Басты жаңалықтарДенсаулық

Балалар жарақаты: ата-ана жауапкершілігі неге төмен?

Күн сайын облыстық Ана мен баланы қорғау орталығының травматология және нейрохирургия бөлімшесіне түрлі дене жарақатын алған 60-80 науқас келеді екен. Балдырғандардың арасында әткеншектен, жасанды сырғанақтан құлағандар көп кездеседі. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасының салдарынан жарақаттанғандар да бар. От шарпып, күйік шалған, ыстық суға күйіп қалған балапандар да аз емес. Көп қабатты үйлердің терезесінен құлап кеткен сәбилер де азаймай тұр.
Ауруханада бес күнде кем дегенде 2-3 ота жасалады екен. Дәрігерлердің айтуынша, балалар жарақатының көп болуына тікелей ата-аналар кінәлі. Ата-аналардың жауапсыздығы, олар тарапынан бақылаудың болмауының салдарынан әсіресе 2-4 жастағы балақайлар көбірек зардап шегеді екен.
Біз кәсіби мерекелері қарсаңында облыстық ана мен баланы қорғау орталығының бас дәрігері Ербол Жапақовпен аурухананың тыныс-тірлігі туралы сөйлескен едік. Сонымен…

Қауіп қайдан демеңіз…
— Қазір жазғы каникул кезі ғой. Жылда бұл мезгілде ауруханаға шағымданып келушілер саны күрт көбейіп кетеді. Өйткені балалардың барлығы дерлік далада ойнайды. Әткеншек, жасанды сырғанақ, велосипедтен құлап, аяқ-қолын зақымдап, тіпті сындырып алатын балалар да бар. 2-4 жастағы балапандардың қимылы тез, шапшаң болады ғой. Қас қағым сәтте ыстық суға, шайға күйіп қалғандар да кездеседі. Ата-анасының алдында отырып, шайға күйіп қалған балалар бар. Сондай-ақ аналары шомылдыру үшін су дайындап жатқанда ыстық суға күйіп қалған балақайлар да кездеседі. Кейбір аналар жуындыратын ыдысқа алдымен ыстық су құяды, содан кейін барып салқын су әкеліп, араластырып жатады. Бұл — дұрыс емес. Көзді ашып-жұмғанша, шапшаң қимылдап, ыдыстағы, қаңқалы бассейндегі ыстық суға түсіп кетіп, күйіп қалған жағдайлар осы салғырттықтың салдарынан болып жатыр.
Жақында ғана денесінің 25-26 пайызын күйік шалған 4 жасар бала ауруханаға түсті. Қате аяқ астында. Ересектер аулада кәуап пісіріп жатқанда баланың киімін жалын шарпыған. Бала қазір жансақтау бөлімшесінде ем алып жатыр. Күні кеше ғана пышақталған бала жансақтау бөлімшесінен палатаға ауыстырылды. Ол бала дүкенге барғанда біреулер пышақтап кеткен. Сол себепті беймезгіл уақытта баланы дүкенге, далаға жібермеген дұрыс. Пышақталғандардың жасы — 14-15-те. Олардың арасында 17-дегі жасөспірімдер де кездеседі.
Көп қабатты тұрғын үйлердің терезесінен жазатайым құлап қалып жатқан балалардың да саны азаймай тұр. Бұл да ата-ана тарапынан бақылаудың кемшіндігінен болуда.
Балалардың биіктен құлау жағдайы тек қаңтар айында ғана тіркелген жоқ. Қалған айлардың бәрінде де биіктен құлап, періштесі қағып, тірі қалған сәбилер біраз тіркелді. Мысалы, ақпан айында Ақтөбе қаласында 3 оқиға болды. Наурыз айында 2 жағдай тіркелсе, сәуірде — 5, мамырда 6 бала жоғары қабаттан құлап қалды. Маусым айы басталғалы бері 11 жағдай тіркеліп отыр. Барлық науқасқа шұғыл түрде тиісті ем жүргігізілді, — дейді Ербол Жапақов.

