Басты жаңалықтарДенсаулық

Трансплантация: сөнбейтін үміт сәулесі

Еліміздегі транс­плантологиялық қызмет әлемдік стандарттарға сай келеді. Ақтөбеде 2014 жылы қараша айында ең алғашқы трансплантация жасалды. Облыста 538 адам гемодиализге тәуелді болса, соның 80 пайызы бүйрек ауыстыруға мұқтаж. Өкінішке қарай, елімізде бүйрек трансплантациясын қажет ететін науқас саны азамай тұр.

Қоғам дайын емес

Ақтөбе медициналық орталығының жоспарлы хиругия және трансплантация бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Есенғалиұлының айтуынша, облыста 359 науқас мәйіттік донорға мұқтаж. Оның ішінде 21-іне — бауыр, 330-ына — бүйрек, 4-еуіне — жүрек ауыстыру керек.  Бір өкініштісі, жыл басынан бері мәйіттік донордың кезегінде тұрған 9 адам қайтыс болды. Науқастардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған 4 бала тіркеуде тұр.

Қазіргі таңда бауыр циррозы, созылмалы бүйрек және жүрек жеткіліксіздігі ауруларын емдеудің жалғыз тиімді әдісі — трансплантация. Алайда біздің қоғамда әлі донор болу түсінігі қалыптаспаған. Бұған қоғам дайын емес. Науқасқа донор табылмағандықтан, олар гемодиализ алуға мәжбүр.

Жуырда жасөспірім балаға бүйрек трансплантациясы жасалды. Оған әкесі донор болып, баласының өмірін сақтап қалды. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында жатыр. Ал әкесі отадан кейінгі толық медициналық тексерістен өткен соң үйіне жіберілді. Негізі отадан кейінгі алғашқы 20 күнде науқастың бойындағы асқынулар жіті қадағаланады. Себебі бүйрек трансплантациясы жасалған сәттен бастап адамның бойында ағзаға бейімделу процесі басталады. Сондықтан науқас аяққа тұрғанша үйіне жіберілмейді. Адам бір бүйрекпен өмір сүре алады. Ал екі бүйрегі бірдей семіп қалғанда гемодиализ аппараты көмекке келеді. Облыста 9 гемодиализ орталығы жұмыс жасайды. Гемодиализге тәуелді науқастар өзі таңдаған орталықта ем алуына мүмкіндік бар, — дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Өтеулин.

Оның айтуынша, трансплантация жасау — өте күрделі процесс. Бір ота жасау үшін 5-6 хирург, 2-3 анестезиолог, нефролог, патологоанатом, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, лаборанттар, қан орталығы қызметкерлері, медбикелер, кіші медициналық қызметкерлер қатысады. Ота бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Бүйрек отасы созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің төртінші, бесінші сатыларында жасалады. Мұндай күрделі оталар төрт сағаттан алты сағатқа дейін созылады.

Мәйіттен трансплантациялау кезеңдерінің барлығын үкімет толық қаржыландырады. Мәйіттен донорлық ағзаларды алу операциялары Денсаулық сақтау министрлігінен лицензия алған және жоғары технологиялық медициналық аппараттармен жабдықталған орталықтарда жасалады.

Бүйрегіңді сақта! 

Ақтөбеде «Биос» және «Дару» жеке гемодиализ орталықтары, сондай-ақ облыстық аурухана базасында нефрология бөлімдері жұмыс істейді. Өкінішке қарай, артериалды гипертензия, қант диабеті, атеросклероз, онкологиялық аурулар салдарынан созылмалы бүйрек ауруына шалдыққандар қатары жыл санап өсіп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас нефролог-дәрігері Дарья Януварованың айтуынша, бүйрек — ол қанды тазартады, қажетсіз заттарды сыртқа қуады, эритроциттер түзілуіне қатысады, сүйек ұлпаларының қалыпты жетілуіне қажет гормонды түзеді. Егер бүйрек бүлінсе, ағзадағы электролиттік, су-тұз және қышқыл-сілті тепе-теңдігі бұзылады, ағзада улы заттар жиналады екен.

