Жеңіс

Ел қорғаған Есқуат

Өткен ғасырдың қырықыншы жылдары оған дейін де сан түрлі қысталаңды бастан кешіріп келе жатқан қазақ халқына тағы бір салмағын түсірді. КСРО деп аталатын алып елді басып алу ниетімен басталған қанды соғыс әр азаматтың қолына қару алып, майданға аттануын қажет етті.

Байғанин ауданының Ебейті елді мекенінде 1919 жылы дүниеге келген Есқуат Төкешов те сол қатарда сапқа тұрды. 1942 жылы әскер қатарына шақырылған ол жауынгерлік дайындықтан өткен соң Мәскеуден 180 шақырым қашықтықтағы Тула қаласы маңында соғысқа кіреді. Жастайынанат үстінде өскен ауыл баласы өзінің сергектігімен, байқағыштығымен шалт қимылдап, майдан жағдайына тез бейімделеді.

Негізінде оның әке-шешесі «Құмкез» деп аталатын колхозда еңбек етеді. 1937 жылдың лаңы ауылда күнделікті тіршілігін ғана білетін әкесі Төкешті «халық жауы» деп ұстап әкетеді. Балаң Есқуат мектептен қуылады. Ол амалсыздан буыны қатпай еңбекке араласып, 1938 жылы Қарауылкелді МТС-нан тракторшы мамандығын игеріп шығады.

Жауынгер Есқуаттың соғысқа кірген тұсы майдандағы ең бір ауыз кезең еді. Нақ осы тұста екпінді неміс армиясының тегеурінді шабуылына тосқауыл қоюға ұмтылған кеңес жауынгерлері қатары айырықша сиреп-ақ қалды. Соған қарамастан, олар ерлік үлгісін көрсете білді. Осы қатарда алғы шептен табылған Есқуат Төкешов майдандағы жауынгерлік іс-қимылдары үшін «Қызыл жұлдыз», екінші және үшінші дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Фашистік Германия жеңіліс тапқаннан кейін Мәскеуде, Қызыл алаңда өткен салтанатты Жеңіс шеруіне Ленинград әскери округінің құрама полкінің сапында Есқуат Төкешов те қатысады.

Бұл кезде ол қызмет ететін әскери бөлім Қиыр Шығысқа қарай жолға шыққан еді. Олардың ізімен жүріп отырып, қаруластарымен Байкал көлі маңында табысқан ол милитаристік Жапонияның Квантун армиясымен шайқасқа қатысады, сөйтіп,Қытайдың бірнеше қалаларын азат етуге үлес қосады. Ол «Жапонияны жеңгені үшін» медалін кеудесіне тағады. Кейіннен оған екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріледі.

Байғанин ауданының құрметті азаматы, ұзақ жыл ел басқарған Бердіхан Кемешов былай деген-ді: «Мен Есқуат ағаны жақынырақ білген кезімді әлі ұмытпаймын. 1959 жылы алтыншы сыныпта оқитынмын. Ол кезде де жұпыны тірлік, елдің тұрмыс дәрежесі әлі көтеріліп кете қоймаған уақыт. Тоқал тамда бір пештің екі жағында екі үйдің отбасы тірлік етеді. Қыс айының бірінде сабақтан келсем, нағашы әжем Ақбала Қопадағы Есқуат ағаның үйіне қонаққа шақырып кеткенін айтып, менің бірге баратынымды білдірді. Содан жеңгеміз Жанбибі жайған мол дастарқаннан дәм таттық. Үлкен кісілер өткен-кеткенді әңгімелеп отырды. Сол үйдің үлкен баласы Бергенбай екеуміз қатар едік, арасында сабағымызды қарап, сонымен бірге әсерлі әңгімеге де құлақ түріп қоямыз. Есқуат ағаның байыпты сөздері менің санамда сол кезден бастап жатталып қалғандай еді».

Есқуат атаның соғыстан кейінгі бейбіт жылдардағы еңбегі ел есінде сақталып қалған. Ол ұзақ уақыт ауылда ферма меңгерушісі болады. Оның істі ұйымдастырудағы қабілеті, адамдарды жанын үйіре білуі, халыққа қапысыз қамқорлығы туралы әлі күнге дейін жиі айтылады.