Бір күнде 70-80 бала жарақаттанады

Бас дәрігердің айтуынша, жалпы күн сайын аурухананың травматология бөлімшесіне кем дегенде 60-70, кей күндері 80 науқасқа дейін келеді. Ауыртып алған денесін ұшықтап алып, жүре беретіндер қаншама?..
— Жарақаттанған науқастар, ең алдымен, травматология пунктінде тексеруден өткізіледі. Күнделікті күтімді, дәрігердің жіті бақылауын қажет ететін науқастар бөлімшеге жатқызылады. Қалғандарына да тиісті көмек көрсетіліп, амбулаторлық жағдайда емделуі үшін емханаға жіберіледі. Қазір травматология және нейрохирургия бөлімшесінде қол-аяғы сынған науқастар ем қабылдап жатыр. Әсіресе білектері сынғандар көп. Жарақаттың бұл түрі қай жыл мезгілінде де, тіпті қай айда да көп болады. Мысалы, қаңтарда — 468, ақпанда 517 науқас тіркелсе, сәуірде — 662, мамырда 735 баланың білегіне зақым келді. Бас жарақаты да көп. Сәуірде 420 баланың басына зақым келсе, мамырда бұл көрсеткіш 569-ға жетті, — дейді Ербол Серікұлы.
Бөлімшенің сыйымдылығы — 40 төсек. Күн сайын 4-5 науқасты үйге шығарғанмен, күн сайын олардың орнына одан да көп науқас түседі екен.
— Сөйтіп, дәл қазір бұл бөлімшеде науқастар өте көп. Бірінші тоқсанда түрлі жарақат алған жалпы саны 4130 бала аурухананың жарақат пунктіне келді. (Оның 652-сіне гипс салынды). Тұрмыстық жарақат алғандардың үлесі — 1987 бала, спорттық жарақат алғандар саны — 413 бала. Мамыр айының өзінде травматологиялық пунктте 2243 бала шағымданып келді. Оның 2080-і амбулаторлық жағдайда ем алды, — дейді Ербол Жапақов.

Орталық сапалы медициналық қызмет көрсетеді

50 жылдан астам тарихы бар Ана мен баланы қорғау орталығы бұрын облыстық балалар ауруханасы деп аталды. Осы жылдар ішінде аурухана ұжымы бірнеше ғимаратқа көшірілген. Ал қазіргі нысан 2011 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еңсе көтерді. Сыйымдылығы — 280 орын. Ғимараттың жалпы аумағы — 26 мың шаршы метр.
Аталған медицина мекемесі Ақтөбе қаласы мен 12 аудандағы балаларға қызмет көрсетеді. Мұнда балалар тегін ем алады.
Ана мен баланы қорғау орталығының материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Мысалы, 64 кесінді мультиспиральды компьютер томографы, 1,5 теслды МРТ құрылғысы бар. Сондай-ақ жасанды жолмен тыныс алдыратын аппарат, электронды таразы, ота үстелдері мен көпфункционалды монитор, электр стансасымен қамтылған. Бұл құрылғылар науқасқа дер кезінде тиімді ем беруге мүмкіндік береді. Мысалы, жарық сөніп қалғанда электр стансасы небары он секундта іске қосылады.
— Бізде 13 бөлімше жұмыс істейді. Қай бөлімшенің болсын көтерер жүгі ауыр. Бәрінде де жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетіледі. 1992 жылы ауруханада еліміз түгіл, ТМД елдері бойынша алғаш рет хирургиялық бөлім негізінде эндоскопиялық хирургия бөлімі ашылды. Мұнда көршілес өңірлерден келіп ем алушылар аз емес. Өйткені бұл мекемеде облысаралық неонаталды хирургия орталығы жұмыс істейді. Соның арқасында құрсақ қуысы және өкпе органдарының туабітті ақауы бар сәбилерге ота жасалған.
2016 жылы ауруханадан кардиохирургия орталығы ашылды. Мұнда біздің облыстың ғана емес, еліміздің батыс аймағындағы жүрек ақауы бар балаларға сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Бұдан 5 жыл бұрын балалар мен ересектердегі аллергияны емдейтін орталық ашылды, — дейді Ербол Жапақов.
Орталықта жалпы саны 899 адам еңбек етеді. Соның 194-і — дәрігер, 320-сы — медбике. Дәрігерлер шетелдерде біліктіліктерін жетілдіріп тұрады. Мұнда науқастарға 25 мамандық бойынша медициналық көмек көрсетіледі. Өз ісінің хас шеберлері — невролог, кардиолог, кардиохирург, гематолог, онколог, нейрохирург, травматолог, уролог, неонаталды хирург, эндокринолог, нефрологтар тұрғындар ықыласына бөленіп жүр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button