Мәдениет

Ақтөбенің «Дауысы»

Байқау

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен екінші мәрте өткізілген «Дауыс» республикалық вокалистер байқауы қорытындыланды. Оған республиканың түкпір-түкпірінен келген 21 адам қатысты. 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы», Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі Марат Әйтімовтің шығармашылығы мен тәлім-тәрбиесін кеңінен насихаттау мақсатында республикалық «Дауыс» байқауының бірінші кезеңі онлайн форматта өткізіліп, үздіктер іріктелді. Байқаудың екінші кезеңінде  өнерпаздар қазақ, орыс және шетел композиторларының ариялары мен романстарын орындаудан сынға түсті.

—  Қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, дарынды орындаушыларды анықтау және ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған байқау тартысты өтті. Байқау талабы бойынша өнерпаздар Ахмет Жұбановтың, Ғазиза Жұбанованың, Қайырғали Қожанбаевтың шығармаларынан бөлек, шетелдік озық туындыларды орындады. Кіл мықтылар сынға түскен байқауды бағалау қиынға соқты. Осы сайыстың арқасында жас таланттардың өзара шығармашылық байланысы нығая түсері сөзсіз, — деді қазылар алқасының мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі Манзура Сапарова.

Қазылар алқасының шешімі бойынша байқаудың барлық қатысушысы арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

— Байқауда шетел композиторларынан бөлек, Естайдың әні «Хұсни-Хорланды» орындадым. Бұл іс-шараға жеңу үшін емес, талантымды шыңдау мақсатында қатыстым. Марат Әйтімовтің мерейтойына арнап шәкірттерінің қолдауымен әншінің репертуарынан құралған «Ризамын тағдырға» атты романстар жинағын шығарып, тарту еттік, — дейді байқаудың жүлдегері Ибраһим Амин.

Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша бас жүлдені ақтөбелік Әйгерім Аманжолова жеңіп алса, 1-орынды жамбылдық Дінмұхамед Көшкінбаев, өскемендік Мерей Қадырханов, 2-орынды ақтөбелік Ибраһим Амин, алматылық Аружан Алпысбаева, 3-орынды қарағандылық Валерий Селиванов, ақтөбелік Динара Таубекова, ақмолалық Қасым Ермек пен ақтөбелік Орысбай Диас иеленді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button