Мереке

Тілі де, тілегі де бір

Елімізде қазақ, орыс және өзбектен кейін санының көптігі жағынан төртінші тұрған ұлт — ұйғырлар.

Біздің өңірде ұйғыр халқының 150 өкілі тұрады. Олар Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени бірлестігінің облыстық филиалында бас біріктіріп отыр. Филиал жетекшісі Тилапжан Ибрагимов — ауыл шаруашылығы, соның ішінде ветеринария саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен, осы сала бойынша облыстағы белгілі, үздік мамандардың бірі.

Ол Ақтөбе жеріне 1980 жылы Алматыдағы малдәрігерлік институтын бітіріп, жас маман ретінде жолдамамен келген. Қобда ауданындағы Бесқұдық ауылы ол кезде Калиновка аталатын. Бұл ауылда қазір де әртүрлі ұлттың өкілдері тұрады. 300-дей шаңырағы бар елді мекен. Тилапжан жалғыз емес, қасында жас жары Гүлзаран бар еді. Ол да — Алматы шет тілдер институтын бітірген жас маман, ағылшын тілінің мұғалімі. Көпұлтты, бірақ ешкімді ұлтына қарап бөліп-жармайтын бауырмал ортаға алыстан келген жастар тез сіңісті.Үйренісіп кеткендері соншалық жоғары оқу орынының жолдамасында көрсетілген үш жыл мерзімді өтегеннен кейін де, кеңпейілді ортаны қимай, әзіргеқала тұруды жөн көріпті. Сол «әзірге» бүгінге дейін жалғасқан екен…

Кейіннен ұзақ жылдар бойы сол жердегі шаруашылықты басқарды, облыстық ветеринария басқармасында, қалалық ветеринария стансасында қызмет етіп, зейнетке шықты. Зайыбы Гүлзаранмен бірге Әзиз, Фариз және Наргиз есімді ұл-қыздар өсіріп, бүгінде сүйкімді немерелер сүйіп отыр.

Тилапжан Ибрагимов қазақ тілінде өз туған тіліндей сөйлейді.

Екі халықтың түбі бір туыстығы, ең алдымен, осы тілден білінеді. Екі тілдің бірін білген адамға екіншісін меңгеру қиынға соқпайды, — дейді ол.

Расына келгенде, зер салған адамға екі тілдің басты айырмашылығы, негізінен, шеттен енген сөздер мен олардың әртүрлі жазылып-айтылатындығында екенін түсіну оңай.

Қазақ пен ұйғыр — ежелден көршілес келе жатқан, талай қиындықтан бірге өткен халықтар. Еліміздегі ұйғырлар, негізінен, Алматы өңірінде шоғырланған. Алматыда ұйғыр театрының жұмыс істеп келе жатқанына келесі жылы 100 жыл толады. Театр белгілі композитор Құддыс Қожамияровтың есімін иемденген. Ал репертуарында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қуандық Шаңғытбаев, Әбділдә Тәжібаев, т.б. қазақ қаламгерлерінің туындылары бойынша қойылған спектакльдер де аз емес. Елімізде ұйғыр тілінде «Ұйғыр авази» («Ұйғыр әуезі») газеті шығып келеді.

Біздің өңірде ұйғырлардың этномәдени орталығы 2007 жылы құрылған. Орталық мүшелері облыстың қоғамдық өміріне, түрлі мәдени шараларға белсене араласып келеді. Ақтөбедегі Достық үйіндегі музейде ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан асқабақ қабығынан жасалғантүрлі әсем бұйымдар, ыдыс-аяқтар сақтаулы.

Оларды Алматы жақтағы шеберлерге арнайы жасатып әкелдім. Мұндай бұйымдарды халқымыз мыңдаған жылдар бойы пайдаланып келеді, — дейді Тилапжан.

Мал баққан қазақ халқының теріден өңделіп жасалған бұйымдарды кең қолданғаны секілді, ежелден егін егіп, бақша салған ұйғыр халқы да сол бақшадан алған өнімнің қабығына дейін кәдеге жарата білген екен.

Орталық жанынан жастар мен балаларға ұйғыр тілін үйрететін арнайы мектеп ашылмаған, дегенмен балалар ұйғыр, қазақ тілдерін отбасы тәрбиесі арқылы кішкентайынан сіңіріп өседі. Ал көпшілік бас қосқан жиындарда ұйғырдың ұлттық тағамдары әзірленіп, ұлттық әндер шырқалады.

Әрине, қазір қонақ шақырғанда, тіпті бүкіл әулет болып бас қосқан жерде, қазақша ет асу да дәстүрге айналды. Қазақстанда тұратын ұйғырлар өз келешегінде осы елмен байланыстырады. Әрдайым еліміздің аспаны ашық, болашағы жарқын болсын! — дейді Тилапжан Ибрагимов.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button