Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбелік баскетболшылардың  қарқыны мықты

Ақтөбеде соңғы жылдары баскетбол жақсы дамып келеді. Жергілікті баскетболшылар түрлі спорт додаларында облыс намысын қорғап, жетістіктерге жетіп жүр. Осы орайда «Ақтөбе» баскетбол клубының президентімен және ойыншыларымен тілдескен едік.

«Ақтөбе» кәсіби баскетбол клубы 2017 жылы құрылды. Аталған клубтың президенті Серік Қаздаевтың айтуынша, бұған дейін аймақта кәсіби тұрғыда ойнайтын баскетбол клубы болмаған. Алты жылдың ішінде аталған клуб Жоғары лигадан бастап Ұлттық лига ойындарына дейін қатыса алатындай дәрежеге жетті.

«Ақтөбе» кәсіби баскетбол клубының ерлер командасы қысқа мерзім ішінде Жоғары лиганың 2021, 2022 жылдардағы жүлдегері атанып, елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар жақында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанған «Ақтөбе» кәсіби клубының әйелдер командасының мүшелерін облыс әкімі Ералы Тоғжанов қабылдап, клуб мүшелерілеріне Алғыс хаттар мен сертификат табыстағаны белгілі.

Алдағы уақытта ерлер, әйелдер, жастар командасынан бөлек, балалар академиясын ашуды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі бюджеттен бөлінетін қаражатқа байланысты іске асырылады. Сонымен қатар «Ақтөбе» кәсіби баскетбол клубына қарасты 100-ден астам бала оқитын балаларға арналған жеке спорт мектебі бар. Әзірге балалар сол жерде жаттығып, жарыстарға дайындалып жүр.  

«Ақтөбе» кәсіби баскетбол клубы балалар арасында баскетбол спортын дамыту мақсатында 2 маусым күні Триатлон паркінде баскетболдан турнир өткізеді. Оған спортқа қызығушылығы бар балалар қатысады. Олар сол іс-шарада сүйікті спортшыларынан қолтаңба алып, естелікке суретке түсе алады. Балаларды қуанту мақсатында ұйымдастырылған турнирде қатысушыларға бағалы сыйлықтардан бөлек, 150 балмұздақ тарату ойымызда бар, — дейді Серік Қаздаев.

Серік Қаздаевтың айтуынша, жуырда Триатлон паркінде баскетбол алаңы ашылады. Ол жерде қала тұрғындары тек баскетбол ғана емес, құмдағы жағажай волейболын ойнай алады. Бұл спорттық алаңды ашуға демеушілердің қолдауымен 2 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Ақтөбедегі баскетбол клубының ерекшелігі — команданы КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстандағы бірінші және жалғыз әйел-бапкер Элен Шакирова жаттықтырады. Бас бапкер Олимпиада ойындарының чемпионы, бірнеше атақты клубтарда ойнаған. Ол«Үздік жаттықтырушы» атағын жеңіп алған бапкерлердің бірі. Осындай бапкерлеріміз команданы үлкен жетістіктерге жеткізеді деп ойлаймын, — дейді ол.

Сонымен қатар Серік Қаздаев аталған салада шешімін күткен мәселелер де бар екенін айтты.

Өкінішке қарай, Ақтөбеде баскетболшыларға арналған спорттық кешен жоқтың қасы. Клуб құрылғалы бері «Қоныс» спорт сарайын жалдауға мәжбүрміз. «Қоныс» спорт сарайы жекенің мүлкі болғандықтан, онда баскетболдан бөлек, шағын футбол клубтары да жаттығып, дайындықтарын өткізіп жатады. Одан бөлек осы спорт сарайында жиі өткізілетін концерттік іс-шаралар споршыларымыздың тиісті деңгейде дайындалуына кедергі жасайды. Сондықтан өңірімізде баскетболшылардың жаттығуына, спорттық турнирлер өткізуіне ыңғайлы заманауи құралдармен жабдықталған спорттық кешеннің ашылғанын қалаймыз. Мемлекеттік спорт аренасы болса, бұл спорт түріне қызығатын адамдар саны артар еді. Біздің клуб мемлекет тарапынан қаржыландырылады және бюджет тек бір жылға есептеледі. Біздің биылғы бюджет — 291 миллион теңге. Басқа командалармен салыстырғанда айтарлықтай аз. Бұл Ақтөбедегі үш команданы қаржыландыруға жетпейді, — дейді ол.

