Жеңіс

Ұстаз-жауынгер ұлағаты

Қожас Қарабалиев Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келгенімен, өсіп-өркендеу, жетілу, азамат болып, елге қызмет ету жылдары Ойыл өңірінде қалыптасты. Ата-анасы ертерек, балалық шағында қайтыс болғаннан кейін ол туыстарымен бірге тұрып, кейін Ойылдағы балалар үйіне жіберіледі. Осында 1940 жылы орта мектепті бітіреді.

1940-1946 жылдары Кеңес армиясы қатарында қызмет еткен ол екінші дүниежүзілік соғыстағы шайқастарға белсене қатысады.

Ол өзінің жауынгерлік қызметін 1940 жылы Приморье өлкесінде бастаған. 1942 жылы Владимир әскери училищесін бітіріп, Кострома қаласында орналасқан әуе-десанттық арнайы жасақтың взвод командирі болып, елді жау бұғауынан босату үшін арнайы әскери операцияларға қатысады. Ол соғыстың соңғы жылдарынан бастап Румыния, Чехословакия, Венгрия, Австрия мемлекеттерінде бейбіт режимді қолдау мақсатындағы тапсырмаларды орындауға өз үлесін қосады. Осылайша соғысты 1945 жылы сәуір айының соңында — мамыр айы қарсаңында Будапешті азат етумен аяқтайды. Дунай өзені жағалауындағы Цитадель биіктігін алуда ауыр жараланып, ұзақ уақыт госпитальда емделеді.

Гвардия аға лейтенанты Қожас Бақиұлы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін ордендермен және медальдармен марапатталған.

Әскер қатарынан босатылғаннан кейін, яғни 1949 жылдан бастап 1972 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Ойыл ауданының орта мектептерінде дене тәрбиесі және тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Майдан өтінде шыңдалған ұстаз шәкірттерін қашанда адалдыққа, әділдікке баулыды. Олардың бойында Отанды сүю, патриотизм сезімдерін қалыптастыруға күш салды.

Қожас атаның зайыбы Сәуле Зұлқарнайқызы Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепті бітірген соң облыстық прокуратурада хатшы, ішкі істер бөлімінде аға архивариус, облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің нұсқаушысы қызметтерін атқарады. Кейін ұзақ жыл Ойыл ауданында тұтынушылар одағы саласында қызмет етеді. Ол елеулі еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен марапатталады.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында майдангердің туғанына 100 жыл толуына орай ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Ойыл ауданында майдангер Қожас Қарабалиевті еске алуға арналған волейбол жарысын өткізу көп жылдардан бері дәстүрге айналды. Оның жоғары деңгейде өтуіне аудандық әкімшілік, Ойыл аграрлық колледжі мен Қожас атаның ұлы, Ойыл ауданының құрметті азаматы, спорт ардагері Рақым Қарабалиев демеушілік көрсетіп келеді.

 Е.ХАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button