төңірегінде көгалдандыру жұмыстарын жүргізу де маңызды.

Санитарлық талаптарға сай жанар-жағар май бекеттері, 1 мың шаршы метрден астам аумағы бар сауда орындары, базарлар және қоймалар тиісті санитарлық-қорғау аймағының, ең аз дегенде, 60 пайызын көгалдандыруы қажет.

А.САРЫБАЙ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button