Түйетөбедегі тағзым
31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Бұл жолы да Түйетөбе басына жиналған жұрт көп болды. Түйетөбе — қасіретті де киелі жер. Сталиндік зұлмат жылдарында жазықсыз жапа шеккендердің ұрпақтары жыл сайын дәл осы 31 мамыр күні тарихымыздағы ұмытылмас қасіреттің куәсіне айналған мекенге келіп, еске алу шарасын өткізеді. Ата-баба рухына тағзым етіп, Құран бағыштайды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер өкілдері, діни қызметкерлер, ардагерлер, қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарында қаза тапқандардың туған-туыстары, қала тұрғындары қатысты.
Өңір басшысы ХХ ғасырдың І жартысында қазақ халқы тоталитарлық режимнің барлық қасіретін бастан өткеріп, аштық пен қуғын-сүргінге ұшырағанын тілге тиек етті. Осы уақыт аралығында еліміз 2 миллионға жуық адамнан айырылды. Зиялы қауым жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Ақтөбе облысында 7 мыңға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның ішінде 1800-і ату жазасына кесілді. 90-жылдары «Түйетөбе» деген атауға ие болған шоқыдан адам сүйектері табылып, зерттеу жұмыстарының қорытындысында олар ату жазасына кесілген саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар екені дәлелденді. 1997 жылы 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш-обелиск орнатылды.
—
Біз сол зұлмат жылдары ұлтымыздың қаймағы — зиялы қауым өкілдерінен айырылдық, ал ол біздің ұлттық салт-дәстүрімізге, тілімізге, ділімізге әсер еткені белгілі.
Бүгінде тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы бірлік пен ынтымақтың арқасында тату, өркениетті қоғамға айналды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін саяси қуғын-сүргін жылдарында құрбан болғандарды тарих аренасында қалпына келтіре алдық. Сол себепті, еліміздің болашағы үшін өз өмірлерін құрбан еткендерді біз әр уақытта есте сақтауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды аяқтау мақсатында мемлекеттік комиссия құрылды, оның алдында барлық жазықсыз зардап шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл — мемлекеттің міндеті ғана емес, біздің ата-бабамыздың алдындағы борышымыз, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Бұдан кейін сөз алған еңбек ардагері Ақансері Ермағанбетов:
—
Біз саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына мәңгілік қарыздармыз. Жас ұрпақты өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімде тәрбиелеуіміз керек. Жастар өз тарихын ұмытпай, елдің тәуелсіздігін сақтау үшін барынша күш салуға тиіс. Бұл — біз үшін өте маңызды құндылық, — деді.
2020 жылдан бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс жасап жатыр. Аталған комиссия жұмысы 9 бағытты қамтиды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Маденнің айтуынша, облыста өткен ғасырдың 30-жылдарындағы зұлмат кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тағы 4 мың адам анықталып отыр.
—
Бұған дейінгі деректе қудалауға 7200 адамның ұшырағаны белгілі болған-ды. Бұл дерек 1937-1938 жылдарға қатысты. Тарихшылардың пікірінше, елімізде қуғын-сүргін 1920 жылдың ортасында басталып, Сталин қайтыс болғанша жалғасты.
Қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарға түрлі себеп бойынша айып тағылған. Соның бірі — сайлау құқығынан айыру. Байларды ел аумағынан жер аударуға қатысты деректер көп, — деді Асылбек Маден.
Жиын соңында қайтыс болғандардың рухына Құран бағышталып, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен еңбек ұжымдары атынан ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.