Мәдениет

Бақыттың бірінші белесі

Өнер

Облыстық халық шығармашылығы орталығы жанындағы «Ер Едіге» жыр мектебінің жас жыршысы, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқушысы Бақыт Арыстанғалиеваның «Домбыраны қолға алып…» атты алғашқы есеп беру концерті өтті. Ұстазы — Нұрпейіс Әбілхасан.

Жас талаптың концерті өзі оқитын арнаулы орта оқу орнының концерт залында болды.  Кеш иесін қолдауға достары, ұстаздары, Шалқар ауданынан анасы келді.

Халық әндерін, терме-толғауларды, жырларды нақышына келтіре орындап, арасында өлең оқып, көрермендердің зор ықыласына бөленген Бақыттың концертінде достары да өнер көрсетті. 19 жастағы әншінің бірінші концерті аншлагпен өтті.

Биыл колледжді тәмамдайтын Бақыт— көптеген республикалық,облыстық  байқаулардың жеңімпазы. 2021 жылдан бері «Ер Едіге» жыр мектебінде жыршылық өнердің қыр-сырын үйреніп жүр. Жыр мектебіндегі жетекшісі —Әділбек Сарин.

— «Ер Едіге» жыр мектебіне жыр үйренемін деп келушілер көп. Бірақ біз қазақтың сөз қадірін түсінетін, домбыра тарта алатын, жалпы ұлттық өнерге бейімі бар ұл-қыздарға ерекше басымдық береміз. Бақыт — солардың бірі. Жыр мектебінен бөлек, музыкалық колледжде оқығасын жан-жақты, музыкалық сауаты жақсы жас өнерпаздың болашағынан зор үміт күтеміз. Бүгін алғашқы концертін өткізуінің өзі оның алғырлығын көрсетсе керек, — дейді облыстық халық шығармашылығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Айәли АЙБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button