Басты жаңалықтар

Ақтөбе облысында жастар арасындағы қылмыстың болдырмау мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

Жиынға мемлекеттік, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, аудан әкімдері қатысып, ойын-сауық орындарында жастар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.

Полиция департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан облыс аумағында тіркелген қылмыстардың 63,2%-ы 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтармен жасалған. Олардың басым көпшілігі жұмыссыздар, сондай-ақ әрбір бесінші жас мас күйінде құқық бұзушылыққа барады. Дегенмен, атап өтетін бір жайт, өткен жылдың бес айымен салыстырғанда жастар арасындағы қылмыс 18,6%-ға төмендеген.

Ойын-сауық орындарында 51 құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Бизнес иелері жанжалдардың көпшілігін жасыруға тырысады, төбелеске қатысқандарды көбінесе сыртқа шығарып жібереді, бұл оқиғалардың өршіп, арты қайғылы жағдайға әкелуіне соқтырады.

Облыс орталығындағы ойын-сауық орындарының жартысына жуығы қарапайым қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталмаған, басым бөлігінде лицензияланған күзет қызметі жоқ.

💬 «Кәсіп иелері демалыс орындарына келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмыстық әрекеттердің алдын-алуы тиіс. Бизнес объектілерді және оларға іргелес жатқан аумақтарды бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен жарақтандыру, алкогольді сатуға лицензиясыз жұмыс істейтін объектілерді анықтау жөніндегі жұмысты күшейту қажет», – деп Ералы Тоғжанов бірқатар ойын-сауық мекемелерінің иелеріне қоғамдық тәртіпті сақтау жауапкершілігі туралы ескертті.  

Облыс әкімі жастарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды.
Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері 7,7 мыңға жуық жас жұмысқа орналастырылған. 16-17 жас аралығындағы есепте тұрған бірнеше кәмелетке толмаған жастарды әлеуметтендіру мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағына тарту жоспарланған. Жастар мемлекеттік қолдаудың іске асырылып жатқан шаралары шеңберінде шағын кәсіпкерлікке де тартылатын болады.

💬 «Үстіміздегі жылы жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 2,5%-бен 2 млрд теңге бөлінді. Біз Ақтөбе қаласында жұмыс істейтін немесе өз кәсібін ашуды жоспарлап отырған жастардың жобаларын қолдаймыз. Ал ауыл жастары «Ауыл аманаты» жобасымен қамтылады»,деп атап өтті өңір басшысы.

Облыс әкімі құқық бұзушылықтардың алдын алу және жастарды, оның ішінде маргиналды жастарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды жұмыспен қамту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button