Жеңіс

Сағынышқа толы сарғайған хаттар

Жеңіс күні қарсаңында редакциямызға Ақтөбе қаласының тұрғыныМұқан Рахметов хабарласып, майдангер әкесін еске алып, естеліктерімен бөлісті.

— Біздің әулеттен соғысқа бес ер-азамат аттаныпты. Олар — әкем Ерғали және оның үш інісі Құтжан, Жұмағұл, Дауылбай, сосын 1944 жылы 18 жасында майданға аттанған біздің үйдің үлкені Мұқанбетжан. Құтжанның бомбалаушы ұшақты тізгіндегенін, Дауылбайдың танк басқарғанын хаттар мен құжаттардан білдік. Ал Жұмағұл мен Мұқанбетжан із-түзсіз кетті. Әкем Ерғали 1900 жылы дүниеге келген. 42 жасында соғысқа кеткен. Әкеміз майданға кеткенде біз үш ұл, үш қыз болып қалыппыз. Мен ол кезде бес жаста болыппын. Кейін есейдік, ержеттік. Темір ауданында тұрған кезімде ізденіп жүріп, әкемнің қайда жерленгенін таптым. Сөйтіп, 1985 жылы Белград облысы Шебекино ауданы Соловьев ауылына барып, әкем жерленген бауырластар зиратына барып келдім. Ол жердегі мемориалды кешенде 113 адамның аты жазылған. Оның 11-і — қазақ. Сол сапарымды қағазға түсіріп, он бір қазақтың есімін көрсетіп, «Мәдениет және тұрмыс» журналына жібергенмін. Мақала жарияланған соң, жан-жақтан әкесін, бауырын іздеген жандардан маған хаттар келді.Айтпақшы, кешен басында «гвардияның қатардағы жауынгері Ерғали Рахметов 1943 жылы 21 маусым күні жерленді» деген жазу бар. Сол тұсқа қалампыр гүлін қойып, марқұм әкемнің рухына тағзым еттім,  — дейді Мұқан Рахметов.Бүгінде жасы сексеннің алтауына шыққан Мұқан ақсақал редакциямызға жиенінен майдангер әкесінің соғыста жазған сырға толы сарғайған хаттарын беріп жіберіпті. Танысып шықтық, ішінде латын қаріптерімен де, кириллицамен де жазылған хаттар жүр. Бірінде елдің, балаларының амандығын сұраса, тағы бір хатта сағынышқа толы жырлары төгіліпті. Оқып отырып, жазуы анығырақ мына бір өлең жолдарына көзіміз түсті:

«Мәдина, жарым, жолдасым,

Көңілің алаң болмасын.

Амандық болса жеңіспен

Оралар бір күн барысың.

Тәрбия, Мәусім, Жамалым,

Амантай, Мұқан қарағым.

Сіздерді  ойлап әр күнде

Сағынып оттай жанамын.

Далаға шықсам базарым,

Үйге келсем, ажарым.

Мұқанбетжан шырағым,

Осыны саған жазамын.

Жігіт бол, жаным, ауылда,

Ел сүйер өткір, батыл-ды.

Жақсылап оқып бергейсің,

Жолдаған осы хатымды.

— Байқасаңыз, әкем хатты Мұқанбетжанға арнап жазған. Алайда ол өзінен соң, 1944 жылы майдан даласына тұңғыш баласының да аттанғанын білмей кетті өмірден, — дейді Мұқан ақсақал.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button