Кез келген адам жылына бір рет ультрадыбыстық зерттеуден өткені жөн. Бүйрек кез келген уақытта сыр беруі мүмкін. Кейде науқас бүйрегінің ауырғанын сезбей де қалады. Көп жағдайда қан қысымы жоғары адамдар бүйрек ауруына шалдығып жатады. Сондықтан бүйректі сақтаудың бір жолы — қан қысымын қадағалау. Себебі қан қысымының дұрыс болмауы бүйрек жұмысының әлсіреуіне әкеліп соқтырады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, облыста 795 адам диспансерлік есепте тұр. Гемодиализ тек бүйрек ауруының 4-кезеңінде тағайындалады. Бүйрек дертімен ауыратын адамдар аптасына 3 рет гемодиализ алуға тиіс. Себебі ол аппарат науқастың өмірін сәл де болса ұзартуға септігін тигізеді. Сау бүйрек 24 сағат ұдайы жұмыс жасаса, гемодиализге тәуелді бүйрек аптасына 12 сағат қана қызметін атқарады, — дейді ол.

Осы тұста eGov.kz порталы арқылы транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейінгі ағзалар мен тіндердің донорлығына келісіміңізді немесе бас тартуыңызды онлайн тіркеуге мүмкіндік барын да білдік. Сондай-ақ созылмалы бүйрек ауруына шалдыққандар Ақтөбе медициналық орталығының базасында ашылған трансплантолог кабинетіне барып кеңес алуға болады.
Дүниежүзілік бүйрек күні 2006 жылдан бастап жыл сайын наурыздың екінші бейсенбісінде өткізіліп келеді. Атаулы күннің мақсаты — бүйрекке қатысты аурулармен күресу үшін халықаралық және мемлекеттік ұйымдардың назарын аудару.

«Ота жасатқым келді»

Бүйрегі ауыратын науқастардың бірі бізбен сөйлесуге келісті. Алайда аты-жөнін құпия ұстауды өтінді. Оның айтуынша, 17 жасында ғана бір бүйрегінің семіп қалғаны анықталған.

Мен 2018 жылы ішім түйіп, балалар емханасына түстім. Бірінші тексерісте маған бүйрегің жоқ, туа біткен бүйрек ауруына шалдыққансың деді. Алайда мен жағдайым жақсарғаннан кейін Астанаға барып, магниттік-резонанстық томографиядан тексерістен өттім. Сол кезде менің сол жақ бүйрегімнің семіп қалғаны анықталды. Бір таңғаларлығы, оған дейінгі медициналық тексерістерде бүйрегімнің ауыратынын ешбір дәрігер білмеген. Содан соң уақыт өте келе оң жақ бүйрегімнің жұмыс жасауы әлсіреді. Қазір бүйрегім 4 пайыз ғана жұмыс жасайды.

Гемодиализ алып жүргеніме екі-үш айдың жүзі болды. Гемодиализге тәуелдімін. Дәрігерлердің тағайындауымен берілетін дәрі-дәрімектің бағасы өте қымбат. Кейбір дәрі түрлерін тегін алғаныммен, өзіме қажетті дәрілерді сатып алуға мәжбүрмін. Оның бір қорабының өзі 26 мың теңге тұрады. Алдағы уақытта бүйрек отасына кезекке тұрып, ота жасатқым келеді. Алайда еліміздегі бүйрек тапшылығын ескерсек, ол отадан үмітімді үзгенмін. Енді Түркиядағы мықты емханалардың трансплантологтарынан кеңес алып жүрмін. Әзірше гемодиализді аптасына 3 рет үзбей аламын. Ал оны алмасам, өміріммен әлдеқашан қоштасар едім. Гемодиализ үстінде көз жұмған науқастарды да көзім көрді. Өзімді кез келген жағдайға дайындап жүрмін. Барынша сабырлы болуға тырысамын. Бірақ бойыңды дендеген дерттің күн сайын жаныңа бататын да жоққа шығармаймын. Алайда мен секілді бүйрек ауруына шалдыққан адамдарды өмірге құштар болуға шақырамын. Медицина күн сайын дамып жатыр, бәлкім мен де дертіме дауа табармын, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button