Мереке

Астана мен Ақтөбенің арасы

Астана қаласының ширек ғасырлық тойы тұсында біз облыста астанамыздың атауын иеленген түрлі мәдени-әлеуметтік нысандар мен көшелер туралы жазған едік. Сонымен…

«Астана» саябағы

Ақтөбе қаласындағы «Астана» саябағы 2018 жылдың қазан айында пайдалануға берілді.

Бұл саябақты жасақтауға жалпы құны 466 млн теңге жұмсалған. Нысанды қаржыландыру «Парыз» және Астана қаласы қорлары есебінен жүргізілді.

«Астана» саябағы орталықта орналасқан, яғни саябақтың оңтүстік бөлігі Әбілқайыр хан даңғылымен, шығыс беті «Нұр Ғасыр» орталық мешітімен, солтүстігі Неке сарайы аумағымен шектеседі. Саябақтың Әбілқайыр хан даңғылына шығатын бөлігінің ұзындығы — 210 метр, оңтүстік бағытының ұзындығы да сол шамада. «Астана» саябағының жалпы алаңы — 4,3 гектар.

Саябаққа «Астана» аты осында келетін тұрғындар мен қала қонақтарының Қазақстанның астанасына деген құрметін арттыру мақсатында қойылды. Саябақтың функционалдық зоналары — кіреберіс тобы, орталық ядро және ландшафттық аймақ. Кіреберіс топта екі стела орнатылған. Оның бірі Хан шатыры түріндегі ғимаратты елестетсе, «Астана саябағы» деген жазу да көркемдігімен ерекшеленеді.

Саябақтың орталық аллеясы арқылы келушілер демалыс орнының басқа бөлігіне өтеді. Орталық ядро екі оппозитті төбеден тұрады және онда Астананың түрлі түсті панорамасы 3D форматта бейнеленген. Сондай-ақ жасыл қабырғаға қарсы амфитеатр орналасқан. Амфитеатрдың сыйымдылығы — 100-120 орындық шамасында.

Саябақта сондай-ақ астананың көркем экспозициялы екі төбешікті 3D панорамасы бар. Ядро айналасында рекреациялы алаң, жол желілері, жаяу жүргіншілер жолы, сәулетті пішіндер, классикалық шамдар, орындықтар, скульптуралық композициялар, балалар алаңы, рельефті төбелер орналасқан. Саябақ қолдан жасалған, ені  — 3,5 метр, тереңдігі — 50 см. Ол Есіл өзенінің жағасына барып тіреледі. Арықтар сумен қамтамасыз етілген. Шағын өзен үстіне көпірлер салынған, бұл — саябақты қызықты элементтермен толықтырудың бірден-бір көрінісі.

«Астана» саябағы ерекше қатармен көгалдандырылған. Ландшафтты дизайн автоматты суару жүйесімен жарақтандырылған.

Қазіргі таңда бұл жерде мерекелік шаралар, басқосулар ұйымдастырылады.

Екі қаланың арасын жалғап тұр

Өткен жылы Ақтөбе қаласында ел астанасы мен Ақтөбенің арасын жалғайтын цифрлық портал орнатылды. Ол қаладағы Триатлон саябағында тұр.

Ақтөбені елордамен байланыстыратын жаңа цифрлық портал — кәсіпкер, «ASAR-реклама» ЖШС бас директоры Геннадий Зобенконың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тойына орай туған жерге жасаған тартуы.

— Мен еліміздің Тәуелсіздік тойына орай Ақтөбеге ерекше сый жасағым келді. Бұл — Еуропа қалаларында бар нәрсе. Екі қаланың арасында орнатылған экран арқылы алыста жүрген жақын адамыңмен тап қасыңда тұрғандай сөйлесуге болады. Тек екі адам емес, екі жақтан топ-топ болып та сөйлесуге де мүмкіндік бар. Әрине, телефон арқылы сөйлесесің, бірақ 1,5 мың шақырым алыстағы адамды қасыңа келгендей сезіне аласың, — деген еді кәсіпкер порталдың ашылу салтанатында.

Расымен де, бұл портал ел астанасы мен Ақтөбенің арасын жалғайтын ерекше нысан болды. Бүгінде Ақтөбенің жастары экрандардың алдына топ-топ болып жиналып, Астанадағы достарымен, туыстарымен тілдесіп, мәз-мейрам болып жатады. Бұл да елордаға деген ақтөбеліктердің ерекше құрметі деуге болады.

Астана ауданы

2018 жылы облыстық және қалалық мәслихаттың шешімімен Ақтөбе қаласында екі аудан құрылды. Оның біріне елордамыздың атауы қойылды.

Бүгінде Астана ауданында 270 мыңнан астам тұрғын бар. Аудан қаланың батыс бөлігі болғандықтан, солтүстігінде Мәртөк ауданымен шекаралас, ал оңтүстік-батыс, батыс және солтүстік-батыс аумағы Алға ауданымен шектеседі. Қаланың Сазды, Жаңақоныс, Құрашасай елді мекендері мен №39 бекет осы ауданға қарайды.  Ауданның  аумағы — 0,9 мың шаршы метр.