Оның елге сыйлы болғандығының бір мысалы деуге болады, кезінде жоғарғы басшы органдар оның майдандағы ерлігін жоғары бағалап, ауданның бір шаруашылығын «Есқуат атындағы колхоз» деп атаған екен.

Байғанин өңірінде мал шаруашылығын дамытуда атақты Сам жайылымын игеру маңызды орын алады. «Қопа» колхозының малына сол шалғайдағы мекенде жайып, семірту шаруаларында Есқуат ата үнемі іс басында жүрген.

Ол Сарытоғай, Ащы ауылдық кеңестерінің төрағасы, үш колхоздың партия ұйымының хатшысы, колхоз басқармасы төрағасының орынбасары, ферма меңгерушісі қызметтерін бір-біріне жалғастыра атқарып, ел құрметі мен сеніміне ие болған.

Есқуат ата айтты дейтін әсерлі әңгімелер ел ішінде жиі кездеседі. Соның бірі мынадай.

Жыршылығы мен балуандығы көп жерге мәлім Байсеңгірмен ол жас кезінен көп жолдас болған екен. Бірде Байғанин ауданында қой тұқымын асылдандырамыз деген науқан тұсында екеуі сонау Маңғыстау өңірінен — Форт-Шевченкодан —бірнеше мәрте саулық қой айдап келеді. Жол шалғай, малды қатты айдауға болмайды. Жаздыгүні ауылдары — Қопаға сол жақтан шыққаннан ай-ай жарым уақытта жетеді екен. Ұзақ жолда ұры-қары кездеспей қоймайды. Көзді ала бере тоқты-торым болса да қағып кеткісі келетіндер болады. Сондайда қойшылар қалғи бастаса, Байсеңгір қолына домбырасын алып, зор дауысымен шырқап қоя береді екен.

Жанындағы жолсерігін аяған Есқуат кейде: «Бәйеке, көп жырладың, шаршайсың ғой» десе, «бұл құрғырды қайталап тұрмаса, кейінгіге қалмайды ғой» дейді екен жыршы. Сонда жол үсті болса да, жыршы «Едіге», «Қарасай-Қази», «Орақ- Мамай», «Қобыланды» секілді батырлық  дастандар мен Абыл, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Аралбай, Әбубәкір, Сүгір сынды сөз сүлейлерінің насихат сөздері мен жыр-термелерін жүйдермелетіп айта береді екен.

Осындай сапарлары, Байсеңгір жыршы жөнінде Есқуаттың әңгімелері бүгінгі ұрпаққа да жетті.

…Мен Есқуат ақсақалды сексеннің үстіне молынан шыққан кезінде көргенім бар-ды. Хромтау жағынан іссапардан келе жатып, жол үстіндегі Шилісай деп аталатын елді мекендегі түйе ұстап отырған байғаниндік Оразбай Ілесов ағаның шаңырағына соқтық. Ары-бері өткенде ол кісіге сәлем беріп, әңгімелесіп, шұбат ауыз тиіп кететінбіз. Осы жолы үй төрінде бірнеше кісі отыр екен. Солардың арасында ақ сақалды, ықшам денелі, бет пішімі ерекшелеу көрінген қарияға назарымыз ауды. Сол адам Есқуат ата екен. Шамалы отырып сұхбаттасқан соң дастарқан батасын берді.

Өмірдің талай сынынан өтіп, қайраты барда көпке қамқорлық көрсеткен, елге тұтқа болған асыл сүйекті қарт сексен сегіз жас ғұмыр кешіп, дүниеден өтті.

Биылғы Жеңіс күні жақындаған сәтте жастық шағында қолына қару ұстап, ел қорғаған, от пен оқ ортасында жүрген сол адам ойымызға қайта оралды. Бұған бір жағынан мамыр мерекесі қарсаңында жауынгердің ұлы, бүгінде өзі де жетпістің қақ ортасына келген Бергенбай ағамен кездесіп қалғанымыз да да әсерін тигізген болар.

Иә, ел қорғауға үлес қосқан ерлер есімі ұмытылмайды!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button