Ойыншылар не дейді?

Мерей УАПОВ,

баскетболдан жастар құрамасының ойыншысы:

Баскетболға қызығушылығым 11 жаста басталды. Ең алғаш Атырау командасының сапында өнер көрсеттім. 2013 жылы баскетболдан жасөспірімдер арасында чемпион атанып, Қазақстанның спорт шеберіне үміткер болдым. 2016 жылдан бастап Еуропа лигасына қатыса бастадым. U17 Әлем чемпионатында жастар арасында «Үздік ойыншы» номинациясына ие болдым. 2018 жылдан бері жастар командасының атынан сынға түсіп келемін. Асқан жылдамдықты, шыдамдылықты қажет ететін баскетбол ойыны денсаулыққа өте пайдалы. Мен бос уақытымды көбіне спорт залында өткіземін. Сондықтан жастарды спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.

Қайрат ӨТЕГЕН,

баскетболдан жастар құрамасының ойыншысы:

Мен баскетболмен 12 жасымнан бері айналысып келемін. Бапкерім Сергей Куленко менің шыңдалуыма сеп болды. Оның  жетекшілігімен Қазақстан кубогының 3-орын иегері атанып, спорт шеберлігіне үміткер болып отырмын. Баскетбол тек физиологиялық тұрғыда ғана емес, ойыңды да жаттықтырып, жүйелі жоспарлауға үйретеді. Себебі жаттығу барысында түрлі әдістерді пайдаланып, қарсыласқа тойтарыс берудің тәсілдерін ойластырамыз. Алға қойған мақсатқа жетуіміз үшін баскетбол клубындағы жастар командасы күн-түн демей бас қосып, достық мачтарын да ұйымдастырып тұрады.

Ұлпан КӨШМҰХАНОВА,

баскетболдан әйелдер құрамасының ойыншысы:  

— Мен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегімін. Спорт мектебіне барғанда мені баскетболды шебер ойнауға үйреткен ұстазым Ирина Бондаренкоға алғысым шексіз. 15 жасымнан бастап баскетболға деген қызығушылығым басталды. Алайда мен тым ұяң, жасқаншақ едім. Басқа спортшыларға қарағанда баяу қозғалатынмын. Соған қарамастан, жаттықтырушым менен мықты баскетболшы шығатыныма сенді. Ол тек спортқа баулып қана қоймай, жетістікке жетіп жүрген спортшылардың өмірін бізге өнеге ретінде айтып отыратын. Спорт болған соң кейде жеңіліс те, жеңіс те болып тұрады. Ең бастысы, осы спортпен айналысып жүріп, өзіме орта таптым. Командалық ойын әрдайым бізді жеңіске жетелейді. Өзара шешім қабылдап, жеңіске жеткенде, әрине, жаттықтырушыдан мақтау естіп,  қуанамыз. Спорттағы кәсіби мансабымды «Шымкент» баскетбол командасынан бастап, қазіргі уақытта «Ақтөбе» кәсіби баскетбол клубының атынан сынға түсіп жүрмін. Жуырда ғана Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанып, намысты қолдан бермедік.

 P.S. Облыс намысын қорғайтын баскетболшыларымыздың жетістіктерін түгендейтін болсақ, бір парақ жетпейді. Үлкен додаларда «Үздік ойыншы», «Үздік бапкер» атанып жүрген жерлестеріміздің алар асуы әлі алда. Бұл ретте баскетболшылар облысымызда үлкен сыйымдылықтағы спорт кешені салынса деген тілегін айтып қалды…

Мамыр айының 27-28 күндері «Қоныс» спорт сарайында алғаш рет ерлер арасында баскетболдан республикалық чемпионат өтеді. Оған жастар командасының ерлер құрамасы қатысады. Біздің спортшылар ақтөбеліктерді осы спорт додасын тамашалауға шақырып отыр.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button