ЖаңалықтарМәселе

Қаржылық шығындар өтелді

Жыл басынан бері облыс тұрғындары Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өз құқықтарының бұзылғаны жайында 594 арыз-шағым түсірген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 138 пайызға көбейген.
Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаева айтып берді.
— Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі — тұтынушылық құқықтары бұзылған азаматтардың өтініштерін қарау. Биыл 6 ай ішінде дәл осындай мәселемен біздің департаментке 594 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 282-сі — бөлшек сауда саласы болса, 105-і — электронды сауда, 86-сы — тұрмыстық қызметтер, 31-і — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қалғаны — көлік, туристік қызметтер, қаржы, тамақтану, байланыс, медицина, білім беру саласындағы қызметтер бойынша түскен шағымдар. Департаментке келіп түскен өтініштерді қарау нәтижесінде тұтынушылардың 52 пайызының (303) мәселесі оң шешілсе, 243 (40 пайызы) тұтынушыға түсініктемелер берілді және құқықтық көмек көрсетілді, 48 (8 пайызы) тұтынушының өтініші өз құзыретіне сәйкес тиісті мемлекеттік мекемелердің қарауына жіберілді, — деді ол.
Оның айтуынша, биылғы жылдың 6 айында тұтынушыларға 16,8 млн теңге көлемінде қаржылық шығын өтелген. Мұндай деректердің қатарында тұтынушыларға сапасыз тауарлар сату, заңға сәйкес 14 күннің ішінде тауарды қайтарудан немесе ауыстырудан бас тарту, т.б. бар.
— Биыл облыста электронды сауда саласында тауарларды қайтарудан бас тарту, сапасыз тауар сату, тұтынушыларды алдау деректері бойынша 105 заңбұзушылық тіркелді. Аталған заңбұзушылықтар бойынша өтініштерді қарау нәтижесінде тұтынушыларға 2,1 миллион теңге ақшалай қаражат қайтарылды. Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын бұзуға қатысты орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 7 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 4 адам ескерту түрінде әкімшілік жазаға тартылды, — деді Гүлзада Алматбаева.

Данагүл ҚАЗИХАН

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button