Экономика

Ақтөбе облысында 2023 жылы 848 шақырым автожол жөнделеді

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Аймақ географиялық орналасуы жағынан тоғыз жолдың торабында орналасқан, транзиттік әлеуеті жоғары. Дегенмен, бүгінгі таңда облыста автожолдардың сапасын жақсарту мәселесі өзекті болып отыр.

💬 «Негізінен, облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі – 72%. Биылғы жылы 50,5 млрд теңгеге 848 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдар жөнделіп, салынады. Нәтижесінде, жыл соңында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 78% болады»,- деп атап өтті спикер.

Ірі жобалар республикалық маңызы бар автожолдарда да іске асырылады. Ең маңыздысы биыл ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе-Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау басталады. Екіжолақты тас жол жөндеуден соң, төрт жолақ болып, кеңейтіледі. Бұл қажеттілік баяғыдан бар, өйткені бүгінде көлік ағынының қарқындылығы тәулігіне 12 мың автокөлікті құрайды, ал автожол тәулігіне 3 мыңға есептелген.

Сонымен қатар, ұзындығы 260 шақырым «Қандыағаш-Шалқар» автожолын жөндеу жұмыстары басталады. Қазіргі уақытта көлік ағыны көп жолдың жай-күйіне қатысты шағым жетерлік, өйткені жол төсемі шамамен 30 жыл бойы жөндеу көрмеген.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button