Жеңіс

Сарбаз тағдыры

Екінші дүниежүзілік соғысқа үш колхоздан бес жүзден астам майдангер аттанған. Бір ғана Байғанин ауданының Жаңатаң ауылының өзінен аттанған екі жүз жетпістей сарбаз алғы шепте қалған. Алпысқа жуығы ғана елге жеңіспен оралған. Сол қатарда майдангер Ишан Турлин де бар.

Ишан Турлин туып-өскен бүгінгі Қызылбұлақ ауылдық округі бұрын үшколхоздың есебінен құрылған.Бүгінде бұл ауылдық құрамына Кемерши, Бұлақтыкөл, Жаңатаң ауылдары кіреді.

Жаңатаңдықтардың көбісі Ишан ағаның туған жері Қаратас екендігін біле бермейді.Ол 1924 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Сол аштық жылдарындаәке-шешесі қолына түскен бір уыс бидайды өмірінің жалғасы болар ұрпағының аузын тосқан күйі дүниеден өткен. Бір әулеттен төрт бірдей жетім ұлды әкесінің інісі Сәтбай Баянқұлов дегенкісі қолына алып,  балаларды Жаңатаңдағы бастауыш мектепте, кейін Жем серіктестігіндегі орталау мектепте оқытады.

Ишан аға соғыстың алдында 7 сыныпты он жеті жасында бітіреді.1941-1942 жылдары бір шаңырақта өскен төрт жас жігіт армияға алынып, ажалдың оғы жауған Сталинград шайқасына тап болады. Соғыста бірнеше рет жарақат алып,

мүгедек деп танылып,1943 жылдың қақаған аязды желтоқсанында елге келеді.Қарсы алатын ет жақын туысы да болмайды.Соғысқа кеткен үш бауырынан хабар болмай, күйзелтеді.Елде кәрі құртаң шал-кемпірлер,жесір әйелдер,жетім балалар қалған.

Ол ауылға келіп, есепші болып жұмысқа орналасады. Ұстаздық қызмет те атқарады.Аудан басшылығы Ишан ағаның іскерлігін байқап, түрлі шаруалардың жауапкершілігін артады. Жеңістің туы желбіреп, соғыстан кейін ауыл-ел тірлігін қалпына келтіру жұмыстары басталып, еңбек майданына қызу араласқан Ишан ағамыз жиырма бір жасында бойжеткен кітапханашы Ықымашпен бас қосады.

Сарбазбен бірге замандас болған соғыс ардагері Мұрабай Кемер: «Біз Қопа колхозында бірге еңбек еттік, ұйымдастыру қабілеті жоғары, көпшілікпен тез тіл табыса алатынталапшыл маман еді», —  деген-ді.

1950 жылы уақыт талабына сай Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқуға түсіп,агроном болып шығады.Содан кейін тура он жыл Жданов атындағы колхозда басқарма, кейін Байғанин совхозы құрылғанда екінші бөлімше меңгерушісі болып қызмет етеді. 1975 жылы зейнетке шыққанша агроном болып жұмыс жасайды.Қай салада болмасын абыройлы еңбек атқарады. Ол кісімен қызметтес болған Темір Төлеуовтің айтуынша, Ишан ағамыз басқарған колхоз болсын, бөлімше болсын аудан бойынша алдыңғы қатардан көрінген. Оның кеудесіндегі жауынгерлік наградаларымен қатар, «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», тағы да басқа мерекелік медальдар соның айғағы болса керек.

Замандастарының айтуынша, мінезді адам болыпты. Ол кезде шаруашылықтың бүгінгідей техникасы жоқ.Қолда барда үйлестіріп еңбек етуге дағдыланған Ишан аға торы атын баптап шанаға жегіп,шаруасын істей беретін болған.

Сол замандағы колхозбасқармасының тұрмыс жағдайы да елдегі адамдардың тұрмысынан еш айырмашылығы болмаған. Ауылды қимай көшкен Ишекең екінші фирмада он екі жыл қызмет еткен.

Ел іші болғасынтүрлі адамдар да кездеседі. Ишан ағамыздың соңына шам алып түсіп, домалақ арыз жазғандар да болыпты. Оған мұрағаттағы құжаттарды ақтарып отырғанда көзім жетті. Алайда Ишан ағамыздың өзіне, кәсібіне адалдығының арқасында атына кір түспейді.

«Әкем өнегелі кісі еді. Қыста атқа жегетін кілеммен көмкерілген шанасы болатын. Зейнетке шыққан жылы соны жақсы көретін малшы маманына берді. «Ишеке, өзіңізге де керек болар», —  дегенде, «Сыйластығымыздың бір белгісі болсын,қабыл ал», —  деп құшақтасқан сәті әлі көз алдымда», — дейді балаларының үлкені Шәріп.Бейбіт өмірде балалы-шағалы болды. 1975 жылы Шәріп пен келіні Қалқадан немере көреді.Сонда:«Мен осыдан тура отыз жыл бұрын үйлендім. Және Жеңістің 30 жылдығына орай немересіне Отызбай деп ат қоямын», — деп немересінің есімін өзі қойған. Бүгінде үлкен ұлы Шәріп  Ақтөбе облыстық кірістер басқармасында қызметжасайды. Немерелері де әр салада абыройлы еңбек етуде.

Бір немересі Олжас — Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің оқытушысы, Әділ — Маңғыстау облысында еңбекпен қамту басқармасының басшысы, Әнуар «Ұлы қабырға» мұнай компаниясында жауапты қызмет атқарады.

Барлығы да атасының есімін құрмет тұтып, өнегесін айтып жүреді.

Ишан аға соғыстан оралмаған туыстарының аты өшпесін деп балаларына ағасы Адайдың тегін жаздырған.Бір әулеттен жалғыз қалған Ишанның тағдыры кейінгі ұрпағын толғандырары анық.Зұлмат жылдардың,соғыстың куәгері Ишан аға 1988 жылы 64 жасында дүниеден озды.Бірақ оның есімі ұрпағымен бірге жасай бермек.

Оның бейбіт уақыттағы еңбек майданындағы адал қызметін, кісілік келбетін замандастары ұмытпақ емес. Десек те оның көзін көргендер бұл күнде аз.Олар кездесе қалғанда Ишан Турлин жайлы әңгімені жыр қылып айтады.Ол Жаңатаңнан шыққан батыр барлаушы,«Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаевтың,«Даңқ» орденінің екі мәрте иегері Бөкен Бектұрғановтың, Катюша секілді қуатты қаруда командир болған Спан Айымбетовтің,неміс басқыншыларына қарсы күресте ерлік  көрсеткен Тотан Алманиязовтың бір жылғы түйдей құрдасы болатын…

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button