Экономика

Индустрияландыру картасындағы біздің үлес

Еліміздегі өнеркәсіптік саясатты, жалпы отандық өнімді дамыту мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұйытқы болуымен Бірыңғай индустрияландыру картасының бекітілгені белгілі. Қазіргі таңда аталған жобаға біздің өңірден 11 компания мүшелікке енген.

Өткен жылдың күз мезгілінде қолға алынған жобаның негізгі шартына сәйкес ел экономикасының басым салаларында — пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу өнеркәсібі, су, электр энергиясы, газ және бумен қамтамасыз ету, қалдықтарды жинау, кәдеге жаратуға қатысты инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық беріледі.

Өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды енгізу қағидалары негізінде құжаттарды қабылдау жүргізілгенде, инвестициялық әлеуеті мол, болашағы зор жобаларға ерекше мән берілген. Тиісінше бұларға мемлекеттік қолдау шаралары жан-жақты көрсетіледі. Демеу жер учаскелерін бөлуден бастап, шетелдік нарықтарға сатуды ұйымдастыруға дейінгі жұмыстарды қамтиды.

— Бірыңғай индустрияландыру картасына Ақтөбе облысынан 11 компания еніп үлгерді. Атап айтсам:«Мұнайхим ЛТД» серіктестігінің «Ақтөбе қаласында мұнай-химия реагенттерін өндіру зауытын салу» жобасы, «Global Service Company XXI» компаниясының «Диализатор өндіретін зауытын салу» жобасы, Қазақстандық мұнай жабдықтары зауытының «Жылжымалы бұрғылау қондырғыларын өндіру зауытын салу» жобасы, «AqtobeCem» серіктестігінің «Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жылына өндірістік қуаты 1,2 миллион тонна цемент құрайтын зауыт салу» жобасы, «Ақтөбе Хюмик» серіктестігінің «Органикалық гуминді жер тынайтқышын шығарытын өндірісі» жобасы, «AltynEx Company» компаниясының «Юбилейное» кен орнында алтынды өндейтін фабрика және кеніш салу» жобасы, «АГНА+»  серіктестігінің «Жылына қуаты 1 миллион тонна кен құрайтын, құнды металдарды гравитация арқылы алу фабрикасын салу» жобасы, «QazProm Nicel» компаниясының «Никель-кобальт кендерін өңдеу зауытын салу» жобасы, «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының «Ферросиликомарганец өндіруге, сондай-ақ феррониобий, ферромолибден, зергерлік бұйымдар, тазартылған мыстан жасалған шыбықтар мен профильдер өндіруге арналған қалдықтар мен кендерді қайта өңдеу кешені» жобасы, «SUNRISE MINING» кәсіпорнының «Ақтөбе облысының Кемпірсай алаңындағы никель кенін өңдеу және байыту және никель-кобальт сульфатын өндіру зауытын салу» жобасы және «Зерде-Керамика Ақтөбе» серіктестігінің «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС керамогранит және керамикалық тақта өндіру зауытын жаңғырту» жобасы.

Әрине, бұл аз көрсеткіш емес. Дей тұрғанмен әлі де ниетті компанияларды картаға енгізуге дайын екенімізді айтқым келеді. Бірақ жоба шынымен жаңашыл, ерекше, қай жағынан да тиімді болуы керек. Өз кезегінде қосымша ынталандыру мақсатында мемлекет инвесторларға шикізат пен материалдар импортына кедендік баждар мен қосылған құн салығынан босату, мемлекеттік заттай гранттар, салықтар бойынша преференциялар, инвестициялық субсидиялар сияқты инвестициялық преференциялар береді. Бұның барлығы отандық өнімді ілгерілету үшін жасалып отыр, — дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Манас Сарбопин.

Сала мамандарының айтуынша, бұл жобалар еліміздің экономикасына ғана емес, жаңа жұмыс орындарының құрылуы арқылы қалың бұқараға да оң септігін тигізеді.

Өз бизнес-жобасын іске асырғысы келетін кәсіпкерлер облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына(байланыс телефоны: 8-7132-567374) жолыға алады.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button