Экономика

Ақтөбенің экономикалық ахуалы: жергілікті өндірушілер мен шетелдік инвесторлардың халі нешік?

Кез келген мемлекеттің, соның ішінде облыстың негізгі тіні экономика екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан, экономиканың өсіміне айрықша мән беріп, ішкі жалпы өнімнің көлемін жыл сайын 5 пайызға арттыруды тапсырғаны белгілі. Бұл — Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса айтылған мәселелердің бірі.

Осы орайда облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасыбасшысының орынбасары Нұртуған Оралбаевпен сұхбат барысында жоғарыда аталған жұмыстардың өңірде қалай жүргізіліп жатқаны мен тартылған инвестицияның жай-жапсарын, биылдыққа іске қосылатын жаңашыл жобалар, жалпы Ақтөбенің экономикалық ахуалын білген едік.

— Ең алдымен Ақтөбенің былтырғы және биылғы инвестициялық көрсеткіштеріне тоқталсаңыз.

— Инвестиция тарту — облыстың табысты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі шарттарының бірі. Инвесторлардың да әуелі нарықтық жағдайға, жалпы ортаның қаржылық мүмкіндіктеріне баса мән беретіні сөзсіз. Сондықтан өз тарапымыздан оларға мейлінше қолайлы жағдай жасауға мүдделіміз.

Бүгінгі таңда Ақтөбе — жер көлемі, өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша еліміздегі ірі облыстардың қатарында. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, алыс-беріс, арадағы барыс-келіс те біршама. Бір ғана дерек,біз Қазақстанның 6 өңірімен, Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасымен шектесеміз. Осының барлығы инвестициялық мүмкіндігімізге оң әсер етеді. Біздің аймақтың әртүрлі минералды шикізатқа бай екендігі белгілі.

Бизнесте өзіндік жолын қалыптастырған азаматтармен байланысты нығайту үшін жылма-жыл жұмыстар жанданып келеді. Айталық, «Бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларға қызмет көрсету сапасы артты. Бұған мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар тартылған. Сондай-ақ жемқорлықтың алдын алу мақсатында арнайы жобалық кеңсе жұмыс істейді.

Соңғы мәліметтерді есепке алсақ, өңірдің инвестициялық ахуалы өте жақсы. Оны осы жылдың 4 айында негізгі капиталға түскен инвестицияның көлемінен-ақ аңғаруға болады: 193,2 миллиард теңге. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 11,4 пайызға өсім бар. Ал 2022 жылдың қорытындысына келсек, облысқа 959,1 миллиард теңге тартылды. Бұл, 2021 жылға қарағанда, 10 пайызға артық.

—Шетелдік инвесторлар тарапынан көбіне қандай талаптар қойылады?

— Олар ең бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардан қолдау күтеді. Соның ішінде жер учаскесін алу және инженерлік инфрақұрылымдарды тарту мәселелері бойынша жолығатындар көп.

Жалпы, құрылысы 2027 жылға дейін жоспарланған жалпыұлттық инвестициялық пул жобаларының аясында шетелдік инвесторлардың қатысуымен 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

—Ал сыртқы саудаға маманданған жергілікті өндірушілерге мемлекеттен қандай қолдау бар? Отандық өнімнің бәсі бәрібір жоғары ғой.

— Біздің басқарманың мұрындық болуымен сервистік қолдау мақсатында «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының мамандары жергілікті кәсіпорын өкілдеріне семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіп, өзге нарыққа шыққандардың шығынының бір бөлігін өтейді.

Бүгінгі таңда «KazakhExport»акционерлік қоғамынан Ақтөбедегі мына компаниялар сақтандыру қолдауын алды: «Green Capital Kazakhstan», «Ақтөбрентген», «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты», Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты, «АҚМЭЗ», «АкТеп», «Оптоград», «Омас Интегрейтед» және «Максимус». Сондай-ақ 2022 жылдың қорытындысы бойынша «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы мемлекеттік қолдау аясында «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты», «Агро Трейд ЛТД», «Вибромастер Қазақстан» және Оптоград серіктестіктерінің жалпы құны 104,8 миллион теңге шығынын өтеп берді.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе облысында барлығы 19 697 заңды тұлға тіркелген. Ал жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 79 035 (оның ішінде нақты жұмыс істейтіні — 74 851).

— Біздің өңір еліміз бойынша қандай тауар түрін шығарудан жетекші орынға ие?

— Облысымыз — өнеркәсібі дамыған өңірлердің бірі. Соған сай өндірілетін тауарлардың ішінде «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамның ферроқорытпасы, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының рельстері, Ақтөбе хром қосылыстары зауытының хром тұздары, «Ақтөберентген» серіктестігінің медициналық жабдықтары және бірнеше компания өндіретін хром кені мен концентраттарға сұраныс ерекше.  Бұлардың шығарылып, таралуы жөнінен Қазақстанда бізге тең келер өңірлер жоққа тән.

— Енді биыліске асырылатын инновациялық жобалар туралы білсек.

— Жыл соңына дейін құны 43,1 миллиард теңгенің 3 инновациялық жобасы іске қосылады деп жоспарланған. Атап айтсам, мобильді бұрғылау қондырғыларын шығаратын зауыт («Қазақстандық мұнай қондырғылары зауыты» ЖШС), қалдықтарды қайта өңдеуге маманданған фабрика («Eurasian recources group»  компаниясы) және мұнай-химия реагенттерін өндіретін зауыт («Мұнайхим ЛТД» ЖШС).

— Жаңашыл жобалардың қатарына кіретін Ақтөбедегіжел электр станцияларына ойыссақ. Электр энергиясын өндіретін бұл кешендердің қандай пайдасы бар?

— Бүгінге дейін Ақтөбе облысында жаңартылатын энергия көздері саласы бойынша 2 жоба іске асырылды. 2019 жылы номиналды қуаты 48 мегаватт болатын Қарғалы ауданындағы «Arm Wind» серіктестігінің (Бадамша-1) жел электр станциясы пайдалануға берілсе, былтыр наурыз айында номиналды қуаты тап сондай екінші станция жұмыс істей бастады. Бұдан басқа, ERG тобының кәсіпорындарын декарбонизациялау бағдарламасы аясында қуаты 155 мегаватқа дейінгі станцияны 2025 жылға дейін Хромтау ауданында салу жоспарда бар.

Жоспарға сай, әр станция сағатына 198 гигаватт электр энергиясымен қамтиды.  Бұның қоршаған ортаға зияны да анағұрлым аз.

— Жыл сайын Ақтөбеде халықаралық инвестициялық форумды да өткізу дәстүрге айналды. Оның нақты игіліктері, келісілген меморандумдардың шарапаты бар ма?

— Иә, былтыр оны жыл соңында Астана қаласында да өткіздік.

Осымен 7-рет ұйымдастырылған шараның мақсаты — облыстың инвестициялық әлеуетін таныстыру, инвестициялық имиджді ілгерілету, сондай-ақ өңірдің экономикасына отандық және шетелдік инвестицияларды тарту.

Әрине, пайдасы бар. Мысалы, соңғы форумның қорытындысы бойынша 3инвестициялық жоба аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнымен бірге «Ақтөбестил» серіктестігінің теміржол дөңгелектерін өндіру зауытына индустриалды аймақ аумағынан жер учаскесі берілгелі жатыр.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button