Экономика

Бес айда Ақтөбе облысының экономикасына 265 млрд теңге инвестиция тартылды  

2023 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының экономикасына 265 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды, бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға жоғары.

Жалпы, бұған дейін хабарланғандай, өңір жыл қорытындысы бойынша 1,1 трлн теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Оның ішінде жыл соңына дейін 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 63,7 млрд. теңгеге 46 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда.

Олардың кейбіреулері, мәселен жылжымалы бұрғылау қондырғылары мен мұнай-химия реагенттерін шығаратын зауыттар жұмысын бастады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында облыста 3 трлн. теңгені құрайтын 17 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда.

Өңірде темір жол кластері құрылуда, оның аясында 2025 жылға дейін болаттың арнайы маркаларын, 800 метрлік жіксіз рельстерді, темір жол дөңгелектерін шығаратын үш зауыт салынады.

ERG-мен жасалған меморандум аясында өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін 1,1 трлн теңге сомасына жобалар іске асырылады. Бұл – 1973 жылдан бастап Дөң Тау-кен байыту комбинатында жиналатын шламдарды қайта өңдеу, кәдеге жарату станциясы мен жел электр станциясын салу, қатты бөлшектердің кемінде 99%-ын тазарта отырып, шығарындыларды азайту үшін Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқыту цехтарын жаңғырту жөніндегі жобалар.
Сондай-ақ, ERG компаниясы «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» шахтасының екінші кезегін салу бойынша ірі жобаны жүзеге асырады.

Өңір халқының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында медицина саласын дамыту үшін Ядролық медицина орталығы бар Orhun Medical көпсалалы клиникасы, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын зауыт, сондай-ақ ТМД елдеріндегі алғашқы диализаторлар шығаратын зауыт салынады.
Цемент және цемент клинкерін шығаратын зауыт салу жоспарлануда.

Жақын арада қой жүнінен жасалған экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт пайдалануға беріледі. Шикізат өңірдегі жеке қосалқы шаруашылықтарынан сатып алынуда.

Битум зауытының құрылысы бойынша жобаны іске асыру басталды.

Кәсіпорын 500 тоннаға дейін битум эмульсиялары және тәулігіне 1000 тоннаға дейін жол, құрылыс және шатыр битумдарын шығаруға қауқарлы. Жоба аясында сыйымдылығы 100 мың тонна битумға дейінгі резервуарлық парк-терминал салынады.
Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 7,3 мыңнан астам адам тұрақты жаңа жұмыс орындарымен қамтылады деп жоспарланып отыр.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button