Жеңіс

Он сегізінде от кешкен…

Елімізге қасірет әкелген қанды соғыс тауқыметін ұмыттық па? Рас, майдан өтінде жүріп қолына қару ұстаған ата-әкелеріміздің көзі тірі қалғандары қазір саусақпен санарлық күйге жетті. Алайда тарихты таңбалап көрсететін кинофильмдер, әдебиеттер, деректі туындылар сол бір отты күндер оқиғасын көз алдымызға әкеледі. Сонда барып әкелеріміздің сұрапыл кезеңді қалайша бастан өткергенін сезінгендей боламыз. Ойласақ, жүрегіміз тітіркенеді.
Он сегіз жасында қолына қару ұстап, ел қорғауға аттанған сондай батыр аталарымыздың бірі — Жиенбай Мәтенұлы. Ол 1924 жылы 11 ауылдық кеңеске қарасты 8 март колхозында туып-өскен. Осы ауылда бастауыш мектепте оқып, төрт кластық білім алған.
1942 жылы армия қатарына шақырылып, наурыз айынан бастап 150-атқыштар бригадасы құрамында жауға қарсы шайқасқан. Содан тамыз айына дейін талай операцияларға қатысып, жаудың бетін қайтару жолындағы шайқастардың бел ортасында жүреді. Бұл — неміс фашистерінің күшіне мініп, ілгері қарай өршеленіп тұрған қаһарлы кезеңі еді. Алайда кеңестік жауынгерлер әр сүйем жер үшін күреседі. Сондай жан беріп, жан алған айқастардың бірінде Жиенбай ата ауыр жараланады. Бес ай бойы госпиталь төсегіне таңылады. Оның бойындағы Отан қорғауға деген ұмтылысы, қаныпезер жаудан кек алу жолындағы намысы қайтадан жауынгерлік сапқа тұрғызады. Сөйтіп, 1943 жылдың алғашқы күнін 108-айрықша атқыштар бригадасы құрамында қарсы алады. Кең далада еркін өскен қазақ баласы өзінің мергендігімен көзге түседі. Алайда жау жақтан мергенді де аңдушылар болады екен. Наурыз айында ауыр жарақаттанған ол 1944 жылдың шілде айына дейін госпитальда емделеді. Бұл кезде жаудың беті қайтып, кеңес әскерлері барлық майданда күш ала бастаған-ды.
Жігері жасымайтын жауынгер үшінші рет майдан даласына оралады. Бұл жолы 291-атқыштар бригадасы құрамында қолға қару алады. Тәжірибелі жауынгер қанды ұрыстарда талай ерлік үлгісін көрсетеді.
1945 жыл басталып, біздің жауынгерлердің жеңіске деген ұмтылыстары күшейген тұста шегіне-шегіне өз ұяларына жақындаған жаудың қарсылық әрекеттері де бірде асқындап, бірде бәсеңдеп тұрған кезде бораған оқ оның оң қолын иығынан жұлып әкетеді.
Ел қорғаған батыр ата елге 1946 жылы ғана оралады. Ауылға келген соң еңбекке араласып кетеді. 1946 жылдан 1974 жылға дейін, яғни отыз жылға жуық «Сарыбұлақ» совхозының 3, 4 фермаларын қамтитын поштаның меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1944 жылы Жоғарғы қолбасшының, яғни Сталиннің бұйрығымен жазбаша алғыс алғанын үнемі айтып отырады екен.
Майдангердің бұдан басқа да марапаттары аз емес. І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», Г.Жуков медалі, басқа да мерекелік марапаттары болған. Оған жеңіс жауынгері ретінде 1995 жылы «Таврия» машинасы беріліпті.
2000 жылы өмірден өткен ардагер Бағила, Мағрипа есімді өмірлік екі серігімен он бір бала тәрбиелеп өсірді. Қазір балалары Бибіталы, Жұмалы, Айтбай әке есімін ардақтап, оның ұрпақтарын жалғастыруда. Қыздары да бір-бір үй болып, тамырларын кеңге жаюда.
Жауынгердің келіні Мәдина Жақанқызы атасының ерлігі туралы балалары мен немерелеріне үнемі айтып отырады. Ал әрбір Жеңіс күні келген сайын дастарқанын жайып, аруаққа Құран бағыштайды ұрпақтары.

Аружан БАЙЖАН,
Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button