Аудан аумағында 1,3 млн шаршы метр аумақты алып жатқан 60 сквер мен саябақ орналасқан, қызмет көрсетумен 2 мердігерлік ұйым («Самғау-2030» ЖШС, «Нұрлы Таң Ақтөбе» ЖШС) айналысады. Сондай-ақ аудан аумағында 294 балалар алаңы орнатылған. Өткен жылы бұл ауданда жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолдары (тротуарлар) салынды. Және бұл ауданда жалпы ұзындығы  295 062 метр болатын 324 көше бар.

«Астана» сауда үйі

Ақтөбе қаласындағы «Астана» сауда орталығы — бүгінде халық көп баратын, сыртқы келбеті көз сүйсіндіретін ғимараттардың бірі. «Астана» сауда үйі қаланың ескі бөлігіндегі Орталық базардың қасында орналасқан. Бұл жерлерге күніне мыңдаған адам келеді. Қазір бұл сауда орнында ұялы телефон, ер және әйел адамдардың, балалардың киімдері, алтын бұйымдары, косметика және т.б. тауарлар сатылады. Соңғы жылдары бұл сауда үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталық таңғы 10.00-ден кешкі 18.30-ға дейін жұмыс істейді.

Ақтөбенің Елордаға тартуы

Бұған дейін елордамыздың көркеюіне біздің өңір де өз үлесін қосып, бас қалада жаңа нысандардың салынуына атсалысқан болатын. Мәселен, Астана қаласының 10 жылдық мерейтойында Ақтөбе облысы «Әлия» монументальды кешенін тарту етті. Отан үшін он тоғызында опат болған, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың еңселі ескерткіші бүгінде елордаға айрықша көрік беріп тұр. Сондай-ақ бас қаланың 20 жылдығында біздің өңір Астанаға «Бейбітшілік қабырғасы» монументін сыйға тартты. Монумент зәулім жапырақ тәріздес, бұл арқылы сәулетшілер сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды бейнелеген. Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі —  үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған.

 

Қобдадағы «Астана»

Қобда ауданы — облыстағы табиғи һәм тарихи құндылықтарының әлеуеті басым өңірлердің бірі. Талай қазақтың батырлары шыққан құтты мекен жылдан-жылға көркейіп, ауыл-аймақтарда жаңа әлеуметтік нысандар көбейіп келеді.

Еліміз тәуелсіздік алып, іргеміз бекіп, елорда Астана атанған тұста қобдалықтар аудан орталығындағы бас көшеге Астана атауын беру туралы шешім қабылдады. Бүгінде сәулетті, әсем ғимараттар бой тіктеген бұл көшеде жүзден астам тұрғын үй бар. Орталық көше бойында аудан әкімдігі, орталық стадион, спорт кешені, «Шәріп молда» мешіті, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, аудандық қазынашылық бөлімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, балалар кітапханасы, «Шұғыла» және «Нұрлы болашақ» балабақшалары орналасқан. Сондай-ақ бұл көшеде мейрамханалар мен ірі сауда орталықтары, дүкендер бар.

Жыл сайын осы көшеде елордамыздың туған күніне арналған мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Биыл бұл көшеге де Астана атауының берілгеніне 25 жыл толып отыр.

Айта кету керек, бүгінде аудандағы Жарық, Жарсай, Терісаққан ауылдарында да Астана деп аталатын көшелер бар.

Ақшидегі көше

Ырғыз селолық округіне қарасты Ақши ауылында да «Астананың 10 жылдығы» атты көше бар. Бұл көшенің бойында қаз-қатар тізілген 20-ға жуық үй орналасқан. Сонымен қатар

М.Төлегенов атындағы орта мектеп, стадион мен ауылдық амбулатория бар.

Бұл көшеге, өзі айтып тұрғандай, Астана қаласының 10 жылдығына орай осындай атау берілген.

— Бұл көше Ырғыз селолық округі әкімінің 2011 жылғы 1 сәуіріндегі шешіміне сәйкес елордамыз Астананың 10 жылдығы құрметіне аталған болатын. Жергілікті халықтың бастамасымен мәселе көтеріліп, қолға алынған еді. Бүгінде бұл көшеде он тоғыз түтін бар. Ауыл адамдарының көбі мал шаруашылығымен айналысады. Киелі Ақши атанып кеткен бұл мекен — Ырғыз өңіріндегі шағын ауылдардың бірі. Ақшиліктер жыл сайын осы көшені тазалап, көріктендіру жұмыстарын жүргізеді, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Әттиев.

Қарғалыда да көше бар

Қарғалы ауданының орталығы — Бадамша ауылында да Астана көшесі бар. Бұрын Дзержинский аталған бұл көше 2012 жылдан бері Астана деп аталып келеді.

Аудан орталығында бой көтерген коммуналдық тұрғын үйлердің барлығы осы көшеде орналасқан. Бұл көшенің жалпы ұзындығы — 937,17 метр. Көше жолдары бірнеше жыл бұрын қайта жаңартылып, асфальт төселді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button