Құқық

Тәртіптік кеңес: 6 мәселе, 12 тәртіптік іс

Жұма күні өткен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында 6 мәселеге байланысты 12 тәртіптік іс қаралды.

Бірінші мәселе бойынша қаралған 4 тәртіптік істе «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның талаптары орындалмағаны талқыланды. Сондай-ақ «Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабы 1-тармағының 4 және 5- тармақшаларының талаптары  бұзылған.

Мысалы, Қарғалы аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Индира Сакауоваға қатысты тәртіптік істе бірнеше заң бұзушылық анықталды. Өткен жылы Қарғалы ауданы Бадамша ауылында орналасқан «Айгөлек» балабақшасының жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін (7 144,1 мың теңге) ашық  конкурс өткізілген. Аталған конкурсқа 5 әлеуметтік өнім беруші  («Қарғалы Строй Снаб», «Алихан Оил-3», «Кілт» ЖШС, «Симург-2006» ЖШС және «Байланыс-К» ЖШС ) қатысуға ниет білдірген. Комиссияның шешімімен «Қарғалы Строй Снаб» ЖШС жеңімпаз атанған. Қарғалы аудандық прокурорының көмекшісі Жансерік Өтеуовтің айтуынша, комиссия «Айгөлек» балабақшасының жылу жүйелерін жөндеуді біліктілік талаптары сәйкес келмейтін «Қарғалы Строй Снаб» ЖШС-на беруге шешім шығарған.

Комиссияның жіберген қателігі тек бұл ғана емес. Қарғалы аудандық білім бөлімі Петропавл орта мектебінің жылу қазандығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін (5 479,0 мың теңге) мемлекеттік сатып алу арқылы ашық конкурс өткізген. Бұл конкурсқа  қатысуға 2 әлеуметтік өнім беруші өтініш білдіріпті. Комиссия шешімімен, тағы да «Қарғалы Строй Снаб» ЖШС жеңімпаз атанған. Мұнда да «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның талаптары бұзылған.

Аталған заңның талаптары Пацаев орта мектебінің жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізу (1 943,2 мың теңге) үшін өткен ашық конкурста да бұзылғандығы анықталыпты.

Тексеру барысында, Қарғалы аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Индира Сакауова өз өкілеттіктерін пайдаланып, жоғарыда аталған деректер бойынша заңсыз артықшылықтар көрсетіп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабы 1-бөлігінің 4 және 5-тармақтарының талаптарын өрескел бұзған. Қаржыны мақсатсыз пайдалану дерегі анықталған жоқ. Басты қателік — құжаттары «Мелекеттік сатып алу туралы» Заң талаптарына сәйкес  келмейтін  мекемелер тендерді ұтып алған, — дейді Қарғалы аудандық прокурорының көмекшісі Жансерік Өтеуов.

Жиын барысында Тәртіптік кеңестің мүшесі, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы мемлекеттік сатып алуға байланысты өткізілетін конкурстар туралы  өз ойын білдірді:

Біз бұл жиынға тендер өткізуге байланысты құрылған комиссияның мүшелерін шақырып отырмыз. Бірақ, шын мәнінде, аудандарда өтетін тендерлерде кімнің жеңімпаз атанатынына комиссия мүшелерінің ықпалы жоқ. Мысалы, аудандық білім мекемелеріне қатысты өткізілетін ашық конкурстарда қай мекеменің тендерді ұтып алатындығын білім бөлімінің бастығы шешеді. Ал бастықтарының ұйғарымына комиссияның мүшелері   қарсы шықпасы анық. Меніңше, тендерді өткізудегі  заңбұзушылықтарда  комиссия мүшелерінің жазығы жоқ. Сондықтан, бұл мәселеде, алдымен,  комиссия төрағасын жазалау керек. Сосын тапсырыс берушіден жауап алу қажет. Бұдан былай тендер туралы мәселеге аудан әкімін де шақыру керек.

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе бойынша  Қарғалы аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Индира Сакауовамен бірге «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Балқия Кунакбаева, №2 Бадамша орта мектебінің директоры Гүлшат Мұхамбетжанова және Пацаев орта мектебінің директоры Нұркүн Мауленбердиналарға да қатысты тәртіптік іс қозғалып, Тәртіптік кеңестің шешімімен Индира Сакауоваға қатаң сөгіс, ал қалғандарына ескерту берілді.

Екінші мәселе бойынша Хромтау ауданы Көктау селолық округінің әкімі Б.Жұмағалиевке байланысты тәртіптік іс қаралды. Ауыл әкімі Б.Жұмағалиев «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның 7, 10, 15-баптарының талаптарын және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабының 1-тармағының 10-тармақшасының талаптарын бұзған. Тәртіптік кеңестің шешімімен Б.Жұмағалиевке ескерту берілді.

Күн тәртібінде қаралған үшінші мәселеде бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бас мамандары Талғат Искарин мен Қойбағар Насырға қатысты тәртіптік іс қаралды.  Тексеру барысында анықталғандай, «Қызылжар 2030» ЖШС-нің 130 жұмысшысына экологиялық қосымша үстемақылар толық төленбеген. Еңбек инспекторы Талғат Искариннің басты кінәсі — аталған мекемені тексеру барысында үстемақылардың төмен мөлшерде төленіп жатқандығын көрсетпеген. Ал еңбек инспекторы Қойбағар Насыр «ЛСО» ЖШС-де жүргізілген  жоспарлы тексерістің анықтамасында серіктестік жұмысшыларына сүт өнімдері берілмегендігін көрсетпей, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабы 1-тармағының 10-тармақшасының талаптарын бұзған. Жиын барысында Талғат Искарин мен Қойбағар Насыр өздерінің істерінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысып бақты. Дегенмен, тәртіптік кеңестің мүшелері олардың уәждерінің негізсіз екендіктерін айтып, бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысына Қойбағар Насырды қызметінен босату туралы ұсыныс берді. Ал Талғат Искаринге сөгіс берілді.

Төртінші мәселе бойынша мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Ережесінің талаптарын бұзғаны үшін Батыс өңіраралық темір жол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменінің бөлім бастығы А.Абрамов, облыстық автомобиль жолдары департаментінің бас маманы Л.Бисенова және Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы М. Сариналарға қатысты тәртіптік істер қаралып, оларға ескерту берілді.

Тәртіптік істері қаралған Байғанин аудандық білім бөлімінің бас маманы А.Әділханова мен Алға ауданы Тамды селолық округінің жетекші маманы А.Баймағамбетова Ар-намыс кодексінің 5-тармағының 6-тармақшасының талаптарын бұзған. Тәртіптік кеңестің шешімімен А.Әділхановаға ескерту, А.Баймағамбетоваға  қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button